Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр ұлды еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Батыр ұлды еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев атындағы қазақша күрестен республикалық турнирінің ашылу салтанатына қатысты.

– Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел ешқашан ұмытпайды. Бейбіт күннің батыры Талғат Есентайұлы небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және өзі туып өскен О.Мәлібаев ауылындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Батыр ұлды еске алуға арналған қазақ күресінен ашық турнир дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл шараның мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, Отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Турнирдің ашылу салтанатында батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов сөз сөйлеп, ер есімін ұмытпай, еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық спортшы қатысып, жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
22 желтоқсан 2024 ж. 36 0