Дәстүрлі өнерді дәріптеген
Жақында облыс орталығында мамандандырылған өнер мектептері мен орта мектептердің домбыра үйірмесі қатысушыларының арасында І облыстық «Күй-көмбе» күйшілер байқауы өткен болатын. Аталған жас күйшілер байқауында ауданымыздың мақтанышы Дінмұхамед Алмасұлы бас жүлдені жеңіп алды.
Сыр бойы күйшілік дәстүрінде өзіндік орын алатын күйші Әлшекей Бектібайұлы атындағы жас орындаушылардың І облыстық музыкалық шығармашылық байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқауға елордадан келген, «Шабыт» музыкалық колледжінің оқытушысы Аягөз Нұрсұлтанова, Қазанғап атындағы Қызылорда облыстық музыка колледжінің оқытушысы Әлімжан Әбсадықов, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Алматы қаласынан арнайы келген күйші Абылайхан Ысқақов төрағалық еткен.
– Аталған облыстық байқауға облыстың түкпір-түкпірінен жас ерекшеліктері бойынша топтасқан 122 талапкер қатысты. Байқау облыстық болғанымен, өзге облыс қатысушылары да болғанын атап өту орынды. Бұған дейін облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, үздіктер көшін бастап жүрген Дінмұхамед биылғы жылды да зор жетістікпен бастады. Байқаудың мақсаты жас орындаушылардың репертуарына Сыр бойы күйшілерінің шығармаларын енгізу және олардың репертуарын ұлттық нақыштағы түрлі сипаттағы шығармалармен толықтыру, оның ішінде қазақтың ұлттық аспабын, халық аспаптарын дәріптеу болды. Кең көлемде өткен байқауда Дінмұхамед Әлшекей Бектібайұлының «Шерлі» күйін орындады, – дейді жас өнерпазды күй өнеріне баулып жүрген ұстазы Абылайхан Қилымханов.
Бұған дейін де аудандық байқау мен ауқымды іс-шараларда күмбірлеген күйімен көрермен көзайымына айналған өнерпаздар аудан тұрғындарына етене таныс. Аудандық газет талантты өрендердің өнерін қолдап, ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. «Ел іші – өнер кеніші» деген. Ал, Сыр бойы нағыз таланттар мен өнерлілердің ордасы десек, артық айтқандық емес. Сыр суынан нәр алып, Тереңөзек топырағынан қуат жиған дарынды, талантты азаматтар жетерлік. Осындай дарабоздардың ізін басып, жолын жалғап келе жатқан өнерпаздарымызды мақтан тұтуға болады.
Айта кетейік, аталған байқауда үздік шығып, бас жүлде иеленген Дінмұхамед Алмасұлы «Жас өнерпаз» төсбелгісімен, ал ұстазы Абылайхан Қилымханов дәстүрлі өнерге қосқан үлесі үшін Әлшекей Бектібайұлы атындағы арнайы төсбелгімен және алғыс хатпен марапатталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ