Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғысқа бөленіп, құрметке кенелді

Алғысқа бөленіп, құрметке кенелді

Ұлтжанды әрі мемлекетшіл қоғам қайраткері, алаштанушы, шоқайтанушы көрнекті ғалым, философ, сая­си ғылымдар докторы, профессор, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында жауапты қызметтер атқарған азамат, ұлағатты ұстаз Әбдіжәлел Бәкірдің биыл 85 жылдық мерейтойы. Алты Алаштың тарихын түп-тұқияннан зерттеп, қазаққа танытып жүрген алаштанушының туған жері – Сыр топырағы, Айдарлы ауылы. Мерейлі жасқа толып, мерейі артқан азамат туралы Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлының көлемді мақаласы бұған дейін аудандық газетте жарияланып, оқырманның жоғары бағасына ие болған еді.

Жақында Айдарлы ауылында Әбді­жәлел Қошқарұлының 85 жас мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасын аудан әкімі Берік Сәрменбаев бастап, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейін, Қазақ тілі қоғамының төрағасы және ауыл тұрғындары тамашалады. Тартысты ақындар мүшәйрасының алғысөзін аудан әкімі сөйлеп, мерейтой иесінің көрнекті еңбектерін атап, мүшәйраға қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз көрнекті қоғам қайраткері, журналист, саясаттану ғылымдарының докторы, ұлт руханияты мен елдің дамуы­на сүбелі үлес қосып жүрген Әбдіжәлел Бәкір Қошқарұлының 85 жылдық мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Әбдіжәлел ағамыз – нағыз ұлтжанды азамат, тіл жанашыры, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында абыройлы қызмет атқарған көрнекті тұлға. Ардақты азамат киелі Сырдың топырағында, Айдарлы ауылында дүниеге келді. Еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын Сырдария ауданында ұстаздықтан бастады. Әбдіжәлел Қошқарұлы Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерінде жүріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірді. Екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, тіл жанашыры ретінде ана тіліміздің мерейін арттырды. Бүгінгі жыр додасында бақ сынайтын ақындар шабыты мен шеберлігін ортаға салып, ел үшін атқарған еңбегіңізді дәріптейді деп сенемін. Сізді мерейлі мерекеңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Мерейтойыңыз құтты болсын!, – деген аудан әкімі тақым қысып, дайын тұрған ақындарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Әбдіжәлел Қошқарұлының мерейтойына арнайы құттықтау табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Облыстың түпкір-түпкірінен жүйрік ақындар қатысқан жыр додасы екі кезең бойынша өтті. Жыр додасына тіл жанашыры Сәдуақас Аңсатов, ақын Дүйсенбек Аяшұлы және Ақтөре Ибрагимұлы төрелік етті. Ақындар тарихи тұлға Мұстафа Шоқай мен Әбдіжәлел Қошқарұлына дайындаған арнауларын оқыды. Са­йыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Достық Тілеубергенов, І орынды Рахметулла Жолтаев, ІІ орынды Айымгүл Дәулетова, ІІІ орынды Жанар Шілдебаева мен Жанерке Байсынова жеңіп алды. Қалған қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, Әбдіжәлел Қошқарұлының құрметіне кітап көрмесі мен фотокөрме ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Әбдіжәлел Қошқарұлы 1940 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың, қазіргі Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің әдебиет факультетін тәмәм­даған. Еңбек жолын Сырдария ауда­нының Киров колхозының мектебінде мұғалімдіктен бастап, 1965 жылы Қызыл­орда қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қыз­метімен жалғастырған. Партия, комсомол органдарында әртүрлі жауапты қыз­меттер атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1995-1999 жыл­дардағы шақырылымдарының депутаты. Мәжіліс депутаты ретінде еліміздегі «БАҚ туралы», «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдардың қабылдануына ерекше үлесін қосқан. Әбдіжәлел Бәкір 2008 жылы он баспа «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралын дайындаған. Дана халқымызда «Қаламы қарымдының еңбегі жарқырайды» деген аталы сөз бар. Әбдіжәлел Қошқарұлының қаламынан шыққан 200-ден астам ғылыми мақала, 10 монография мен 2 кітап әлеуметтік маңызын жоғалтпаған ғылыми еңбектердің қатарында.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 сәуір 2025 ж. 131 0