Домбыра дастан

Күмбірлеткен күйімен,
Шымырлатып денені
Өнерімен өрлеген,
Көненің көзі киелі, – деп ақындар жырлағандай, домбыра – асыл мұра. Ұлттық болмысымызды айқындайтын қос ішекті аспап қазіргі таңда жастар арасында өресі кең қолданылуда. Күмбірлеген күйді нақышына келтіріп орындайтын күйшілердің байқауы тартысты өтті. Бұл мерекелік байқау адалдықтың, өнерге деген шынайы ықыластың айқын көрінісі бола білді. Іс-шараны ауылдың ардагер ұстазы Сламбек Шаһапұлы ашып, жас буынға сәттілік тіледі.
– Өнер – мәдениет пен руханият үндестігінің алтын діңгегі. Ал домбыра – қазақилығымыздың айқын көрінісі. Орындайтын әр шығармаларың өзіндік бір тарихқа толы дүние. Соны сезіне отырып, күйдің нақышын келтіре білу нағыз – талант. Бүгін сол талант шыңдалатын сәт. Байқауға қатысушы барша жастарға сәттілік тілей отырып, күмбірлеген домбыраның үнін естуге асықпын, – деді өнер жанашыры.
Ал, жас буынның өнеріне баға беріп, жеңімпазды анықтайтын қазылар алқасының қатарында аудандық ән әуез мектебінің мұғалімі, аудандық мәдениет үйінің концертмейстері Абылайхан Қиылымханов, №44 орта мектебінің ән әуез пәнінің мұғалімі Жеңіс Қосжанов және ардагер ұстаз Сламбек Шаһапұлы болды. Қатысушы өнерпаздар Н.Тілендиевтің күйлерін және еркін тақырыптағы шығармаларды орындау арқылы қазақ елінің руханиятын, мәдениеті мен өнерін паш ете білді. Байқау барысында жас орындаушылар көрерменнің көзайымы бола біліп, құрмет-қошеметке бөленді. Әр орындаған күй өнерсүйер қауымның денесін шымырлатып, арқасын қоздырғаны анық. Іс-шара соңында қазылар алқасы күй өнерінің үздіктерін анықтады. Байқаудың І орнына ие болған асқарлық Нартай Нұрмағанбетов жеңімпаз атанып, күй өнерінің жанашыры екенін дәлелдей түсті. Домбыраның үнін түрлендіріп, барша көрерменді шабытқа бөлегендердің қатарында шағандық Мейіржан Мұқатұлы жүлделі ІІ орынға табан тіресе, қоғалыкөлдік Таир Бауыржанұлы мен амангелділік Ұлархан Бегежанұлы ІІІ орынды еншіледі. Күмбірлете күй ойнаған қоғалыкөлдік Мансұр Шәкірбек пен шіркейлілік Әбілғазы Құрманғазы «Алғыс хатпен» марапатталды. Қазылар алқасының мүшелері жүлдегерлерді құттықтап, өнер жолына сәттілік тіледі.
Әрбір жас буын ұлтының тарихымен қатар мәдениетін етене білуі маңызды. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың өнерге және күй өнеріне деген қызығушылығын арттыру осындай тағылымы мол іс-шарадан бастау алатыны анық. Оған жұмыла атсалысу кез келген өнер жанашырының парызы.
Г.ТАБЫНБАЙ