Журналға «7» қоятын батыр ұстаз

1945 жылы 24 маусымда Москва қаласында Жеңіс парады болды. Парадқа соғыстың алдыңғы шебінде болған таңдаулы 10 мыңнан астам сержант пен офицерлер қатысып, қызыл алаңнан 2 сағаттан астам уақытта жүріп өткен. Кеңес Армиясы осы соғыста 9 миллионнан астам жауынгерінен айырылған екен. Адамзаттың ең қымбат нәрсесі «өмірін» жеңіс үшін берген әрбір жауынгер осы парадқа қатысуға лайықты деп ойлаймын. Ал осы марқұм батыр жауынгерлерді қатарға тұрғызып, қызыл алаңнан өткізсе, бұл шеру үзілмей 19 күнге созылады екен. Бір сәт ойланып көрейікші, он тоғыз күн бойы күні-түні соғыстан қайтпай қалған боздақтардың шеруі...
Осы Ұлы Жеңістің парадына қатысу бақыты біздің ауылдың қарапайым мұғалімі Ибадулла Әбілдаұлы Байдаулетов ағайға бұйырған екен. Соның ішінде, Кремльдің табанына неміс фашистерінің туын тастаған 200 жауынгердің бірі болған.
Өмірі көңілді жүретін, ән сабағынан дәріс берген сүйікті ұстазымыздың ауыр тағдыры жайлы біз ер жетіп, ес білген соң біліп жатырмыз. Оның сәби кезінен басталған тағдыр тауқыметінің оңай болмағандығын, Қараөзек бойында арғын тобықты руы Әбілда ата отбасында туып, жастайынан жетім қалып, аштық пен жоқтықтың азабын көрген ағайымыздың балалық шағы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жетімдер үйінде өтеді. Бала жастан музыкаға зерек болып өскен Ибадулла аға жетімдер үйінде жүріп-ақ Бішкек қаласындағы үрмелі оркестрдің құрамында жұмыс жасайды.
1942 жылы әскер қатарына шақырылып, командирлер дайындайтын курстан өтеді. Взвод басқарған офицер Ибадулла ағамыз майдан жорығын Москва түбінен бастайды. Курск иініндегі тарихтағы ең ірі шайқастың ортасында болады. Украина, Белоруссия, Польша жерін неміс фашистерінен азат етеді. Жау тылына да әуеден десант болып, ерекше тапсырмаларды орындау операцияларына қатысады. Бірнеше рет жарақатпен госпитальға жатып шығып, өзінің полкін қуып жетіп, соғысты жалғастырады. Соғыс жайлы әңгіме айтуды, тіпті соғысты еске алуды жек көргендіктен, «көп нәрсе сыртқа шықпай, қан кешкен ағаның ішінде қалып қойды ғой» деп ойлаймын.
Осы мақаланы сөйлеткен сыр мінезді музыкант Серік Ибадуллаұлының үйіндегі көне сандықтан табылған әкесінің көзі болып келген ескі дүниелер мен хаттар. Жеңіс шеруіне арналған комиссия бойы 176-180 см болатын, жасы отыз беске дейінгі, денсаулығы мықты, орденді офицерлерді таңдаған. Екі айдай «маршировка» жасатып екі-үш етікті тоздыртып, он мың жауынгерді арнайы киіндіріп, бәйгеге қосатындай етіп дайындаған екен. Қызыл алаңды жалпағынан басып, жер бетіне бейбітшілік орнату үшін кеудесін от пен оққа тосып, қасиетті Отан үшін, қастерлі Жеңіс үшін жанын аямай ерлік көрсеткен офицер Ибадулла Байдаулетов Жеңіс шеруінен кейін де әскери қызметте болып, 1946 жылы елге оралады.
Алғашқыда әскерден босап жастық шағы өткен, соғысқа аттанған жері Бішкек қаласына қарай жол тартады. Жолда соғыстан қираған село мен қалаларды, оны қалпына келтіруге жұмылған қара халықты көріп, өзінің қаны тамған туған жері есіне түседі. Жері үшін, елі үшін қан кешіп шейіт болған майдандас жауынгер достарын еске алады. «Құдай-ау, мен қайда барамын, мен қазақ емеспін бе? Менің де туған жерім, ауылым бар емес пе?» деген ой бұны туған жеріне жетелеп, Қараөзек станциясынан түсіп қалуға апарады. Ауылда күтіп отырған ата-анасы, бауырлары болмағанмен, иісі туыс ағайынды аңсап Қаракөл ауылын бағыттап шеңгел-жыңғылдың арасымен жаяулатып жол тартады. Сұрастыра келе немере ағаларымен және Шарипа деген апасымен қауышады. Тереңөзекке әскери комиссариатқа есепке тұруға барғанда детдомның директоры «фронтовик» ошақты Есімке Алдамжаров ағамен жолығып, әңгіме-дүкен құрып, сол үйде қонып қалып қояды. Есімке аға Ибадулла ағайды жұмысқа алып, үйінің іргесінен қоныс береді. Күміс жеңгеймен де сол жерде танысып, отау құрады. Жетімдер үйі басқа жаққа көшкен соң, И.Тоқтыбаев (бұрынғы М.И.Калинин) атындағы №35 қазақ орта мектебіне ұстаздық етеді. Көпшілікте өскен ағай бейбіт өмірге, қоғамдық жұмыстарға араласып, мектеп оқушыларына облыста жоқ үрмелі (духовой) оркестрін ұйымдастырады. Аудандағы ірі іс-шаралар бұл оркестрсіз өтпейтін дәрежеге жетеді. Ол кезде қазіргідей дауыс көтергіш, музыкалық құралдардың тапшы кезі.
Бүкіл Тереңөзек халқы жиналатын 1 мамыр және 7 ноябрь күндеріндегі орталық алаңдағы шеруге 33 жыл бойы күн сәулесіне жылтыраған жез трубаларға тіл бітіріп, алаңға ерте келіп, түрлі сазды әуендерді асқақтата орындап, аудан тұрғындарын талай тамсандырды.
Бірде ауданда болған Дінмұхамед Қонаев батыр ағаның өнеріне риза болып, қолын алып құрмет көрсетіпті. Аудан басшысы Қазантаев Қонысбек Төрешұлы басқа ауданға қызметке ауысып бара жатып «Бұл ауданның өнерінің көш басшысы – Байдаулетов пен Ягунин» деп баға берген екен. Ағайымыз ұсынған қызметтерге қызықпай, мектепке мұғалім болып келіп, мұғалім болып кетіпті. Майдангер аға музыка өнерінің тума таланты, шебер орындаушы еді. Бүкіл саналы ғұмырын шәкірттерді өнерге баулуға арнады. Кейде еркелетіп екі тізесіне екі оқушыны отырғызып алып, сабақ жүргізе беретін. Жақсы өлең айтқандарға «6», «7» деген бағаны бадырайтып журналға қоя салатын. Біз сол кезде ән сабағында сондай баға болатынына сендік. Сол бағаларды алған шәкірттері осы ұстазыма арнаған мақаламды оқып отырған болуы мүмкін.
Ибадулла аға 1979 жылы соғыста алған жарақаты асқынып, 57 жасында өмірден озды. Марқұмды соңғы сапарына шығарып салып тұрғанда шәкірттері оркестрмен ұстаздарының сүйікті әуені «Голубой Дунайды» орындапты.
«Орнында бар оңалар» дегендей, ағайдың ұлы Серік әке өнерін жалғастырған өнер саласының маманы. Жары Рая екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының иелері. Ағайымыздың ордендері мен пайдаланған музыкалық аспаптары аудандық мұражайдың құнды экспонатына айналған.
Өзі дүниеден озса да артына өшпес із қалдырған Ибадулла ағай секілді батырлардың өнегелі өмірлерін бүгінгі ұрпаққа насихаттап отыру – біздің парызымыз.
Марат Омаров,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы