Аида Балаева: Отбасы институтының нығайып келе жатқаны қуантады

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтаған ведомство басшысының айтуынша, елімізде отбасы құндылығы артып келеді.
Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, адамға мінез-құлық пен болмыс қалыптастыратын әрі өмірге мән беретін күш. Қоғамның болашағы да, елдің келісім мен өркендеуге жетер жолы да берік отбасыларға байланысты. Халқымыз тегіннен-тегін: «Отан – отбасынан басталады» демеген.Қазақстанда ажырасу көрсеткіші төмендеген, деп хабарлайды BAQ.KZ. Балаларға қамқорлық, үлкендерге құрмет, дәстүр мен рухани құндылықтардың сабақтастығы халқымызды біртұтас әрі қуатты етеді, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Балаева Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Берік отбасы – елдің үйлесімді әрі тұрақты дамуының сенімді кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен балаға қамқорлық жасау жүйесін жетілдіруге, отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге айрықша назар аударады» деген сөзін мысалға келтірді.
Елімізде отбасы институтының нығайып келе жатқаны қуантады. Социологиялық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін (85–89%) басты құндылық – ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы өзара сүйіспеншілік, сыйластық пен түсіністік. Дәл осы құндылықтар мықты әрі берекелі отбасының негізін қалайды. Ажырасулардың азаю үрдісі байқалуда. Соңғы бес жылда олардың саны шамамен 16%-ға төмендеді (2020 жылы – 48,2 мыңнан, 2024 жылы – 40,5 мыңға дейін). Бұл ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің артып, отбасын сақтап қалуға ұмтылысын айғақтайды, - деді ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, 2019 жылдан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарда «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба ажырасу үдерісінде туындайтын дауларды шешуге бағытталған. Оның аясында психологтар, заңгерлер, медиаторлар және әлеуметтік қызметкерлер кеңес береді. 2024 жылы істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталды (2023 жылы – 33,1%), бұл жобаның тиімділігін көрсетеді.
Неке құрғалы жатқан жұптарға арналған қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған оқыту бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, ата-ана жауапкершілігін арттырып, бала тәрбиесіне саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен «Ата-аналар академиясы» жобасының маңызы зор. Азаматтарды қолдауға отбасы қолдау орталықтары (ОҚО) да елеулі үлес қосып отыр. Бүгінде елімізде 131 орталық жұмыс істейді. Олар мыңдаған отбасының сүйенішіне айналған. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам азамат ОҚО-ға жүгінді. Ең өзекті мәселелер бойынша 15 мыңнан астам кеңес берілді, тағы шамамен 4 мың адам кешенді қолдауға алынды. Қадірлі достар! Әр шаңырақта бейбітшілік, сүйіспеншілік пен келісім орнасын! Сіздердің отбасыларыңызға бақыт, денсаулық пен береке тілеймін. Ал өсіп келе жатқан ұрпақ қамқорлық пен өзара құрметке толы ортада бой түзесін, - деп түйіндеді Аида Балаева.
Фото: Ашық дереккөзден