Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аружан Ермағанбетова, «Сырдария Аруы – 2025» атағының иегері: Бір үйдің төрт гүліміз

Аружан Ермағанбетова, «Сырдария Аруы – 2025» атағының иегері: Бір үйдің төрт гүліміз

Көктемнің ең шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне орай ауданның ең көркем де, сұлу, көркіне ақылы сай ару – Аружан Талғатқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Аружан биыл ауданда өткен сұлулық байқауында бас жүлде алды. Өнерге деген құштарлығы мен белсенділігі оны осындай байқауда жеңімпаз атануына себепкер болды. Барша жас сұлуларға үлгі ретінде Аружанның қызығушылығы мен бүгінде студенттік өміріндегі атқарып отырған қоғамдық жұмысы туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Аружан Талғатқызы, Сырдарияның тумасы екеніңізді білеміз, бала Аружан қандай болды, отбасыңыз туралы айтсаңыз, мектепте қалай оқыдыңыз?

– Иә, ең алдымен ауданымыздың төл газетіне сұхбат беруге шақырғандарыңызға рақмет, осы сәтті пайдалана отырып, барша әйелдер қауымын, әжелерімізді, қыздарды мерекемен құттықтаймын!

Киелі топырақ Тереңөзекте 2004 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келдім. О.Әбілпаттаев атын­дағы №210 орта мектептің түлегімін. Әкем Талғат – вахталық жұмыста, анам Нұргүл – медбике. Үйдің үлкенімін, үш сіңілім бар. Жансұлу – 11 сыныпта, тоғызқұмалақтан республика, Азия чемпионы, Сабира да тоғызқұмалақшы, мектепте оқиды, кенже сіңілім Медина 4 жаста. Мектепте жақсы оқыдым, әсіресе гуманитарлық пәндер қызықтыратын. Мектепті бітірген жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. Қазір университеттің соңғы курсындамын. Үздік студентпін. Бала Аружан пысық болды, ақылды, мектептегі іс-шараларға қатысып, белсенді болатынмын. Өзімнен кейінгі бауырларыма қарайлап, қамқор болып келемін. Кейде үйде өзіміз қалған сәтте неше түрлі тәттілерді пісіріп жейтінбіз. Ютубтан көргенімізді дайындап, анамыз жұмыстан келгенде қуантуға асығамыз. Ата-анамыз біздерге жақсы тәрбие берді. «Қыздарсыңдар, ұят болады, үй жинау, тамақ пісіру дегенді білулерің керек» деп үнемі құлағымызға құйып отырды, әлі де солай.

– «Сырдария аруы – 2025» бай­қа­уында өнерден құр алақан емес екеніңізді аңғардық, негізінен кәсіби тұрғыда өнердің қай түрімен айналыстыңыз?

– Бала кезімнен би өнеріне қызықтым. «Балауса» халықтық би ансамбілінде өнер көрсеттім, кейін «Тұмар» би ансамбілінде биледім, бас аяғы 4-5 жыл өнердің осы түрін үйрендім. Негізінен мектепте оқығанымда «Қыз сыны» байқауына қатысатынмын. Ең алғаш 4 сыныпта оқыған кезімде қатыстым.Түнімен анамыз екеуіміз пакеттен көйлек тігіп, соны сахнаға киіп шыққаным есімде. Қолөнерге де жақындығым бар. Кейін студент болған кезімде де белсенді болдым. Университет жанындағы 10 жылдық тарихы бар «Қыз жібек» қыздар клубының мүшесі болдым, бір жыл жетекшілік жасадым. Биыл оқуды бітіретін болған соң жетекшілікті өткіздім. Бес институттан құралған, клуб мүшесі атанған 100-ге жуық қыздардың барлығы өнерлі десем артық айтқандық болмас. Араларында домбыра тартатын, түрлі байқауларда топ жарған қыздар бар. Студенттік өмірде де түрлі іс-шараларға қатысып, бақ сынаудан қорыққан емеспін.

– «Сырдария аруы» атанғанға дейін «Университет аруы» болғаныңыз туралы айтылды. Мұндай ауқымды байқауларға қатысу үшін қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– «Қыз жібек» қыздар клубының мүшесі ре­тінде біздер «Анаға тағзым» орталығы жанын­дағы "»Бойтұмар» қыздар клубының да жұмы­сына араластық. Айдана Маратқызы деген жетек­­шіміз бізді түрлі тренингтерге қатыстырып, психологиялық қолдау білдіріп, шеберлік сыныптарына қатыстырды. Сонда білгеніміз жас­тар ізденуден жалықпау керек. Талантын шың­дау үшін қызығушылығын арттыруға еңбек ар­қылы жетесің. Өнердің арқасында облысқа ел Президенті іссапармен келгенде жас отбасылар мектебінің «Жас отау» жұмысын көрсету кезінде жеңгесі мен қайынсіңлісінің арасындағы сырласу секілді жұмыстың көрінісіне қатыстым. Сонда Президент ризашылығын білідіріп, біздердің болашағымызға сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы өте мейірімді, жылы жүзді кісі екен. Осы сәт есімнен ешқашан кетпейді. Біз бақытты ұрпақ екенімізді, білім мен өнердің арқасында талай шыңдарды бағындыратынымызға көзіміз жетті.

– «Сырдария аруы» байқауына қайта келсек, сізге ұсыныс болды ма, әлде байқау туралы өзіңіз естіп, қатысуға тілек білдірдіңіз бе?

– Байқау туралы маған ұсынысты Тереңөзек кент клубы білдірді. Байқауға қатысуға келісім бергенімнен кейін тура екі апта дайындық жүрді. Сахналық образымды және сахналық киім үлгісіне клуб демеушілік жасады. Күнделікті дайындықтың арқасында бас жүлдеге ие болдым. Негізінен би өнерін алып шығу қиындық туғызбағанымен, өз өнерін көрсетудегі сахналық қойылымда көзге жас алу қиын болды. Бірақ, «Сәбилер жыламасын» қойылымы ешкімді бей жай қалдырмайды деген ойда болдым. Көрерменге жеткізуге бар шеберлігімді салдым. Қойылым авторы бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академия­сында оқитын қызылордалық жас өнер иесі Бекзат Ешмұратов басты рөлді алып шығатыныма сенді.

– Қойылымның сәтті шыққанын көрер­мен­дердің ыстық ықыласынан білдік, керемет өнер көрсеттіңіз...

– Иә, лебізіңізге рақмет. Байқау аяқталғанда көрерменнің арасынан бір әйел маған «Рақмет, Аружан, сен менің өмірімді көрсеттің, мен 10 жыл бойы сәби сүйе алмаған анамын. Мен секілді ананың жан айқайын жүрекпен жеткіздің» деп ризашылығын білдірді. Университеттегі оқытушылар мен студенттер қолдау білдірді. Жерлестерім облыста өнер көрсететін кезімде міндетті түрде барып, қолдау білдіретіндерін айтып жатыр.

– Тереңөзектің Аружаны бір күнде «Сырдария аруы» болып атанғаны өміріңізге өз­геріс әкелді ме?

– Танымалдылығыңыз артты ма дегіңіз келе ме, әрине, инстаграмда бір күнде мені мыңдаған адам көріпті, жақсы жылы лебіздерін білдіріпті, барлығына рақмет. Бұл өнерге деген құрмет, қыздардың әдепті, ибалы болуына деген тілектестік деп қабылдадым. Алда үлкен байқау бар, биыл университет бітіремін, негізгі мақсатым да диплом алып шығу. Өнер жолы киелі, оны алдағы уақытта жалғастыратынымды уақыт көрсетеді.

– Мерекелік сұхбатыңызға рақмет, сізге шығармашылық табыс, алдағы сұлулық бай­қауына сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен
Бибісара ЖАНӘЛІ
08 наурыз 2025 ж. 262 0