Жастар жетістігі – жаңашылдыққа

Бүгінде аудан бойынша тұрғындардың 30 пайызын жас буын өкілдері құрайды. Сырдариялық жастар барлық бастаманың басы-қасынан табылады. Олар мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт және басқа салаларда үлкен жетістіктерге жетуде. Аудан жастарының басын біріктіріп, жүйелі жұмыстарды атқарып жүрген жастар ресурстық орталығының жұмыс қарқыны бір сәт бәсеңдеген емес.
– Жастарды қоғаммен тығыз байланыстыруда аудан әкімдігінің, қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен жастар ресурстық орталығы түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, түрлі бағытта жұмыс істейді. Аудандық жастар ресурстық орталығы негізінен 8 бағыт бойынша өз жұмысын атқарады. «ЕркеZHAN» қыздар клубы, «Сырдария жастары» еріктілер ұйымы, «Әкелер» мектебі, жастар бригадасы, Сырдария «Жайдарманлигасы», «Кітап оқиық» кітап клубы, жас сарбаздар клубы, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру бағыттары бар. Сонымен қатар «Кешкі вайб», «Таныс бол» айдарлары көпшілік көңілінен шығуда. Онда ауданымыздың намысын қорғап, атын шығарып жүрген жастарымызды кейінгі буынға үлгі етіп, жеңіске жету жолын үлгі етуді мақсат етеміз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде, акциялар, кездесулер, түсіндірме жұмыстарын атап өтуге болады. Сондай-ақ пробация есебінде тұрған жастар бар. Олар назардан тыс қалмайды. Әр ай сайын кездесулер ұйымдастырылып, арнайы іс-шаралар да жүзеге асырылады, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айгүл Ахметова.
Жастардың тағы бір атқаратын маңызды жұмысы «Жасыл ел» жалпы ұлттық жобасы аясында көрініс береді. Биыл да маусым айынан тамызға дейін жалғасқан қоғамдық жұмыстарда аудан бойынша жүзге жуық оқушы-студенттер мен жұмыссыз жастар қамтылды. Жастарды еңбекке, адал қызметке, туған жерді аялауға үйрететін жоба аясында жас буын бірлесе еңбек етуде.
– Жалпыұлттық жоба 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Яғни биыл игі бастаманың бастау алғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қаншама жас еңбек етіп, жұмыстың қыр-сырын үйренді. Бұл жастар арасындағы әлеуеттендіру бағытындағы ең маңызды бағдарламалардың бірі. «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, сондай-ақ ортақ идеялар төңірегін топтастыруда. Жаңа дос табудың, еңбекпен тапқан нанның тәтті екендігін ұғындыратын орта деуге негіз бар. «Жасылелдіктер» сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруындағы іс-шараларға, жобаларға ұдайы қолдау көрсетіп, белсене қатысып келеді, – дейді еңбек жасағының аудандағы жетекшісі Нұржан Сейтжан.
Сонымен қатар аудан жастары еріктілер қатарын толықтырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүргенін де айтып өту орынды. Елдегі қандай жағдай болса да, жастар өз үлестерін қосудан аянып қалған емес. Су тасқыны, пандемия сияқты ауқымды апаттар аясында да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Биыл жастар күні онкүндік аясында өтіп, аудан жастары ардагерлерге көмек қолын созды. Ауылдық округтерде еріктілер штабтары құрылып, жақсы бастаманы жалғастыруда.
Ал жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше ауылда жастар бригадасы құрылып, бірнеше жылдан бері қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.
– Жастар бригадасының саны жыл сайын артып келеді. Бұл өте жақсы бастама. Аудан әкімінің қолдауымен Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Шіркейлі ауылдық округтерінде жастар маусымдық жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ Бесарық, А.Тоқмағамбетов ауылдарында жастардан құрылған бригада белгіленген көлемдегі жерге картоп, бау-бақша дақылдарын егіп, еңбек даласының көркін қыздыруда. Биыл бес гектар жерге дақыл ектік. Тамыз айының басынан бастап өнімге ауыз тиді. Алдағы уақытта мол өнім алып, үміт ақталады деп ойлаймыз, – дейді Аманкелді ауылындағы жастар бригадасының жетекшісі Бексұлтан Серікбаев.

Бұдан бөлек жастардың ел игілігі үшін, оның ішінде облыс, аудан мерейін асыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстары баршылық. Аудан жастары қоғам өмірінде әркез белсенділік танытып, түрлі игі істің басы-қасынан табылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастары туралы «Тәуелсіздік ұрпақтары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Олар өнерде, спортта, ғылымда және бизнесте зор табысқа жетуде. Біз жастарымыздың осындай мықты, адал азамат болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін» деп үлкен үміт артқан еді. 12 тамыз – халықаралық жастар күні қарсаңында аудан жастарының жұмысын ақпараттандырып, сөз еттік. Қазіргі таңда жастар саясатына аса мән беріліп келеді. Жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ