Ата жолын қуған жігіт

Іңкәрдария елді мекеніндегі ауыл шаруашылығы саласының бригадирі, білікті агроном болған Жалғасбек Күншығаровтың есімі елге белгілі. Осыдан 28 жыл бұрын өз алдына шаруашылық құрып, кәсібін ашқан ел ағасы аграрлық салаға серпін беруге күш салады. Өз кезегінде атасының кәсібін іңкәрлық Ғазиз Қайратұлы жалғастырып, отбасылық кәсіптің тамырына қан жүгіртуде.
Жас кәсіпкер күні бүгінге дейін ата кәсіпке икемделіп, отбасылық бизнестің аяқсыз қалмауына септігін тигізіп келеді. Расында, қолынан іс келетін жігіт әкесі Қайрат екеуі шағын шаруашылықтың жұмысына дем беруде. Егін мен мал шаруашылығы және омартаны қолға алып, тынымсыз еңбек етуде.
– Кішкентайымнан атам мен әкемнің қасында жүріп, шаруаның адамы болуға машықтандым. Атам өмірден өткен кезде өзі құрған шаруашылықты дөңгелетуді маған тапсырып, мұра еткен болатын. Осы күннен бастап, атамның аманатын орындау барысында кәсіпті жандандыруға ұмтылып келемін. Алғаш 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында ірі қара малды асылдандыруға қомақты қаржы алдым. Біздің табиғатымызға жерсінетін бұқаларды әкеліп, асыл тұқымды мал басын көбейттік. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттен 2 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, омарташылық кәсіпті бастадым. Осы күні жергілікті халықты бал өнімімен қамтамасыз етіп отырмыз. Егін егу саласында мол тәжірибе жинақтап, өзге де шаруашылық иелерімен байланыс орнатып келеміз. Әрине, қолға алған кәсіптеріміз орасан зор бейнетті қажет етеді. Бұл ретте кәсібімізді кеңейте отырып, аграрлық саланы тереңнен меңгере бермекпіз, – дейді Ғазиз Қайратұлы.
Қай кезде де жеке кәсібі арқылы ел игілігі жолында қызмет етіп келе жатқан Ғазиз Қайратұлы ата аманатын естен шығармай, өз ісін жандандыра бермек.
Б.АЯБЕКҰЛЫ