Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ​Кәрі жілікті неге босағаға байлайды?

​Кәрі жілікті неге босағаға байлайды?


Жақында әулетіміздің өмірден өткен үлкендерінің әруағына Құран бағыштап, ағайынға ас берген едік. Осы жолы табақ тартуға аса мән бердім. Кімге қандай жілік қою керектігін, оның қаншалықты маңызы бар екендігін ұқтым. Әрбір жіліктің өзіндік орны, тәрбиелік мәні бар екен.


Мәселен, жастайымыздан «кәрі жілікті жастарға жеуге болмайды» дегенді естіп өстік. Бірақ ешқайсысымызды «неге?» деген сұрақ мазаламапты. Оны кімнің жегеніне де назар аудармаппыз. Тіпті, кімге тартылатын кәделі сый екеніне қызықпаппыз.
Кешегі жиында енем келгенше етті реттей қояйын деген асығыстықпен кәрі жілікті үлкен кісілерге тартылып жатқан бірінші астауға салдым. Оны сырттай бақылап отырған енемнің үлкен абысыны жүгіріп келіп, етті өзінің реттейтінін айтты. Бір жерден қателескенім анық. Көз жазбай қарап тұрдым. Табақ тартуды білмейтінімді, қиын болмаса әр жілікті өз атауымен атап, кімдерге берілетінін айтсаңыз деп өтіндім. Апам да қарсы болмады.
«Білмейтініңді мойындағаның, білуге құмартқаныңның өзі үлкен қадам. Табақ тартуға жастық етпейсіңдер, білгендерің өздеріңе жақсы» деді. Сөйтті де менің салған сүйегімді алып оның кәрі жілік екенін, өзіндің қасиеті бар екенін айтты. Мұны естіген қызметтегі келіндердің бәрі де жиыла қалып, апамыздың аузына қарадық.
– Қазанға ет салғанда алдымен «бісміллә»деп кәрі жіліктен бастап салады. Себебі кәрі жілік еттің бәрін ұстап тұратын қасиетке ие. Оны шақпайды, құда табаққа салмайды, қонаққа, бөтен, жат адамға емес, керісінше үй иесіне немесе ағайынға береді.
Өйткені «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдайды. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаса, «сүр бойдақ боласың» деген сенім бойынша бойдақ жігітке де бермейді.
Баяғыда атам марқұм кәрі жілікті өзі мүжіп, тазалап қоятын. Сөйтіп мал-жанымның амандығы үшін деп босағаға байлайтын. «Өз шаңырағыңда сойылған малдың кәрі жілігін ешкімге бермеңдер, әкелерің мүжіген соң босағаға байлаңдар. Сонда үйдің берекесі-ынтымағы, құты мен ырысы өз шаңырақтарыңда мәңгі тұрақтайды», - деп айтып отыратын.
Соны естіп өскен біздер кәрі жілікті құт көреміз, отбасының ұйытқысы деп білеміз, қақпанымыздың қорғаны деп қараймыз, - деп кәрі жілікті атамызға атап шетке қойды.
Мұны естіген қызылордалық Әнипа апамыз да кәрі жілік туралы білетін аңызын айтып, бізді таң қалдырды.
Оның айтуынша кәрі жілік күзетшінің қызметін атқарады екен. Түсінікті болу үшін аңызды сол қалпы жазғанды жөн көрдім.
«Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдапты. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.
Тыңшы қайта келіп:
– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы:
– Ендеше бүгін шабамыз, – деп атқа қонады.
Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:
– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:
– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді.
Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі».
Кәрі жілікті жеуге болмайды дегенді ғана естуші едік. Оның мәні мұншалықты тереңде жатқанын ойламаппыз. Мұны естіген соң өзім де қосымша мәліметтер іздеп көрдім. Жоғарыдағы аңыздан бөлек мынадай аңызды да оқыдым. Сіздерге де керек болар деген оймен жариялағанды жөн көрдім.

«Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі:
– Балам, мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың, – дейді.
– Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы селсоқ қарайды. Бірақ әке көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады.
Межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде арт жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі:
– Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – деген екен. Осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық жолдан қағады» деген сөз қалыпты».
Жазып алған – Ләззат Ахметова,
ERNUR.KZ
14 маусым 2018 ж. 2 115 0