Жыл соңында ауылдардың 93% интернетпен қамтылады
Цифрлық даму министрімен кездесу аясында қазақстандық мобильді байланыс операторларымен меморандумға қол қойылды
Бүгін "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобына кіретін "Кселл" АҚ мен"Мобайл телеком-сервис" ЖШС және "Кар-Тел" ЖШС ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін тұрғын саны 250 адамнан асатын ауылдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану туралы уағдаласты, деп хабарлайды Today.kz. Жоба Елбасының тапсырмасын іске асыру және Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етіледі.
"Біздің кездесулеріміз бен жүргізген талқылауларымыздың нәтижесінде осындай келісімге келгенімізге қуаныштымын. Жұмыс жоспары әкімдіктермен пысықталып, бекітілді, оған тұрғын саны 250 және одан көп 1000-нан астам ауыл еніп отыр. Еліміз үшінжобаның маңыздылығы зор. Бұл ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қатар, электрондық қызметтерді, қашықтан оқыту және т.б. пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Байланыс операторларының жобаны күш біріктіре отырып, жүзеге асыруға шешім қабылдағаны қуантады", - деді Асқар Жұмағалиев.
"Қазақтелеком" АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев бұл жобаны ұялы байланыс операторлары өз қаражаты есебінен іске асыратынын айтты.
"Бұл, шын мәнінде, ұялы операторлардың есебінен жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық жоба. Мобильді желілер құрылысына жұмсалатын барлық шығындардың 65%-ін "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобы көтереді", - деді Қуанышбек Есекеев
"Кселл" АҚ Басқарма Төрағасы және Бас атқарушы директоры Каспарс Кукелис жобаның әлеуметтік маңыздылығына назар аударды.
"Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту жобасықомақты инвестицияны қажет ететіндігіне қарамастан, бұл ауқымды әлеуметтік жоба.Желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану операторларға шығындарды азайтумен қатар, ең бастысы, ауылды қысқа мерзімде интернетпен қамтамасыз етуге қажет синергияны құрайды", - деді Каспарс Кукелис.
"Altel елдегі алғашқы ұялы байланыс операторы және әрдайым мобильді интернетпмен қамту және дамыту авангардында болды. Бұл жобаны нарықтағы әріптестермен бірлесіп іске асыру қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді және жалпы біздің елімізде экономиканың даму драйвері болады", - деп атап өтті "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС Бас директоры Роман Володин.
"Beeline Қазақстан" Бас атқарушы директоры Евгений Настрадиннің айтуынша, ауылдарға сапалы интернетті ұсыну жөніндегі жоба компанияның жоспарымен 100% сәйкес келеді және елді цифрландыруға қосқан үлесі болады.
"Beeline-абоненттер саны бойынша нарық көшбасшысы. Және біз ең алдымен, клиенттеріміздің жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануын қалаймыз. Меморандум бұл міндетті қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді Евгений Настрадин.
Айта кетейік, жоба телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылдың соңына дейін ауылдардың 93%-і кең жолақты интернетпен қамтылады.