Алаштың алты қанат ақ ордасы
Екі ғасырдан астам тарихы бар ежелгі Ақмешіт – Ұлы Жібек жолындағы басты тірек пункті, бірнеше тайпалық одақтар мен қағанаттар, хандық пен алып империялардың орны. Кеңес Үкіметі орнағаннан кейінгі астана болуы да – бай тарихының бір парағы.
Ақмешіт бекінісі шамамен 1817 жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы Ташкенттен, Бұхара мен Хиуадан Атбасар арқылы Батыс Сібірге, Торғай арқылы Троицкке, Орынбор губерниясына баратын керуен жолдарының қиылысына, тоғыз жолдың торабы тоғысқан жерге салынған.
Қоқан хандығы «Ақмешіт» бекінісін бірте-бірте сауда керуен жолдары үстіндегі аса ірі әскери нысанның біріне айналдырды, бұл жерден көпестердің керуендері бақыланды. Дереккөздер «Ақмешіт» бекінісінің 1817 жылы Сырдарияның сол жағалауына салынып, бір жылдан кейін оң жағалауына көшірілгенін көрсетіп отыр. Тура 2 ғасырдан соң, яғни 2017 жылы бекіністің орнындағы Қызылорда қаласы Сырдарияның сол жағалауына қарай ойыса бастады. Арада екі ғасыр өткен соң, яғни 2018 жылы Сырдарияның сол жағалауына қоныс тепкен жаңа қалаға алғашқы тұрғындар қоныстана бастады.
«Ақмешіт» бекінісін алуға келген генерал Бларамбергтің естеліктерінде бірталай дерек бар. Генерал «бекіністің биік те қалың қабырғаларын бұза алмағандықтан, 21 күн бойы бекіністің жан-жағын қоршаған орға дейін жер қаздық. Қабырғаларды миналап, гальваникалық батареяның көмегімен таңға жуықтағанда ғана жардық» деп жазыпты. Бұл бекініс қорғанысының мықтылығына дәлел бола алады.
Патша жарлығымен «Ақмешіт» бекінісін «Перовский форты» деп атады. Перовск форт болып қалыптасқан соң мұндағы ғимараттар ХІХ ғасырдағы Орынбордың сәулет үлгісімен, сол жақта пайдаланылған құрылыс материалдарымен салынды. Кейбір деректерге қарағанда, 1904 жылы Перовскіде мыңдаған ғимарат тізімделген. Бүгінде Қызылорданың екі ғасырдан астам тарихының куәсіндей ескі ғимараттар – бір-біріне жақын орналасқан, бірдей құрылыс материалынан, яғни күйдірілген қыштан салынған «Айтбай» мешіті, православ шіркеуі, солдаттар казармасы және қалалық училище.
ХХ ғасырдың басы, дәлірек айтқанда, 1901 жылы 21 сәуірінде Николай ІІ патша «Орынбор-Ташкент» теміржолын салудың жобасын бекітіп, қаражат бөлуге жарлық шығарады. Сол кезде пайдалануға берілген Қызылорда вокзалы қазір тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Тарихшылардың айтуынша, вокзал Екатерина патшайымның құрметіне салынған екен. «Перовск фортының 3 класты вокзалы» деген анықтамасы бар. Вокзалдан кейін Қызылорда локомотив депосы 1904 жылы салынды. Ресей қалаларынан келген мамандарға жағдай жасау үшін мектеп, дәріхана, тұрғын үйлер бой көтерді. Салынғанына ғасырдан асқан «Орынбор-Ташкент» теміржолы – қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Орталық Азия республикаларымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі желі.
1917 жылы 30 қазанда жұмысшы, солдат депутаттары кеңесі өкілдерінің ұйымдастыруымен Перовск еңбекшілері мен жергілікті гарнизон солдаттарының митингісі болып, онда Кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Сөйтіп Кеңес өкіметі Перовскіде орнады.
1920 жылғы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) Автономиясы Советтік Социалистік республикасы құрылғаннан кейін, Орынборда Кеңестердің төрт съезі өтті. Соңғысында астананы Орынбордан көшіру туралы ұсыныс айтылды.
Астана не себепті Ақмешітке көшті? С.Қожановтың «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген мақаласында «киіз үйдің ішінде орналасса да, астана қалың қазақтың ортасында болуы керек» дейді. Қаланың орналасқан орны экономикалық жағынан өте тиімді деген. «Тағы бір артықшылығы – табиғи байлық төркіндеріне таяу тұрғандығы» деп жазып, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетудегі мол мүмкіншілігін де атап көрсеткен. 1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдады.
1925 жылы сәуір айында Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен Үкімет мүшелері Ақмешітке келді. 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды.
Съезде екі мәселе қызу қолдау тапты. Олар – Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту, екіншісі және ең бастысы – бұған дейін ресми жазбаларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлт атауын қайта қарау. Бес күнге созылған съезд «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» болып ауыстырылсын, «Киргиз Республикасы» «Қазақ Республикасы», ал оның астанасы Ақмешіт Қызылорда болып аталсын» деген қаулы қабылдайды.
Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада ұлттық тарихымыздың тағдыршешті қадамы жасалған, Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі өткен ғимараттың үлгісімен музей салынып, оған «Қызылорда қаласы тарихының музейі» мен «Рухани жаңғыру» орталығы қоныс тепкен.
1938 жылы Қызылорда облысы құрылып, 1960-1970 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді-мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті. Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеп, көптеген мектеп жаңадан салынды. 1980-1990 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қаланың даму қарқынын бір мақаланың ауқымына сыйдыра алмайтынымыз анық. Қазір Қызылорда тарихи және мәдени бет-бейнесі айқындалған, қайталанбас ұлттық колориті бар заманауи қала ретінде қалыптасып келеді.
Кейде асау мінезімен арқырай, кейде момақан қалпына түсетін қасиетті Сырдария суындай сырғыған уақыт тезі мен сынының қилы-қилы кезеңдерінде аты мен атауы өзгергенмен, заты өзгермеген бір төбе ескерткіш бар. Ол – сіз бен біздің Қызылордамыз, алтын ордамыз, талбесігіміз. Сұлу Сырдың жағасында жарасым тауып, көз алдымызда күн сайын көркейіп келе жатқан Қызылорданың жаңа жылнамасын өзіміз жазып, әр тасын өзіміз қалап жатқанымыз – Тәуелсіздіктің арқасы, бүгінгі ұрпаққа ұсынған сыйы. Енді сол сый мен сыбаға кейінгі ұрпаққа бұйырғай.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,