Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 44 газет

17 маусым 2025 ж.

№ 43 газет

14 маусым 2025 ж.

№ 42 газет

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Менің әкем

Менің әкем

Менің әкем. Иә, бұл сөзді естігенде бойымды ерекше мақтаныш кернейді. Әкеміз өмірдің мәні, бұл өмірге келгендегі ең маңызды, ең жакын адамдардың бірі, әрі бірегейі десек те асыра сілтеп айтқаным емес. Әр адамның өмірінде ерекше орын алатын бір адам болады. Мен үшін ол – менің әкем Бауыржан. Ол жай ғана қарапайым әке емес, нағыз батыр. Әкем – өрт сөндіруші. Бұл мамандықты кез келген адам таңдай бермейді, себебі өрт сөндіруші болу өз өміріңді қауіпке тігіп, басқалардың өмірін құтқару деген сөз.

Оның әр күні қауіп-қатерге толы, бірақ ол ешқашан тартынып, қорқатын жан емес. Әкем тік мінезді, батыл, өз мақсатына жетпей қоймайтын адам. Сонымен қатар біреуге қол ұшын созуға келгенде жүрегі мейірімге толы, әрқашан адам баласына көмектесуге да­йын тұрады. Бізге жасымыздан үлгі болып, өмірдің тек қуаныштан тұрмайтынын, қиындықтарға да қарсы тұра білу керектігін үйретіп келеді. Халқымыздың әкені асқар тауға балайтыны да тегіннен тегін емес секілді, ол кісі барда төбемізге күн, бетімізге жел тимейді.

Менің әкемнің есте қалар ең ұлы ерлігі 2011 жылы болды. Біз тұратын Қызылорда облысына қарасты Қар­мақшы ауданында бір тұрғын үйден өрт шықты деген хабар жеткенде, қызметтік топпен алдыңғы қатарлы болып жеткендердің бірі менің асыл әкем болатын. Оның үстіне бұл жай ғана өрт емес еді, газ балондары атылып, үй лапылдап жанып жатқан болатын. Өрттің ауқымы соншалық, кейбір өрт сөндірушілердің жүрегі дауаламай, абыржып тұрып қалады. Бірақ сол сәтте менің әкем салқынқандылық танытып, бәрін сабырға шақырады. Ол командасын жинап, өртті жан-жағынан қоршауға, суды дұрыс бағыттауға бұйрық береді. Осылайша олар жалынмен арпалысып жатқанда, күтпеген жаңалықты естиді. Ғимарат ішінде бір әже қалып қойған екен. Оттың ортасына кіру ажалға қарай қадам басумен тең еді. Бірақ әкем бір сәтке де ойланған жоқ. Ол көз ілеспес жылдамдықпен өрт ішіне еніп, қалың түтіннің арасынан әлгі әжені тауып алады. Тыныс алуы қиындап, ыстық жалын шарпып жатқан аумақтан әлгі әжені құшағына қысып өртке оранған үйдің ішінен аман алып шығады. Әкем көзсіз батылдығының арқасында бір адамның өмірін сақтап қалды. Сөйтіп әженің ақ батасын алып, халықтың ықыласына бөленді. Осы және басқа да ерліктері үшін әкем 2017 жылы «Жыл құтқарушысы» марапатын иеленді. Бұл құрмет әкемнің жылдар бойғы еңбегі мен жанқиярлығының нәтижесі еді. Ол жай ғана өз жұмысын атқарып қоймай, өзгелерге көмектесуді өз өмірінің мәні деп біледі. Мен әкемнің еңбегі мен батылдығы бағаланып жатқанына шексіз қуаныштымын.

Менің асыл әкем біздің жүрегімізде әрдайым батыр тұлғалы азамат. Төрт қызғалдағын ерекше мейірім мен махаббатқа бөлеп тәр­биелеген асыл азамат. Бізге ер азаматқа тән ісімен үлгі. Бұқар жыраудың «Әкелі бала – жау жүрек» деген нақыл сөзі рас, әкеміздің панасында бізден бақытты, бізден ержүрек жан жоқ. Осындай елдің де, отбасының да шексіз ықыласына бөленген әкенің перзенті болу мен үшін мақтаныш.

Анель СЕРІК,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің
9-сынып оқушысы
Фото: Ашық дереккөзден
17 маусым 2025 ж. 255 0