Ыбырай Алтынсариннің хаты Башқұртстаннан табылды

Ұлт ұстазының инспекторлық қызметіне қатысты 1879–1889 жылдар арасындағы құжаттар Уфадағы ұлттық архивтің 109-қорында сақталған. Басты құжат – Орынбор губерниясы Торғай облысындағы қырғыз мектептері инспекторы қызметіне Ыбырай Алтынсаринді тағайындау туралы 1879 жылдың 28 шілдесіндегі бұйрық. Қордағы деректерді хронологиялық жүйемен қойсақ, ұлт ұстазының қазақ даласындағы оқу-білімді дамытуды өзіндік жоспармен қолға алғаны байқалады. Хаттар көбінесе Қостанай қаласынан жазылған. Мәселен, ол 1884 жылдың 2 қарашасында Орынбор оқу округінің қамқоршысы мен Торғай облысының әскери губернаторынан Торғай облысында орыс-қазақ училищесін ашуға қаржы бөлуді сұрайды. 1888 жылдың 30 қарашасында Орынбор оқу округінің қамқоршысына Ақтөбе қаласындағы 2-сыныптық училище жанынан қолөнер бөлімшесін ашуды ұсыныс еткен.
Уездік мектептерді бір жөнге келтірсе, болыстық мектептер ашып, оның жанынан тері өңдеп, сабын қайнатуға үйрететін, ағаш ұстасы мамандығына оқытатын бөлімшелер ашуды көздеген жоспарының орындалмай қалғаны өкінішті. Капитализм қазақ даласына емін-еркін кіріп, қой жүні мен мал терісінің тегінге кетіп жатқанын көріп, оқу-білімсіз ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болатынын түсінген ағартушының өмірі ұзақ болғанда, инспектор қызметінде жүріп қазақ даласындағы мектептерді бір ізге түсіріп кетеді екен-ау деген ой келеді. Мектептерді ұйымдастыру, қаржылық жағдайын шешу сияқты менеджерлік шаруалардың басы-қасында жүріп, балаларды қолөнерге, кәсіпке баулуды мықтап ойға алғанға ұқсайды. Мәдениеті жеңілген халықтарға көзқарас дұрыс емес заманда губернатордан қайта-қайта қаржы сұрау да оңай емес. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Торғай облысындағы мектептерге қаражат Орынбор оқу округінің қамқоршысы арқылы бөлінетін. Осы жерде туатын сұрақ: хаттар Уфадағы мұрағатқа қалай түсті?
Ыбырай Алтынсарин 1860 жылдары Торғайда мектеп ашу және қазақ балаларына білім беру ісін жолға қою мақсатында Орынбор мен Уфаға бірнеше рет барып, ол жақтың оқу бағдарламаларымен танысқан. Уақыт өте келе, болыстық мектептердің жанынан тері өңдейтін және сабын пісіретін бөлімшелер ашуға ұсыныс түсіріп, хат жазады. 1888 жылдың 18 сәуірінде тері өңдеу мен сабын дайындау технологиясымен танысу үшін Башқұрт жеріндегі Красноуфим училищесіне іссапарға баруға рұқсат сұрайды. Осы хатында Красноуфим реалдық училищесі директорымен, Уфадағы Чубары слободасының өкілдері Яруспаев пен Муразабинмен мамырдың басында кездесу жоспарланғанын айтады. Ресей жеріндегі реалдық училищелер сол замандағы техникалық және кәсіптік білімге бағытталған оқу орындары еді. Жазбадағы маңыз беретін бір мәселе, одан әрі жабдықтар мен оны үйрететін мамандар шықса, тері өңдеп, сабын қайнатуға қажетті шикізат Торғай жерінен табылатынын жазады. Бұл «кермек» деп аталатын шөп дейді. Соған қарағанда, Ыбырай Алтынсарин Торғай облысында сабын жасап, тері өңдейтін кәсіпорындар құруды жоспарлаған сияқты. Орынбор губернаторлығы өндіріс мамандарын Ақтөбе қаласындағы екі басқыштық училищеде даярлап, осы жерде қосалқы құрылыс салуға рұқсат еткен. Келесі хатында 1888 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ақтөбедегі екі басқыштық орыс-қазақ училищесі жанында ағаш, темір бұйымдарын жасауға үйрететін бөлім ашылғанын хабарлапты. Бәлкім, мамандар Ыбырай Алтынсариннің ескі славян тілінде жазған қолжазба хаттарын терең зерделеу арқылы қосымша мәліметтер табатын болар. Бұл хаттардың көшірмелері қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің 1248-қор, 3-тізбе, 25-ісінде сақтаулы тұр.
1888 жылдың 20 қарашасында Орынбор оқу округінің қамқоршысына жазған тағы бір хатында Чубары слободасындағы ер балалар мектебінің жанынан Яруспаев тері өңдейтін зауыты бөлімін ашқанын жазған. Чубары тері өңдеу зауыты – Уфа қаласында Чубары слободасы аймағында орналасқан. Алайда Ақтөбе мен Чубары слободасындағы училищелер арасындағы байланыс Ыбырай Алтынсариннің өмірден өтуіне байланысты үзілгенге ұқсайды. Ағартушы 1889 жылы 17 шілдеде 48 жасында Қостанай қаласында дүниеден өткені белгілі.
1889 жылдың 2 сәуірінде Ақтөбе орыс-қазақ екі басқыштық училищесінің мұғалімі А.Измайлов Орынборға хат жазып, осы жердегі тері өңдеу зауытының құрылысын 1890 жылы оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажеттігін айтқан. Бірақ ұсыныс жалғасын таппаған. Өйткені 1889 жылдың 16 қыркүйегінде губернатордың Алтынсариннің орнына тағайындалған қаладан тыс мектептер жөніндегі инспекторы жазбасында тері өңдеу ісі бойынша Ақтөбе училищесінде оқып жатқан шәкірттер Уфадағы Чубары училищесіне ауыстырылады деп есеп береді. Тері өңдеу мамандығының жабылуы себебі, Ақтөбе училищесінде қажетті жабдық аз және оқытушылық құрам жетіспейді деп түсіндірді. Осылайша Ыбырай Алтынсарин дүниеден озған соң реалдық училищелер тәртібімен Ақтөбедегі училищеде мамандар даярлау ісі басталмай жатып үзілген. Қазақ даласында мектептер ашу ісінде Ыбырай Алтынсариннің жолын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары жалғастырды. 1930–1937 жылдары Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтің қазақ жерінде тері, жүн өңдейтін зауыттар ашу, кәсіпшілікті дамыту туралы бастамалары Ыбырай ұстаздың орындалмаған арманы болатын. Өйткені Торғай-Ырғыз жеріндегі Ыбырай мектептерінен сапалы білім алған ұлт зиялылары Ыбырайдың ұстанымымен ержетті, елдік қызметке араласты, ұлтының жоғын бүтіндеуге ұмтылды.