Ауған отында шыңдалған жауынгер

Интернационалист жауынгерлердің қатарында біздің де жерлестеріміз бар. Олардың саны жыл сайын азайып барады. Бүгінде ауданда құрылған «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жұмысына Жұмаділдә Нарымбетов жетекшілік етеді. Оқырмандар назарына ардагердің естелік әңгімесін ұсынамыз.
– Жұмаділдә Оспанұлы, мыңдаған өмірді қиған Ауған соғысына қатысқан жауынгер ретінде сол кездегі жас сарбаздың қалай әскерге алынғанын айтып берсеңіз...
– Бұл соғыс жайлы ол кезде айтылмады. Тіпті әскер қатарына алынған біз әскери құпияны сақтауға байланысты құжаттарға қол да қойдық. Туған жерім Қармақшы ауданынан 20 жасымда әскерге аттандым. Оған дейін Ақжар ауылындағы мектепте оқыдым. Ауылда жұмыс істеп, 1979 жылы маусым айында Өзбекстанның Термез қаласындағы әскери бөлімге танк полкіне, барлау ротасына алындым. Жанымда өзіммен бірге жерлесім Федор Добрин деген жолдасым болды. Ротадағы жалғыз қазақ едім. Басқалары түрлі ұлт өкілінен. Әскери борышымызды өтеп жүргенде сол жылы 19 желтоқсанда әскери дабыл қағылды. Түнгі 1-де жиын өтіп, Әмудария өзенінің жағалауында төрт күндей аялдадық. Өзеннен арғы бетке өтуге екі сағаттың ішінде пантон көпірі салынды. Барлық әскери техниканың, снарядтардың көпірден өтуіне жұмылдырылдық. Бас аяғы аз ғана күнде Ауғанстан жерінен бір-ақ шықтық. Қаңтардың алғашқы күндерінде Ауғанстан аумағындағы ең үлкен – Саланг асуында, таудың астынан өтетін жерде күзетте тұрдық. Сонан соң Кабул қаласының маңындағы таулы аймақта, тау етегінде қаншама күн аялдадық. 7-8 сарбазға бір палатка беріледі. Қыстық киіммен сонда жатамыз. Палатканың ішінде темір пеш бар. Соған тапқан таянған ағашты жағып жылынамыз. Жауынгерлерді барлауға жіберіп отырады. Сол маңда барлау бекеті болды. Күзетте тұрып, жергілікті халықтың жүгін тексеріп өткіземіз. Ол кезде біз кімнің жау, кімнің дос екенін білмедік. Бірақ жергілікті халықтың бізді жек көретінін сеземіз. Біз маджахеттермен соғысқа келгенімізді уақыт өте білдік. Жергілікті халықтың тұрмысы өте нашар еді. Жер кепе секілді үйлерде тұрады. Рейдке шыққанымызда олардың үйін тексереміз. Сонда үйдің ішінде ешқандай тұрмысқа қажетті зат, тым болмаса төсеніш те жоқ. Бала-шағамен күн көріп отырған қара халықтың қолында қарудың жоқтығына көз жеткіземіз.
– Сондай ауыр күндерді еске алу қиын екенін білеміз, дегенмен оқыс оқиғалар болды ма?
– Жоғарыда айтып өткенімдей біз рейдке шығып тұрдық. Жалал Абадқа техника мен азық-түлік жеткізуіміз керек болды. Барар жолда ешқандай оқыс оқиға орын алмады. Қайтар жолда бір жағымыз терең құз, екінші жағымыз биік тау. Біздің көліктің алдында қарбыз тиеген жергілікті адамдардың көлігі жүріп келе жатты. Соңынан ерген әскери көліктің бірнешеуі тізбектеліп келеміз. Кенеттен бірінші көлік минаға жарылды, таудың басынан келе жатқан көліктерге оқ жаудырылды. Ондайды көзіңмен көру адамды абдыратып тастайды екен. Командирдің бұйрығымен оқ атқан «нүктені» жою үшін әскери техникадағы пулеметпен қарсы оқ аттық. Екі сағат бойы атқылаған оқтың кесірінен жанымдағы бірнеше жолдасым жарақат алды. Менің ең жақын досымның жағына оқ тиіп, бет сүйегі жұлынып кетті, бірақ госпитальға жеткізіліп, аман қалды. Ондай сәтті ешкімнің басына бермесін, соғыс ешқашан болмасын. Қарша жауған оқ басты көтертпейді. Жоғарыдан атқылаған пулеметті бізге көмекке келген тікұшақ жойып жіберді. Біз аман-есен бекетке жеттік. Тағы бір есімдегі оқиға қышлагтарды аралап жүргенімізде де жанымдағы бір сарбаз бізден бөлініп кетті. Аз уақыт оны таппай қалдық. Бір кезде жан дауысы шыққан сарбаздың бізге қарай жүгіріп келе жатқанын көрдік. Жоғарыдан атқылаған оқтан өзбек сарбаздың көрер жарығы бар екен, аман қалды. Дұшмандар таудың арасында тығылып жүреді, олар жергілікті халықты үгіттеп бізге қарсы қояды. Ауғанстандағы қиын күндеріміз – ол жауынгерлердің топтасып бір палаткада жатқандықтан барлығымыз биттедік. Иә, кәдімгі бит. Үсті-басымызды қышытқан бит өріп кетті. Содан құтылудың амалын бензиннен таптық. Киім-кешегімізді жанар майға салып жуып, әрең құтылдық. Ауғанның жерінде қайдан тазалық болсын, тамақты жүре жеп, жергілікті халықтан айырбасқа алған азықпен тамақтандық.

– Иә, бұл соғыс жайлы шындық талай жыл құпия болып келді. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды. Біздің танк полкін таулы Ауғанстанда ұстап тұру тиімсіз екенін білді ма, бізді 6 айдан кейін қайтарды. 1980 жылдың шілде айында Самарқандтағы әскери бөлімшеге оралдық. Әскери борышымды екі жыл өтеп, елге 1981 жылы мамыр айында оралдым. Дивизиядағы мыңдаған интернационалист жауынгерлер түгел қайттық.
– Жергілікті халықпен тығыз араластық дедіңіз, ол жақта ұлты қазақ адамдарды кездестірдіңіз бе?
– Әскери міндетті өтеп жүрген кезімде қазақ азаматтарын талай көрдім. Бірде маған сарбаздардың бірі «бауырың келіп тұр» деді. Мен сыртқа шықсам, басында сәлде киген, үстінде шапаны бар бір кісі тұр. «Қазақсың ба?» деді. Мен: «Қазақпын» деп жауап бердім. «Өтірік айтасың, сен орыстармен жүрсін, қазақ екеніңді қалай дәлелдейсің» деді ол. Мен бала кезімде әкем марқұм кәлима айтуды үйреткен еді. Кәлимамды айтқанымда ол қазақ екеніме сенді. Жауынгерлермен талай мәрте қазақ отбасыларында болдық. Олар өгізге жегілген соқамен жер жыртып, егін егеді. Бидайды өсіріп, диірменге ұн тартып, нан көмеді. Нанды жұқа, шелпек етіп пісереді. Құрметтеп берген атала тамағын сол нанмен жедік, оларда қасық болмайды екен. Ауғанстанда сол кездің өзінде шетелден келетін заттарды көретінбіз. Жапондық қол сағаты, магнитафон, неше түрлі джинсы шалбар, темекінің неше түрлісін сатып алатын сарбаздар. Бірақ, шекарадан өткенде өзімізбен бірге ештеме алып шығуға болмады. Сол жақта түскен фотосуреттерді де алып шыға алмадық. Ауылдан хат келеді, біз хат жазамыз. Хатта амандық сұрасып қана қоямыз. Қай жерде, не болып жатқанын құпия сақтаймыз. Себебі солай айтуға қол қойғанбыз.
Пәкістанмен шекаралас Жалал Абад қаласында да болдық. Онда қыс болмайды. Пальма өседі. Кабул тау етегінде орналасқан қала. Жастық жігермен жүре беріппіз. Соғыста болғанымызды ойласақ, қазір жанымыз түршігеді.
– Әскери борышты өтеу – ер азаматтың міндеті. Сол борышты өтеу жолында от пен оқтың ортасында болдыңыз. Қазір ауданда сіздердің қатарларыңыз да жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетіліп жатқан жеңілдіктер қандай?
– Осыдан біршама жыл бұрын ауданда 24 ардагер едік. Қазір бар болғаны 15. Ақжарма, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Шаған ауылында бір-бірден, А.Тоқмағамбетов, Аманкелдіде екі ардагерден және Тереңөзек кентінде 7 азамат бар. Әлсейіт Достияр Ауғанстанда жарақат алып, мүмкіндігі шектеулі болып оралғандықтан ол Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген. Қалғандары мемлекеттен берілетін жәрдемақы алады, зейнеткерлікке шықпаған 1-2 азамат бар. Барлығымызды ҚР Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері заңды тұлғалар бірлестігі басымызды біріктіреді. Орталық кеңестің төрағасы бар. Ол Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Марат Қойлыбаев. Біз бар өтініш-тілегімізді жиындарда айтамыз. Соның бірі ардагерлерді соғыс ардагеріне теңестіру. Қазір өзім де аудан әкімінің мүгедектер жөніндегі кеңесшісімін, «Туран-Шах» Қызылорда мүгедектер қоғамдық бірлестігінде 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көмекші мамандарының нұсқаушысы қызметіндемін.
Ауған ардагерлерінің барлығы батыр, оларға қандай қамқорлық, құрмет жасалса да артық етпейді. Себебі он жылға созылған Ауған жеріндегі соғыста сарбаздар жанын бермесе де, Отан үшін оттың ортасында болды. Өкініштісі, қазіргі жастар әскерге барғысы келмейді. Елімізді қорғайтын ер азаматтарымыздың жігерсіз болуы ұлтымыздың құндылығын құлдыратады.
– Иә, биыл Ауғанстан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Бүгін өзімізбен бірге елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу – біздің борышымыз. Әңгімеңізге, рақмет!
– Ауған қаһармандарын қадірлеп, құрметтегендеріңізге рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ