Газет таратушылардың еңбегін бағалауымыз қажет

«Адал азамат – иманды», «Адал еңбек – бәрін жеңбек», «Адал табыс – несібе» демекші, адал еңбек етіп жүргендердің қатарында хат тасушыларды, яғни газет таратушылардың еңбегін ерекше атап өтер едім. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерді күтіп алып, оны әр мекемеге, әрбір тұрғынның үйіне ауа-райына қарамастан уақытылы жеткізіп тұрады. Қатты сықырлаған аязда, шыжыған ыстықта, жауын-шашын, боранда, лайсаң көшеде жүріп жұмысын адал атқарады. Көшеде таратушы болып еңбек ететіндер кейде тіпті оқыс оқиғаға тап болып жатады. Қаңғыбас ит қаншама көшеде жүретін, міне сондай қауіпке қарамастан таратушылар еңбектеріне адал.
Мен жаңа қоныс аймағында тұрамын. Кенттегі «Әйтек» каналы мен Сырдария өзенінің аралығы әсем көз тартатын тұрғын үйлерге толды. Кісі қызығарлық небір керемет үйлер кенттің ажарын келтіруде. Бірақ, «әттеген-айы» осы жаңа үйлерге көше атаулары берілсе де, көшенің бойындағы үйлерге оның атауы мен нөмірлері әлі күнге дейін жазылып, қойылмаған. Газет таратушылар әр үйдің есігіне бормен нөмірін жазып, газет-журналдарды терезе, есікке қыстырып іліп кетіп жүр. Апарған газет кейде үй иелеріне жетпей жатады. Себебі пошта жәшігіне салынбаған газет желмен ұшып, батпаққа түсіп лас болып қалады. Сондықтан әрбір тұрғынға пошта жәшігін жасап қою қажеттігін айтқым келеді. Сонымен қатар сырттан келген қонақтар іздеген үйін табу үшін әр үйдің есігін қағып, көше атауын, нөмірін сұрап әлекке түсуде. Бұл жұртты да, үй егесін де әбіржітуде. Алдағы уақытта жұмысшы мамандыққа деген құрметіміз ретінде әрбір үй егесі дарбазасына пошта жәшігін ыңғайлап іліп қойса және кент әкімдігі тұрғын үйлерге көше атауы мен нөмірін жазса деген тілегім бар.
Сұлупан ШАМШАДИНОВА,
ардагер-ұстаз
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден