18 жыл күткен сәбидің үні

Расында, 2005 жылы отау құрған жас отбасы нәрестелі болудың қиындығын аз тартқан жоқ. Шыдамдылық пен сабырлықты өмірлік ұстаным еткен ерлі-зайыпты талай мәрте талпыныс жасағанымен, сәбилі болуға деген сенімділік азая бастайды. Еліміздің бірнеше өңіріне табан тіреп, денсаулықтағы кінәратты анықтауға барын салған Ердос пен Айгерім бір сәтке мойыған емес.
– Біз жолдасым екеуміз балалы болу жолында көптеген қиындықты жеңіп шықтық. Алғаш отау құрғанымызда жолдасым екеуміздің жасымыз 20-да еді. Ердос – «Болашақ» университетінің заң факультетінде, мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүрген едік. Студенттік жылдары біздегі мәселеге тереңнен бойлай алмадық. Кейіннен Тереңөзекке жұмысқа орналасып, дәрігерлерге көріне бастадық. Әрине, 18 жыл деген аз уақыт емес. Отбасымыздың беріктігін сақтап, жақсылық орнайтындығына сеніммен қарадық. Денсаулығымызда туындаған мәселені болмашы ауыртпалыққа баладық. Ізденіс үстінде жүріп, есейдік. Ұйқысыз түндер өтіп, көзден жас сарқылмаған сәттер жеткілікті, – дейді Айгерім Шерімқожақызы.
Шындығында, «Аңсаған сәби» жобасының көмегімен 10 мыңнан аса сәби дүниеге келген. Осы күні елімізде ЭКО жасайтын 30 клиника бар. Бұл ретте, кейіпкерлеріміз Ердос пен Айгерім Қызылорда қаласындағы Экомед орталығына 2019 жылы барады. Мұнда репродуктолог-дәрігер Гүлсім Әбенова қабылдау жүргізіп, ем-шараны бастап кетеді. Үнемі ақ халатты абзал жанның кеңесіне жүгінген ерлі-зайыпты Астана қаласындағы Экомед орталығының репродуктолог-дәрігері Алмаз Ибрагимовтың жетекшілігімен ота жасатып, 2023 жылы Аяла есімді сәбидің ата-анасы атанады.
– «Аңсаған сәби» жобасы әрбір отбасына қуаныш сыйлауда. Біздің қасымызда үнемі анамыз табылды. Қолдау көрсетті. Мойымауды үйретті. Ең бірінші кезекте сәбиімді қолыма алған сәтте ерекше бойымда аналық сезім орнады. Бұл дегеніміз – 18 жыл бойы күткен керемет бақыт. Ердос – Атырау қаласындағы «Тенгизшевройл» компаниясында оператор болып жұмыс жасаса, өзім №35 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Қай кезде де қиындықты еңсеріп, қолдау танытқан жандарға алғыс айтамыз! Ең алдымен, Алла Тағаланың, содан кейін дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында біз сәбилі болдық, – дейді Аяланың анасы.
Ерлі-зайыпты арасындағы айрықша махаббаттың символы бола білген Аяланың артынан ерері көп болсын дегіміз келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ