Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңқты ұлдың есімі дараланды

Даңқты ұлдың есімі дараланды

Апта ағымында аудандық стадионда ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, об­лыстық мәслихаттың депутаты, құқық қорғау саласының ардагері Әмірбек Шаймағамбетов, ар­да­герлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғам­дық ке­ңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық полиция бөлімі бас­тығының орынбасары Қасым­хан Асанұлы және Талғат Қозы­баев­тың отбасы арнайы қатысты.

Өз кезегінде аудан басшысы бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың өнегелі өмірі мен ерлігін атап өтіп, қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы респуб­ликалық турнирге қатысу­шыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақша күрестен республикалық турнирдің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені өз антына адал болған перзенттерін ел ешқашан ұмытпайды. Ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның ержүректігі мен табандылығы, азаматтылығы өскелең ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге етілуде. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және өзі туып өскен О.Мәлібаев мөлтек ауданындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Жыл сайын батыр ұлды еске алуға арналған казақ күресінен республикалық турнир өткізіліп келеді. Бүгінгі додада боз кілемде бағын сынайтын жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! – деді аудан әкімі.

Салтанатты іс-шарада об­лыстық мәслихат депутаты Әмір­бек Шаймағамбетов пен батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев сөз сөйлеп, турнирдің өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Шын мәнінде ел тыныш­тығын күзетіп, жанкештілік таныт­қан даңқты батырдың өшпес ерлігі сан қырынан дәріптеле бермек.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық жас балуан қатысып, өз шеберліктерін көрсеткенін айта кетейік. Негізі­нен, 10 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облы­сы мен Шымкент қаласынан, Сыр өңірінің барлық аудандарынан келген палуандар бақ сынады. Жарыс­тың бас төрешісі – ұлттық дәрежедегі төреші Сүндетхан Баймағанбетов.

– Жарыс жолына шыққан балуандар өздерінің мықтылығын танытты. Қазіргі уақытта қазақ күресіне қызығушылық жастар арасында басым. Алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көрінген әрбір спортшы ел намысын қорғайтын сайыпқыран спортшыға айналатынына сенемін. Республикалық бәсекеге кейбір өңірлер бірнеше команда әкелген. Бұл ретте, жас балуандардың қарым-қабілетін аңғаруға толықтай мүмкіндік алдық, – деді Сүндетхан Баймағанбетов.

Жарыстың барлық жеңімпазы мен жүлдегері арнайы диплом, медаль, сыйлықпен марапатталды.

«Тт ақпарат»
29 наурыз 2025 ж. 63 0