Көрнекілікті кәсіпке айналдырған ару

Алтынзер Еркінқызы – Ақжарма ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын Қостанай қаласында оқып, биотехнология мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Одан кейін Қызылорда қаласында Қорқыт ата университетін химия-биология мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде бұл мамандықтар бойынша жұмыс жасамай, кәсіпкерлікке ден қойған.
Өзінің кәсіпкерлігін 2022 жылы бастаған. Алғашқыда үйден өзінің қолда бар затымен, сонымен қатар ұялы телефон, ноутбук және шағын принтер арқылы табыс тауып бастаған. Одан әрі кәсіпкерлігін заңдастырып, «Алтынзер» кәсібі ауыл арасында кеңінен қолданыс тапты.
– Бастапқы жылдары қолымдағы телефон арқылы электронды шақырту істеп, ноутбук пен принтер арқылы мектептегі мұғалімдердің тапсырысымен сабаққа көрнекілік шығарып беретін едім. Ауыл тұрғындары табан астында қағаз шығару керек болса маған келеді. Осылай бірте-бірте сұраныс арта бастады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен кәсібім кеңіп, қағаз шығаратын аппараттар алдым. Бүгінде адресат, қағаз шығару, құжатты сканерден өткізу, көшірме жасау, түрлі диплом, мадақтама жасау, сабаққа, балабақшаға көрнекілік, арнайы блокнотқа есім жазу, 3*4 сурет шығару, той-жиынға тойтабақ әзірлеу, видеошақыру, ламинаттау, тойға көрнекілік, киімге сурет немесе сөз жазу сияқты бірқатар қызметтерді атқарамын, – дейді жас кәсіпкер.
Бұл кәсіптің жан-жақтылығы бір жағынан адамның қызығушылығын арттыратыны анық. Түрлі-түсті баспа жұмысы және басқа да қызметтері де ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Мерекелік кеш пен той-жиында тойтабақ әсемділіктің айнасы болары сөзсіз. Оны ерекше әрі сапалы жасау да Алтынзердің қолынан келеді. Сондай-ақ электронды видеошақыру, фотошақырулар қазіргі таңда сұраныста. Бұл қызметте ерекше әрі адамдардың есте қаларлық сәтін әдемі етіп жеткізе білу де өнер. Бұндай түрлі бағыттағы қызметтерді бір арнаға тоғыстыру және уақытында әрі сапалы орындау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
Жас кәсіпкер бизнесін кеңейту мақсатында биыл «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, төмен пайызбен бизнесіне қолдау алған болатын. Оған түрлі аппараттар мен жабдықтар алғанын да кәсіп иесі атап өтті.
Ал Ақжарма ауылының әкімдігінің қолдауымен ауылдың орталығынан инвесторларды тарту арқылы кәсіпкерлік нысан бой көтерілетінін, сондай-ақ алдағы уақытта ауылдағы жас кәсіпкерлерді бір нысанға орналастырып, кәсібін дамытуға әрі қолдауға барынша атсалысатынын ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов айтып өткен болатын. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Сонымен қатар жастарды қолдаудың айқын көрінісі.
Көрнекілікті кәсіпке айналдырған Алтынзер Еркінқызы 1 қыз, 1 ұлдың анасы. Арқа сүйер азаматы Рамазан Сұлтанбекұлымен 2020 жылы шаңырақ көтерген. Отбасында үлгілі келін, аяулы жар, құшағы кең ана болса, кәсібінде ұқыптылық пен жауапкершіліктің иесі. Әр қызметті алдын ала тапсырыс қабылдап жасаса, алдағы уақытта бизнесін бұдан әрі кеңейтіп, бильборд шығаратын аппарат алу ойында бар.
Г.ТАБЫНБАЙ