Жетістік жауапкершіліктен басталады

Жалпы мемлекеттік қызмет пен қызметшінің арқалар жүгі мен жауапкершілігі зор. Ең басты міндет– халыққа адал қызмет ету. Білім мен тәжірибені ұтымды үйлестіріп, «қайтсем халыққа пайдамды тигіземін» деген сәтте ғана жұмыс өнімді болып, халықтың алғысына бөленері сөзсіз. Ең қиыны – халықпен жұмыс жүргізу. Себебі қанша адам болса, сонша түрлі ой болады. Ал оның бәріне сыпайы, әдепті, түсінікті жауап бере отырып, халық сұранысын қызметтік шегінде қанағаттандыру – нағыз кәсіби маманның ғана қолынан келеді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп бата беріп жатады үлкендер жағы. Бүгінде Тереңөзек кентінің әкімі лауазымын абыроймен атқарып жүрген Ержан Бахтияров халықпен жұмыс жасауды ешқашан қиынсынған емес. Кейіпкеріміз осы саланы жан дүниесімен қалағаны соншалық, бастапқыда тәжірибе жинау үшін ақысыз негізде жұмыс істеп, жауапкершілік жүгін терең түсінген.
Кейіпкеріміздің өмірдерегіне қысқаша тоқталып өтсек. Ержан Бахтияров 1982 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Иса Тоқтыбаев атындағы №35 орта мектепте білім алып, үлкен өмірге қанаттанған. Жоғары білімді кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – заңгер. Ал қызмет жолын 2004 жылдың сәуір айында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, бақылау және кадр жұмыстары бөлімінде жетекші маман болып бастаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл Ержан Бахтиярұлының ресми түрде жұмысқа қабылданған сәті. Ал оған дейін оқу бітіре салып, «жұмыс жоқ» деп дипломды қолға ұстап құр жатуды құп көрмеген ол аудан орталығындағы «АХАЖ» бөлімі басшысына өтініш айтып, тәжірибе жинау мақсатында ақысыз негізде жұмысқа кіріскен.
– Оқу бітіріп келгеннен кейін «АХАЖ» бөліміне жұмысқа орналастым. Жұмысқа орналасқанда, айлық төлемейді, тек тәжірибе жинау мақсатында осындай қадам жасадым. Аталған бөлім азаматтарды тіркеу, куәлік беру секілді жұмыстарды атқаратын. Өзімді маңызды қызметкердей сезініп, уақытылы және тұрақты түрде барып, жауапкершілік жүгін сезіне алдым. Хатпен, халықпен қалай жұмыс істейді, барлығын үйреніп, іс-тәжірибеге бойымды түзей отырып, алған білімімді тәжірибемен ұштастыруға тырыстым, – дейді кейіпкеріміз.
Ержан Бахтиярұлының жауапкершілікті сезініп және халыққа қызмет етуге деген құлшынысы отбасындағы тәрбиеден, көріп-білгенінен бойына дарыған қасиет деп айтуға негіз бар. Себебі халыққа қызмет етіп жүрген арда ұлдың ата-анасы да – ауданға белгілі қызметкер жандар. Әкесі Бахтияр Какпанов – білім беру саласында, анасы Әлима Сағынаева – қаржы саласында елеулі еңбек етіп, көпшіліктің алғысына бөленген.
Ержан Бахтиярұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстары бөлімінің жетекші маманы, бас маман және бөлім басшысы, Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары қызметтерімен жалғасқан. 2016 жылдан бастап Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып, тәжірибесін шыңдаған. Еңбек жолына назар аудара отырып, кейіпкеріміздің кенттің қыры мен сырын толық білетін жан екендігін аңғара аламыз. Еңбек пен тәжірибенің арқасында көпшілік қолдауымен Ержан Бахтиярұлы Тереңөзек кентінің әкімі қызметін 2022 жылдан бері атқарып келеді.
– Мен алғаш қызметке келген сәтте аудан басшысы Әріп Битілеуұлы болды. Әркез қолдау білдіріп, мемлекеттік қызмет жолында көп нәрсені үйрете білді. Одан кейін де бірнеше басшымен тікелей жұмыс атқарып келеміз. Әр кезеңде Ибрагим Сражадинұлы, Сұлтанбек Тәуіпбайұлы, Ғанибек Қонысбекұлы, Мұрат Нәлқожаұлы секілді алдыңғы толқын ағаларымызға қарап бой түзедік. Қазіргі таңда аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлының қолдауымен жақсы бастамаларды жүзеге асыруға атсалысудамыз. Аудан орталығы жыл санап көркейіп, гүлденіп келе жатыр. Тереңөзек – баршамыздың ортақ үйіміз, – деген кейіпкерімізден мемлекеттік қызметтің қызығы мен қиындығын да сұрадық.
– Жан-жақты болу, зерделеу, әртүрлі сала жұмысымен таныс болу – мен үшін қызметтің қызықты, тиімді жақтары. Десек те мемлекеттік қызметкер үшін ең бірінші тәртіп, жауапкершілік керек. Себебі мемлекеттік қызметкер – қоғамның айнасы. Кейінгі буын бізден үлгі алады. Ал біз сөзімізді де жүйелеп айтып, сондай жауапкершілікке лайық болуымыз керек, – деп жауап берді тәжірибелі маман.
Әлбетте, күнделікті жұмыс барысынан тыс сұхбат ретінде бос уақытында немен айналысатынын, кейінгі буынға қандай кеңес айтатынын да сұрадық.
– Босаң болмау керек. Кез келген жерде тәртіп пен жауапкершілікті сезіне алу қажет. Ол қызметте ғана емес, жеке өміріңде де. Бір нәрсе болмай қалды екен деп барлығын тоқтатуға болмайды. Өмір күрестен тұрады. Алға жылжыған сайын жаңа қырыңды, қабілетіңді шыңдайсың. Әркез дамуға күш салу маңызды. Кез келген жетістік батылдық пен жауапкершіліктен бастау алады,– дейді азамат.
Ал кент әкімі бос уақытында отбасымен, балаларымен уақыт өткізгенді және кітап оқығанды жаны сүйеді екен. Халықтың азаматына айналған білікті маманның сүйікті жанры – дамуға бағытталған мотивациялық кітаптар.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ