Мәдениет майталманына құрмет көрсетілді
Өткен аптада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сазгер, мәдениет саласының ардагері Ермекбай Әдікеновті 70 жылдық мерейтойы аясында қабылдады. Кездесуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», Жантемір Айсин мен Сансызбай Сәдуақасов, Қоғалыкөл ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Динара Ибадуллаева, сазгердің жары Баян Биқожаева қатысты.
Келелі басқосуда аудан әкімі мерейтой иесін 70 жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Өнер саласының қадірлі ардагері ретінде Сізді айрықша құрмет тұтамыз. Мерейге толы ерекше күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкіліне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, көпке үлгі бола білдіңіз. Қиын-қыстау күндері аудан мәдениетін дамытуға зор үлес қостыңыз. Мәдениет саласында елеулі қызмет етіп, биік белесті бағындырдыңыз. Сіздің қаламыңыздан туған әрбір ән тыңдарман жүрегіне жол тапты. Сазгер ретінде сан түрлі тақырыпта ән жаздыңыз. Осынау мерейлі мерейтойыңызда деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде аудан басшысы мерейлі 70 жасқа толған Е.Әдікеновтің иығына шапан жапты. Мәдениет саласында атқарған қажырлы еңбегі үшін «Мәдениет майталманы» медалін кеудесіне тақты. Сондай-ақ сазгердің асыл жары Баян Биқожаеваға да құрмет көрсетті.
Кездесу барысында талай жыл мәдениет саласын өркендетуге үлес қосқан сала майталмандары, әріптестері Ермекбай Әдікеновке жылы лебіздерін жеткізді. Өткен ғасырдан бері келе жатқан замандастары ауыртпалығы мол қызметте қажырлы қайрат танытқан қоғалыкөлдік сазгердің еңбегі жайлы пікір білдірді. Жиналған көпшілік Ермекбай Әдікеновтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ән қанатында» атты аудандық байқауының қатысушыларына сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қабылдауынан кейін Қоғалыкөл ауылында тағылымы мол іс-шараның куәгері атандық. Жергілікті сазгер, мәдениет саласының ардагері, «Сырдария ауданының 80 жылдығы» медалінің иегері Ермекбай Әдікеновтің 70 жылдық мерейтойы аясында Қоғалыкөл ауылдық клуб үйінде аудандық деңгейдегі «Ән қанатында» атты байқау ұйымдастырылды.
Байқаудың шымылдығын ашқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев сазгерді мерейлі жасымен барша ұжымдастары атынан құттықтады.
– Біз Ермекбай ағайдың шәкіртіміз деп айта аламыз. Осыдан 25 жыл бұрын оңтайландыруға байланысты қос аудан біріккен кезде клуб үйлерін қабылдап алу маған жүктелген болатын. Жас маман ретінде Қоғалыкөл ауылына келгенімде Ермекбай ағамыз күтіп алып, клуб үйі жұмысымен таныстырған еді. Сол күннен бастап талантты сазгермен байланысымыз үзілген емес. Үнемі ақылман ағамыз салалық қызметке байланысты бағыт-бағдарын беріп, барлық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Материалдық базаның тапшылығына қарамастан, ауыл мәдениетін көтеруге күш салды. Бірнеше жыл бұрын жаңа клуб үйінің ғимараты салынған уақытта басы-қасынан табылды. Ғимараттың сапалы салынуына аса көңіл бөлді. Мәдениет ошағының шегесіне дейін дұрыс қағылуына аса мән беріп, клуб үйін ыждағаттылықпен қабылдап алды. Жиырмаға жуық әннің авторының еңбегіне тәнтіміз, – деді бөлім басшысы.
Негізінен, аудандық «Ән қанатында» байқауында 9 талапкер бақ сынады. Бірінші кезеңде әрбір қатысушы сазгердің авторлық туындысын орындады. Ал екінші кезеңде еркін тақырыпта ән шырқады.
Байқау барысында әділқазы алқасының мүшесі Жантемір Айсин сөз алып, өз замандасына ақжарма тілегін жеткізді.
– Жетпістің желкенін керген замандасым Ермекбай Әдікенов жайлы көп нәрсе айтуға болады. Шығармашылық адамы үнемі толқыныс үстінде жүреді. Сонау тоқырау жылдары аудан мәдениетін құлдыратпай ұстап қалу межесі тұрды. Осындай қилы кезеңде білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде талантты сазгерді тани түстік. Қызметіне адал мәдениет саласының майталманы ауылдан талай мықты өнерпаздың шығуына өзіндік үлесін қосты. Әжелер және әкелер ансамбілін құрып, аудан мерейін республика көлемінде танытты. 50 жылға жуық мәдениеттің қазанында бірге қайнаған әріптесіме ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді Жантемір Айсин.
Өз кезегінде Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі Б.Рақымбеков, «Қоғалыкөл» ЖШС-нің басшысы Ғ.Теңізбайұлы талантты сазгерді ауылдастары атынан марапаттады. Сонымен бірге осыдан 50 жыл бұрын бірге оқыған курстастары арнайы келіп, туған күн иесіне зор ілтипат көрсетті. Сазгердің өмір жолына арналған бейнекөрініс көпшілікке ұсынылды.
Мәдениет саласының ардагері Қабдеш Шағырұлы қатысушылардың өнерін жоғары бағалады.
– Сырдария ауданы үлгілі үрдісті жыл сайын жалғастырып келеді. Бірер ай бұрын Аманкелді ауылында сазгер Майрамбай Бектасовтың шығармашылық кешін өткізген болатын. Бүгін міне Ермекбай Әдікеновтің құрметіне жиналып отырмыз. Жаны жамандыққа қас Ермекбай замандысым мәдениеттің ыстық-суығына көніп, өз саласын жетік меңгерді. Сазгерлік өнерімен қатар, өлең жазуды қолға алды. Оның «Асыл жандар», «Анамды іздеймін», «Ұмытпадым», «Арман гүлім» әндері лирикалық сарында жазылған. Жанынан асыл жары – Баян табылып, саналы ұрпақ тәрбиеледі. Бүгінгі ардақты досымыздың мерейтойына арналған байқау өз деңгейінде өткізілуде, – деген Қабдеш Шағыров авторлық «Құлболды ишан» кітабын жиналған меймандарға сый ретінде тапсырды.
Аудандық байқау қорытындысында бас жүлдені қоғалыкөлдік Сымбат Мұқанова, І орынды бесарықтық Мөлдір Жүнісбаева, ІІ орынды қалжанахундық Гүлжанат Сырғабаева, ІІІ орынды шағандық Гүлзира Раймбекова, арнайы жүлдені асқарлық Әсел Ибраева иеленді. Сондай-ақ аманкелділік Жомарт Ахметов, жетікөлдік Құндыз Бажиева, шіркейлілік Ақзираш Сүйлейменова, қоғалыкөлдік Қайрат Сәтпаев белсене қатысқаны үшін марапат төрінен көрінді.
– Біз Ерекеңмен мәдениет саласында тығыз байланыс орнатып, абыройлы еңбек еттік. Республикалық, облыстық байқауларда бірге бақ сынап, Сыр топырығынан текті, талантты жандар туатынын дәлелдей түстік. Қай кезде де, Ермекбай мен Баянға құрметім ерекше. Осы күні ауданымыздың дарынды азаматы ақылман ақсақалға айналды. Ел сыйлаған замандасыммен талай қызығы мен шыжығы көп әрбір күнді бірге өткіздік. Аудандық байқауда мазмұны терең әндер шырқалды. Барлық қатысушы әнді жүрекпен сезініп, кәсіби тұрғыдан айтуға тырысты. Алдағы уақытта ерекше дауысымен танылған өнерпаздарға сәттілік тілеймін, – деді қазылар алқасының төрағасы Сансызбай Сәдуақасов.
Айта кетейік, Ермекбай Әдікенов 1969 жылы Қызылорда қаласындағы №69 кәсіптік техникалық училищесін бітіріп, «Сыр гүлі» ансамбілінің құрамында өнер көрсеткен. Ал 1970-1974 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік институтының музыка факультетін бітірген. 1974-1984 жылдар аралығында Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің әуез пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1987-1997 жылдар аралығында әуез мектебінің директоры болған. 1998-2015 жылдары Қоғалыкөл ауылдық клубының басшысы қызметін үйлестірді. Облыстық К.Дүйсекеев атындағы «Туған жер» әуендері атты сазгерлер байқауының жеңімпазы. Өнер саласында 47 жыл қызмет етіп, 2015 жылдың қыркүйек айында зейнеткерлікке шықты. Жолдасы Баян апаймен бірге 5 бала тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отыр.
Аудандық байқау соңында Ермекбай Әдікенов жиналған қауымға өз ризашылығын білдірді. Бұл ретте, жергілікті ақын Байрон Есенбайдың сазгерге жүрекжарды арнауы жұртшылық көңілінен шықты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ