Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер салған ән қандай?!

Әжелер салған ән қандай?!

Қазақтың ақ жаулықты, ақылы дария, мейірімі шексіз әжелері – әрдайым ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ұрпақ бойына сіңіруді «парызым» деп біледі. Кент мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр Ана» әжелер ансамблінің ұлттық өнерді ұлықтап, халыққа қалтқысыз қызмет жасап келе жатқанына биыл 17 жыл толып отыр. Осы орайда кент мәдениет үйінде «Әжелер әуені – ғасырлар үні» атты мерекелік кеш өтті.

Тағылымды өмір жолын үлгі етіп жүрген ақ самайлы әжелерден құралған бұл ансамбльдің тарихы тереңде. 17 жыл бұрын құрылған ансамбльдің құрамында қазіргі таңда 15 өнерпаз бар. Ансамбль 2008 жылы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Шанайқызының бастамасымен бой кө­терген. Алғашқы құрылтайшысы әрі жетекшісі Рая Байдәулетова болса, Шырынхан Садықов, Динагүл Бекмұрат сынды ардақты жандар жетекшілік етуімен ансамбль облыстық, аудандық байқауға қатысып, мәдени іс-шаралардың ортасынан табыла білді. Бүгінде ұлағатты ансамбльдің құра­мында Патыма Алданова, Шолпан Жанбосынова, Кенішкүл Қартбаева, Сәрсен Жәнібекова, Ырыскүл Сәрсенова, Рая Қаратаева, Үміткүл Маликова, Алтынай Қазанбекқызы, Роза Тұрмағанбетқызы, Әлия Аманбаева, Раушан Оспанова, Айткүл Ахметова, Нәзтай Тілемісова, Үміт Ерназар және Шаштыгүл Меңлібаева секілді ақ жаулықты әжелер өнер көрсетеді. Салтанатты мерекелік іс-шараны кент әкімінің орынбасары Ғани Тәңірбергенұлы ашып, тағылымы мол, жүректері мейірімге толы әжелерге жүрекжарды тілегін білдірді.

Мерейлі кеште әр шаңырақтың шуағы болып отырған әжелердің орындауында бірнеше әуен шырқалып, көңілді кешке ұласты. Үлкенге құрмет есебінде мерейтойға арнап кент әкімінің құрмет гүлі табысталды. Салтанатты кештің құттықтау сөзі ансамбльдің алғашқы құрылтайшысы Ұлмекен Шанайқызы мен мерекелік концертті ұйымдастырып, демеушілік еткен Балшекер Өтегеноваға берілді. Алғы сөздерінде әжелердің өнерін қолдап, алдағы уақытқа ақ жол тілеп, ақжарма тілектерін айтты.

– Осыдан 17 жыл бұрын барымызды салып осы ансамбльдің құрылуына атсалыстық. Өзім алғашқы өнерпазы болдым. Бұл ансамбль облыстық деңгейге дейін өнер көрсетіп, құр­метке бөленген. Бүгінгі мерейтойы да ерекше көңіл-күйде, жоғары деңгейде өтуде. Алдағы уақытта да жер дүниені жылылыққа, мейірімге толтырып, айналаны нұрға, шаттыққа бөлеп жүре беріңіздер, – деді ардагер Ұлмекен Жанәлиева.

Мерекелік салтанатты кешке қолдау білдіріп, ұйымдастыруға атсалысып, демеушілік көрсеткен Балшекер Сұлтанбекқызы өнерпаздарға ықыласты тілегін айтып, 17 жылдық мерейлі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сыяпат табыстады.

Салтанатты концерт республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген бишілердің биімен жалғасты. Әуелетіп ән айтылып, көрермендер қуанышты көңіл күйде отырды. Мерейлі іс-шара соңы «Сыр Ана» әжелер ансамблінің өнерімен аяқталды. Залдағы әр тыңдарманның көңіл-күйі сахнадағы өнерпаздардың еңбегінің жемісі екені айқын байқалды. Айналасын әнмен өрнектеп жүрген әжелер «Берерім – өнер, аларым – алғыс» деп шын көңілдерін білдірді.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
31 мамыр 2025 ж. 88 0