Бал арасын баптаған...

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бағдарлама. Бағдарлама игілігін көріп отырғандардың қатарында жеке кәсіпкер Бағдат Күнтуғанұлы бар. Жергілікті кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен берілетін несиені алу үшін құжат дайындап, жобасын әзірлеген кәсіпкер бал арасын бағуды жөн көрді.
Биылғы жылы ақпан айында жеңілдетілген пайызбен жоба арқылы 2,5 млн теңге қаржы алған кәсіпкерде осы күні отызға жуық бал араның отбасы бар.
– Негізінен, бал арасын бағумен бұрыннан таныспыз. Кәсібімізді кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға жүгіндік. Өзімізге таныс, қолымыздан келетін іспен айналысуды жөн көрдік. Бал арасы өте еңбекқор. Бал жинау жұмысшы аралардың шырынды гүл мен шүйгінді шөпті табуына байланысты. Ауа райының қолайсыздығы да бал жинауға әсер етеді. Сондықтан ашық күн, жылы ауа райы бал арасы үшін жұмыс істеуіне қолайлы болады. Адам денсаулығына пайдасы зор балды күнделікті тұтыну арқылы сауығуға болады. Сондықтан пайдалы бал арасын бағуға тыңғылықты кірісу көптен бері ойда жүрген еді. «Ауыл аманаты» арқылы қаржыға қол жеткіздік. Маусымына 3-4 рет табиғи бал жинап алуға мүмкіндік бар. Жылына 600 келіден астам өнім жиналады, – дейді шағын кәсіп иесі Бағдат Байдосов.
Омарташы отбасының бұл кәсіпке бейімделуі осыдан 3 жылдай бұрын басталғанымен, нақты қолдаудың арқасында 30 бал ара отбасын алуына мүмкіндік туды. Қолайлы жағдай мен тынымсыз еңбектің берекесін келтіріп отырған Бағдат пен Зухра ұлы Нұртуғанмен бірге осы кәсіптен табыс табуға бекінген. Омарта балға толған сәтте жұмыла кірісетін жұмыстың қиындығы мен қызығын бірге көретін кәсіп иелері игілікті жұмысты бірге еңсереді.
– Қол күшін, адал еңбекті қажет ететін кәсіп түрі бұл. Қызығушылығымыз болған соң отбасымызбен бал арасын асырауды жөн көрдік. Екі қолға бір жұмыс табылатын заманда құр отыру жарамас. Биылғы жаз мезгілінің қолайлы ауа райын пайдаланып, мол өнім алуға бекініп отырмыз. Өнімді ауыл тұрғындарына, облыстың кейбір аудандарына, қала берді үлкен қалаларға да жіберу ойда бар. Негізінен, таза, табиғи бал арасының пайдасы туралы кез келген адам жақсы біледі деген ойдамын. Сондықтан тұтынушыларымыз ойланбастан өз өнімімізді ала беруіне болады. Түрлі сырқатқа ем болатын бал арасының бірнеше түрін өндіруді бастадық, – дейді омарташы.
Негізінен қосымша кәсіп көзін тапқан омарташы Бағдат Күнтуғанұлы – ауылдағы диірменде жұмысшы, келіншегі Зухра мектепте зертханашы болып жұмыс істейді. Жұмыстан бос уақыттың бәрін омартаның бабын жасауға арнайтын ерлі зайыптылар мезгілімен күтім жасап, қыс маусымына дайындыққа ерте кіріседі. Бап пен күтім болған кезде бал арасын қыстан аман алып шығаруға мүмкіндік мол болатындықтан, ара жәшіктерін қымтап, қысқы азығын әзірлеп қоюға күш салады.
Адал еңбектің жемісі мен табысына кенелу оңай емес. Маңдай термен келетін табыстың мол, әрі берекелі болуы шыдамдылыққа да байланысты. Кей уақытта бал арасын аздау алған сәтте қынжылмай, алдағы күннен үміт күту омарташының жылдар бойы қалыптасқан әдеті. Сондықтан барша шағандықтарды балмен қамтамасыз етуге бекінген омарташы Бағдат Байдосовтың кәсібіне береке берсін деп тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ