Берекелі бизнес

Кез келген табысты істің артында жүйелі еңбек, өзіндік сенім мен қолдау тұрады. Бүгінде Шаған ауылының халқына бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан «Інжу» фаст-фуд дәмханасы тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген. Отбасылық кәсіпке айналдырып, тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барын салып жүрген Төлеби Жеңісұлы мен жұбайы Гүлнар Мұхтарқызы алғаш бастаған сәтін еске алып, кездескен қиындықтармен бөлісті.
– Бұл кәсіпті 2023 жылы бастадық. Негізі дәмхананың тарихы тереңде. Ауыл халқына 1991 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан. 2023 жылы егесінің дәмхананы белгілі себептермен сатуына байланысты біз алып қалған болатынбыз. Міне, сол жылдан бері осы фаст-фуд кәсібіне кірістік. Бастапқы жылы қиындау болды әрине. Аспаз іздеп, сәл кідіріс болып, бірақ қайта өзіміз қолға алып жүргізіп кеттік. Қазіргі таңда келіншегім екеуміз барлық фаст-фуд түрлерін істейміз. Өзім арасында жеткізу қызметін де жасаймын, – дейді Төлеби Ештаев.
Тез дайындалатын тағамдар қарапайым көрінгенімен, оның артында маңдай тер, талғам мен тазалық жатыр. Әр тұтынушымен жылы сөйлесу, тағамды бар ынтамен, махаббатпен дайындау – кәсіп иелерінің басты қағидасы. Осындай көзқарас пен еңбек тұтынушылардың сенімін арттырып, тұрақты сатып алушылардың қатарын көбейтеді.
Ашылғанына көп уақыт болмаса да көптің жүрегін жаулаған дәмхана өз иесімен ерекше. Жауапкершілік пен төзімділіктің, еңбекқорлық пен тазалықтың көрінісін әспеттеген Ештаевтар отбасы бала тәрбиелеуде өнегелі ісімен алда. Ұл-қыздарын еңбек етуге жастайынан баулып жатқан Төлеби мен Гүлнар отбасында 5 ұрпағын тәрбиелеуде. Шаңырақ көтергендеріне 12 жыл өтсе де бір-біріне деген сыйластық пен шынайы көзқарастың айнасы іспеттес. Бастапқы кезеңдегі қиындықтары мен қызықтарын еске алып, әңгімеледі.
– «Әр қиындықтың артынан еселенген қуаныш бар» демекші, қазір кәсіптің жаңа бір деңгейіне көтерілгендейміз. Себебі, алғаш дәмхананы ашқанда тұрақты аспаз таба алмай, өзім кішкентайымды босанғаныма 2-3 ай өтпестен тұтынушаларды күттіртпей, тағам дайындауға білек сыбана кірісіп кеткен болатынмын. Қазір қиындықтардың артта қалып, табысымыздың артуы сол кездегі шыдамдылықтың нәтижесі деп ойлаймын. Биыл дәмханамызға кішігірім күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, жаңадан жиһаздар алып, тұтынушыларға ыңғайлы болуын барынша қамтамасыз еттік. Арасында тапсырысқа, бала-шағадан үлкендері көмектесіп, қолғабысын береді. Бұл әрине, керемет сезім. Өйткені кәсіпті сол балалардың игілігі үшін деп бастағандықтан, оған ұл-қыздарың көмек қолын созып, ауызбіршілігі мол отбасыға айналғанға не жетсін, – дейді Гүлнар Сағидулла.
Қазіргі таңда «Інжу» дәмханасы күнделікті көпшілік тапсырысын ыждағаттылықпен жасайды. Ауыл тұрғындарының тұрақты тұтынушыға айналғаныны – сұраныстың жоғары екенін байқатады.
Отбасылық кәсіп – ұлттық тәрбие мен еңбек мәдениетінің көрінісі. Ең бастысы – отбасының бірге әрекет етіп, бір мүддеге жұмылуы. Бұл тек табыс қана емес, рухани байлық пен ұйымшылдық, төзімділікті талап ететін игі іс.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ