Күй - құдірет
Қазақ болмысын айшықтай алатын өнер десе, алдымен ойымызға күй келетіні айқын. Себебі, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» десек, сол қос ішекті ұлттық аспаптан төгілген күй ұлтымыздың жан дүниесін ақтарып, береді. Сонысымен де күй – құдірет, күй – кие!
Күй атасы Қорқыт шыққан өңірден аталған өнерді жетік меңгеріп, жан-жақты дәріптеген талант иелері түлеген. Олардың қатарындағы Мүлкаман Қалауовтың есімі ел жұртшылығына жақсы таныс. Саналы ғұмырын өнерді өркендетуге арнаған күйші өзінен кейінгілерге күй құдіретін танытып, қос ішекті домбырасын қолынан тастамаған. Жас ұрпаққа ұстаздық ете жүріп, шығармашылық жұмысты ұштастырған. Дарынды ақынның «Желіс», «Қоспан ата», «Жайлауда» және тағы басқа күйлері, «Отаным», «Анама», «Жұлдызым», «Ана туралы жыр» секілді әндері елге тараған.
Сырбойылық күйшінің туғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осыған орай Тереңөзек кенті клубының ұйымдастыруымен «Күй құдіреті» атты аудандық жас күйшілер байқауы өтті. Жас таланттардың шығармашылық байқауына Тереңөзек кенті әкімдігі мен аудандық мәдениет және спорт бөлімі қолдау білдірді.
Дарынды тұлғаны, ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат еткен аудандық байқауға Тереңөзек кенті және А.Тоқмағамбетов, Шаған, Бесарық, Айдарлы ауылынан 11 жас күйші қатысты. Олар байқау шарты бойынша алғашқы кезеңде Сыр композиторларының күйін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта бір күй шертті. Бірінші кезең барысында жас өнерпаздар көбіне Мүлкаман Қалауовтың күйлерін орындап шықты. Ал екінші кезеңде Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларынан күй тартты. Байқауда қазылар алқасы бойды шымырлататын шығармалардың дұрыс орындалуына, жас күйшілердің сахна мәдениетін сақтауына мән берді.
Дарынды күйшінің мерейлі жылына орай өткізілген аудандық байқау қорытындысында бірінші орынды тереңөзектік Дінмұхаммед Алмасұлы жеңіп алды. Ол Қазанғаптың «Құс қайтару», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін нақышына келтіре орындады. Ал екінші орынды Шаған ауылынан келген Раушан Ерболатова иеленді. Ауылдағы әуез мектебінің жас өнерпазы Мүлкаман Қалауовтың «Той» және Дәулеткерейдің «Түркімен» күйін жақсы орындады. Үшінші орынға екі жас күйші ие болды. Айдарлылық Дәулетхан Көзейбай мен шағандық Орынбасар Қартайдың күй таңдаулары Қазанғаптың, Д.Нұрпейісованың, Н.Тілендиевтің, Т.Тоғжановтың шығармаларына түскен. Байқау жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықпен, өзге де қатысушылар алғыспен марапатталды.
Е.БЕРКІНБАЕВ