Әсемдік үйлескен арулар әлемі

Байқауға сымбаты мен сәні үйлескен, нәзіктік пен шырайлы сұлулықтың иесі, дүниенің алтын діңгегі бола білген – сегіз ару қыз қатысты. Олар: Аманкелді ауылдық мәдениет үйінен – Шапағат Жарқынбек, С.Сейфуллин ауылдық клубынан – Аймереке Итемірова, Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйінен – Көркем Төлебай, Бесарық ауылдық мәдениет үйінен – Іңкәр Ақылбек, Тереңөзек кенті мәдениет үйінен – Зере Дастанова, Қалжан ахун ауылдық клубынан – Орынкүл Дайрабаева, Айдарлы ауылдық клубынан – Айнура Нұрланқызы және Тереңөзек кенті клубынан – Аружан Ермағанбетова.
Сұлулық байқауына қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев құттықтап, сәттілік тіледі.
Төрт кезеңнен тұрған байқауға аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары, «Сырдария» квартетінің мүшесі Азиз Садықов бастаған қазылар алқасы қазылық етті. Атап айтқанда, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі, «Қоғам қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қызылорда қаласы Зияткер инновациялық мектеп-лицейінің хореографиялық тобының жетекшісі Людмила Пак, «Қазақ аруы – 2013» республикалық байқауының жеңімпазы, «Сыр аруы» облыстық байқауының продюсері, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының бас ұйымдастырушысы, «Сыр үміті» және «Жастар» сыйлығының иегері Әйгерім Қанатбаева, «Анаға тағзым» орталығы директорының креативті индустрия және «Отбасы» жөніндегі орынбасары, облыстық «Бойтұмар» қыздар клубының жетекшісі Айдана Хабиева және «Аяулым» сән салонының негізін қалаушы Әсел Оразбаева арулардың өнерін сарапқа салды.
Бірінші кезеңде бірдей үлгідегі киім үлгісімен сән көрсетіліміне шыққан қатысушы арулар алғашқы кезеңді сәтті орындады. Екінші кезең «Мен – қазақтың аруы» атты таныстыру бойынша арулар арнайы дайындаған бейнебаян арқылы өздерін таныстырды. Содан соң үшінші кезең «Өнерім менің – өрісім» деп аталып, арулардың өнері сынға түсті.
Ақыл десе ақылы, көркі десе көркі, өнер десе өнері бар арулар бұл кезеңде бар өнерлерін ортаға салды. Бірінші болып сахнаға шыққан Шапағат Жарқынбекқызы қыран бүркіттің композициясы – табиғат пен адам арасындағы еркіндік пен күштің көрінісін би арқылы көрсетті. Аймереке Ыбырайқызы Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесінің желісі бойынша «Қыз намысы» қойлымын қойды. Сахналық қойылымды Көркем Төлебай жалғастырды. Ол авторлық «Ана қадірі» қойылымын сахналады. Би өнерін нақышына келтіріп, би әлеміне бойлай білген Іңкәр Ақылбек «Шығыс биімен» көпшіліктің көңілінен шықты. Өзінің өнерге деген ерекше қабілетімен көрерменнің қошеметіне Зере Ерболқызы бөлене білді. Зере «Мәншүк туралы жырды» сахналық қойлыммен сәтті алып шықты. Өнерге деген сүйіспеншілігімен Орынкүл Дарханқызы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді, Айнура Нұрланқызы Шерхан Мұртазаның «41-жылғы келіншек», Аружан Талғатқызы авторлық шығарма «Сәбилер жыламасын» қойылымын қойып, дараланды.
Байқаудың соңғы «Сән мен сымбат әлемі» кезеңінде арулар отандық дизайнерлердің қолынан шыққан туындыларды, ұлттық киім үлгісін көрсетті.
Сұлулық пен өнер, ақыл мен парасат, білім мен ой-өрісінің дүниетанымы насихатталған байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Тереңөзек кенті клубынан қатысқан ару – Аружан Ермағанбетова жеңіп алып, «Сырдария аруы – 2025» атанды. Жүлделі бірінші орынды аманкелділік ару Шапағат Жарқынбек алса, екінші және үшінші орынға бесарықтық Іңкәр Ақылбек пен нағилық Көркем Төлебай лайық деп танылды. Барлық қатысушы арулар Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды. Байқау нәтижесімен облыстық «Сыр аруы» байқауының продюсері Әйгерім Қанатбаева екі аруға Іңкәр Ақылбек пен Аружан Ермағанбетоваға «Сыр аруы – 2025» байқауына жолдама берді.
Осылайша ұлттық өнер мен ұлы тарих, ұлттық құндылықтар мен еліміздің жетістіктерін құрметтеу мақсатын алға қойған сұлулық байқауы аудан тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Бибісара ЖАНӘЛІ