Ақы беріп, ар сатып алма

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан байқауда 15 талапкер бақ сынады. Олардың қатарында аудан мектептерінің оқушылары мен «Жалын» сауықтыру лагерінің тынығушылары бар. Байқау барысында қатысушылар А3 форматтағы қағазға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын сурет салып, қазылар алқасына ұсынды. Талапкерлердің шығармашылық қарым-қабілетіне, өнеріне, сурет салудағы шеберлігіне «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, «Жалын» сауықтыру лагерінің директоры, суретші Әділбек Бәйменов, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков баға берді.
– «Жемқорлық – өркениеттің жауы» екені даусыз. Әділетсіз табыс – адал ниеттің түбіне жететіндігін жақсы білеміз. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның рухани дағдарысы екенін ұмытпаған абзал. Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю: – «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – науқан емес, тұрақты мінез болуы керек» деген болатын. Қоғам өмірінде жемқорлық фактісін болдырмау үшін жергілікті заң аясында түсіндірме жұмысын күшейтуіміз керек. Жемқорлықтың салдарын, қоғамның тежелуін байқаудың әрбір қатысушысы қылқаламмен тереңнен жеткізе білген. Өнердің ең көркем бағытын таңдаған кез келген оқушы қоғамның кеселіне қарсы көзқарасын айқын жеткізе білген, – деді Алмас Есназар.
Нәтижесінде ұсынылған суреттің байқау тақырыбына сәйкестігі, тақырыптың толыққанды ашылуы, өзектілігі, тартымдылығы, орындау сапасы мен технологиясы ескеріліп, жеңімпаздар анықталды. Жүлделі І орынмен №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Айым Байжанова марапатталса, ІІ орынды Әлсина Әділбекқызы иеленді. Ал №126 мектеп оқушысы Айым Төлетаева жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Қалған 12 қатысушыға ынталандыру сыйлығы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, алғыс хат және бағалы сыйлық табысталды.
«Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру ортақ міндет екенін айтты. Сурет салуға икемді оқушыларға сәттілік тілеп, тілектестігін білдірді.
– Біз жыл сайын сан түрлі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты байқау ұйымдастырамыз. Биыл «Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінде ұйымдастыру жөнінде бастамамызды қолдаған ұжымға алғыс айтамыз. Оқушылар ой-өрісінің жоғары екенін ерекше байқатты. Өздері салған суреттері арқылы белгілі бір ойды айтқысы келгенін дәлелдеді. Алдағы уақытта қордың тарапынан осындай шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып тұрады, – деді Марат Омаров.
«Тт» ақпарат