Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 35 газет

13 мамыр 2025 ж.

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Анам бар менің...

Анам бар менің...

Құндақтаулы сәбиін құшақтаған жас келіншек бүгін тағыда көз ілмеді. Үрей мен қорқыныш бо­йын билеген оның ойында «баласы қайта-қайта сырқаттанбаса» деген жалғыз тілек бар. Некелі жарымен бас қосқалы үлкен үйге бөлек шыққан. Өзі ұстаздық мамандықты таңдаған. Алғаш жұмысқа орналасқан жылдары 18 мың теңге айлық алған келіншек жоқтан бар жасауға дағдыланған. Қолына артық екі мың теңге түссе, бір айлық азық-түлігін алу үшін қалаға барады. Сонда артылған ақшасына баласына әдемі киім алғысы келіп тұрады. Бірақ алдағы күндерді ойлап, қолындағы мардымсыз қаражатты үнемдеуге тырысады.

Мұндай ауыртпалыққа толы күн­дер тоқсаныншы жылдардың ортаң­ғы кезеңінде орын алғаны мәлім. Осындай бірде жақсы, бірде қиын сәттер барлық отбасының басында бар жағдай. Тұрмыстың тауқыметіне төтеп беремін деп зырылдап жүр­генде жас келіншек дертті болып, құр сүлдері қалған болатын. Бір күні түскі үзілісте ауруханада ытқып шығып баласын көруге келген ана ойнап жүрген балапанына:
– Құлыным, жағдайың жақсы ма?
– Анашым, сен қашан келдің? Мен сені сағындым.
– Мен де сендерді сағындым. Сәл шыдаңдар. Бәрі жақсы болады.
– Үйге жүрші. Қарындасым сені іздеп жылайды. Мама, жыламашы.
– Балам үстіңді бүлдірме, жұмыс­тан шаршап келетін папаңа оңай емес. Сен үлкен жігітсің.

Осылайша, самайындағы шаштарына ақ түскен келіншек жаяу артына қарамастан кете барды. Жас келіншек үйіне кірмеуінің себебі – еңбектеп жүрген қызына көрінгісі келмеді.

Арада біраз күн өткеннен кейін Құндызай үйіне оралып, жақын­дарымен қауышты. Ер азаматы екеуі өз алдына үй болудың қамына кірісіп, етек-жеңін жинай бастады.

Бір күні почта торабының алдында ығы-жығы адам теледидар алуға кезекте тұр. Сол кезеңде 30 мың теңге құнды ақша еді. «Алғашқы дүние­­міздің басы болсын» деген олар ел­мен бірге жаңа теледидар сатып алды.

Нәзіктікті жиған ана алақаны бала үшін ерекше. Тереңөзектегі темір жол бойын қос перзентімен жаға­лаған ана төркініне ұдайы барып тұрады. Жолдасы жол жүріп кеткен жағдайда ызғарлы суықта екі балапаны­мен бауырларларынан қолғабыс күтеді. Әрине, қыстың көзі қырауда кішкентай балаларына күтім керек. Әлсін-әлсін аялы алақанымен қос перзентінің бетін жылытып әлек. Біле білген адамға менің анамның басы­нан қаншама қиындыққа толы сәттер өткен.

Анам үшін адуыны асқақ ер аза­ма­тының абыройы бәрінен биік. Әрине, қол ұстасып жүріп, талай тарам-тарам жолдардан, ойы-қыры көп соқпақтардан тайсалмай өтті. Өмір жолы бұралаң болғанымен, олар ал­ған бетінен қайтпады. Әйел жүрегі тым терең десек, санасы соншалықты биік. Ер азаматын төрге оздырған Құндызайдың қым-қуыт тіршілікте көңіл­і жасымады. Осы уақытқа дейін шүкіршілік пен тәубе етуді жадынан шығарған емес.

Үй мен білім ошағының арасын жол қылған ананың ақылын есейсек те жадымызда тоқимыз. Әлі күнге баласына алаңдайтын әзиз жүрек әлденеге уайым шеккенде терең күрсініспен ұзақ ойға шомылады. Бәлкім, көзінің қарашығындай көретін ұл-қызының өзі сезінген «жоқ­шылықты бастан өткермесе» деген аналық тілегі басым болар. Кейде аяғын әрең басып келе жатса да, дидарында мейірім шуағы төгіліп тұрады. Бозғылт жанарынан кейде ренішті көрген сәтте анамның тек өзін сабырлыққа шақырып отырғаны анық байқалады.

Кейде «біздің кезімізде» деп бас­талатын ананың әрбір сөзі баласына өмірлік өнеге. Өткенді бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, бар мен жоқ­тың ара-жігін ажыратып айтып беретіні рас. Ол кездің заманы бөлек дейміз-ау, сөйтсек, бар кінәрат адамында екен.

– Біз әкең екеуміз бір қасық, бір тәрелкеден сатып алып, үй болған адам­дармыз. Қос перзентіміз өзгеге жәутеңдемесін деп үй тұрғыздық. Сен­дерді оқыттық. Сен оқып жүргенде әкең үйді-үйді жағалап газ тарататын. Сонда балам денсаулығын күтсін деп оқып жүріп, жұмыс істеуіне қарсылық танытты.

– Иә, шешетайым, сендер жасаған бар қамқорлықты сезінген біздің жерге басымыз тигенше, сый-құрметіміз ерек. Осындайда мейірбан жүрек ана бір өзіңе:
Мәңгілік мейіріміңе малшынам,
Жарқырай түс, жадырашы жан-анам.
Қадірлім-ау аман жүрші әрқашан,
Ақ сүт берген қасиетіңе табынам, – деп жыр арнағым келіп тұрады.

Бүгінде мені туған ана – бақыт құшағында. Гауһар тастай жар­қыраған оның жүзін мұң шалмаса екен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден

13 мамыр 2025 ж. 136 0