Ауыл мәдениетін көтерген майталман

Бүгінде 73 жастағы өнер иесінің кеудесінде қажырлы еңбегі үшін «Мәдениет майталманы», «Сырдария ауданының 80 жылдығы» медалі жарқырайды. Жергілікті сазгердің атында мерейлі 70 жасында «Ән қанатында» атты байқау ұйымдастырылып, ауданның өнерпаздары бақ сынаған.
– Біз Ермекбай ағайдың шәкіртіміз деп айта аламыз. Осыдан 28 жыл бұрын оңтайландыруға байланысты қос аудан біріккен кезде клуб үйлерін қабылдап алу маған жүктелген болатын. Жас маман ретінде Қоғалыкөл ауылына келгенімде Ермекбай ағамыз күтіп алып, клуб үйі жұмысымен таныстырған еді. Сол күннен бастап талантты сазгермен байланысымыз үзілген емес. Үнемі ақылман ағамыз салалық қызметке байланысты бағыт-бағдарын беріп, барлық жағынан қолдау көрсетіп келді. Материалдық базаның тапшылығына қарамастан, ауыл мәдениетін көтеруге күш салды. Бірнеше жыл бұрын жаңа клуб үйінің ғимараты салынған уақытта басы-қасынан табылды. Ғимараттың сапалы салынуына аса көңіл бөлді. Мәдениет ошағының шегесіне дейін дұрыс қағылуына аса мән беріп, клуб үйін ыждағаттылықпен қабылдап алды, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жеңісбек Төрәлиев.
Иә, Ермекбай Әдікенов шығармашылық адамы ретінде үнемі толқыныс үстінде жүреді. Сонау тоқырау жылдары аудан мәдениетін құлдыратпай ұстап қалу межесі тұрғаны белгілі. Осындай қилы кезеңде білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде талантты сазгерді әріптестері тани түсті десек артық айтқандық болмас. Қызметіне адал мәдениет саласының майталманы ауылдан талай мықты өнерпаздың шығуына өзіндік үлесін қосты. Әжелер және Әкелер ансамблін құрып, аудан мерейін республика көлемінде арттырды. 50 жылға жуық мәдениеттің қазанында қайнаған талантты азаматтың іскерлігі бір төбе.
Бір салада ұзақ жыл қызмет еткен замандастары да Ермекбай аға жайлы «оның жаны жамандыққа қас екенін, мәдениеттің ыстық-суығына көніп, өз саласын жетік меңгергенін» айтады. Сазгерлік өнерімен қатар, өлең жазатын Ермекбай ағаның «Асыл жандар», «Анамды іздеймін», «Ұмытпадым», «Арман гүлім» әндері лирикалық сарында жазылған.
Саланың дамуына атсалысқан ардақты сазгердің өнердегі әріптесі, ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Сәдуақасов та Ермекбай Әдікеновпен тығыз байланыс орнатып, абыройлы еңбек еткенін айтады.
– Республикалық, облыстық байқауларда бірге бақ сынап, Сыр топырағынан текті, талантты жандар туатынын дәлелдей түстік. Қай кезде де Ермекбай мен жары Баянға құрметім ерекше. Осы күні ауданымыздың дарынды азаматы ақылман ақсақалға айналды. Ел сыйлаған замандасыммен талай қызығы мен шыжығы көп әрбір күнді бірге өткіздік, – дейді өнер жолында бірге жүрген Сансызбай аға.
Өнегелі өмір иесі Ермекбай Әдікенов 1969 жылы Қызылорда қаласындағы №69 кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, «Сыр гүлі» ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. 1970-1974 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік институтының музыка факультетін бітірген. 1974-1984 жылдар аралығында Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің әуез пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1987-1997 жылдар аралығында әуез мектебінің директоры болған. 1998-2015 жылдары Қоғалыкөл ауылдық клубының басшысы қызметін үйлестірді. Өнер саласында 47 жыл қызмет етіп, 2015 жылдың қыркүйек айында зейнеткерлікке шықса да ауданда құрылған «Алтын қазына» ансамблінің мүшесі ретінде сахнада өнер көрсетіп жүр.
Жалпы жиырмаға жуық әннің авторы, облыстық К.Дүйсекеев атындағы «Туған жер» әуендері атты сазгерлер байқауының жеңімпазы өнер саласынан әлі күнге дейін алыстаған емес.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ