Нағыз майталман мамандардан құралған ұжым

Бүгінде «Фтизиатрия» бөлімшесінің білікті мамандары аудан бойынша барлық елді мекен мен Тереңөзек кентінің аймақтарымен тығыз байланыс орнатады. Қазіргі уақытта іргелі ұжымда фтизиопедиатр Анар Ибраймова, аға мейіргер Эльмира Пірназарова мейіргер, Ләззат Жарылқасынова, күндізгі аурухана мейіргері Индира Унербаева, зертхана лаборанты, баклаборант Гүлмира Исмайлова, химизатор Ақзира Самалықова, кіші буын қызметкері Рауан Ахметова ел-халыққа қалтқысыз қызмет етуде.
– Біздің іргелі ұжымда 8 ақ халатты абзал жан жұмыс жасайды. Денсаулық сақтау министрлігінің келтірген дерегі бойынша былтыр флюрографиядан өткен 5,6 млн адамның 4 мыңнан астамына туберкулез диагнозы қойылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 10 миллионға жуық адам туберкулезге шалдығады. Негізінен, аудан халқымен тығыз қарым-қатынас орнатып, дертті күресті күшейтіп келеміз. Түсіндірме жұмысы тұрақты жалғасын табуда. Жалпы дерттің дер кезінде анықталуы – науқастардың емделіп шығуына зор септігін тигізеді. Сондықтан ұжым мамандары ауылдарға шығып, мониторинг жұмысын жүргізеді. Туберкулез дертіне шалдыққан жандарды әлеуметтік қолдау да күн тәртібінен түспейді. «Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, қаржы құямыз, әрекет етеміз» ұранымен ұйымдастырылған акция шеңберінде біздің мамандарымыз бірнеше іс-шара өткізді. Оның ішінде, білім ошақтары кеңінен қамтылды, – деді Ләззат Жаңабайқызы.
Ынтымақ-бірлік орнаған ұжымның мамандарына жүктелген міндет жүгі ауыр. Адам өміріне аса қауіп төндіретін дертпен күресте ұжым мүшелері табандылық танытуда. Өз кезегінде іргелі ұжымның жұмысына сәттілік тілейміз!
Сырдария аудандық ауруханасы