Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймағымызда алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды

Аймағымызда алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды

Кеше Сыр медицинасының тарихында айтулы күн болды.

Аймағымызда алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Көпбейінді облыстық ауруханада 40 жастағы еңбекке қабілетті пациентке жасалған бауыр трансплантациясы отасы сәттi аяқталды. Донор – 1993 жылы дүниеге келген пациенттің туысы. Тоғыз жылдан бері бауыр циррозы дертіне шалдығып, емi нәтижесіз болған науқас үшін бұл көптен күткен қуаныш.

Он сағатқа созылған ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта ем алушы бұрынғы өмірiне оралды десек болады, яғни емделуге тәуелділiк, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босап, жұмыс істеуге және белсенді өмір салтын ұстануға толыққанды мүмкіндік алды.

Трансплантацияның Қызылордада жасалуына А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Баймаханов Болатбек Бимендіұлы жетекшілік ететін трансплантологтар қолдау білдірiп, арнайы келді.

Айта кетейік, көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері де отаға қатысып, тәжірибе алмасты. Бауыр ауыстыру отасы алдағы жылдары да жалғастырылмақ. Бүгінде Қызылорда облысында 16 адам бауыр трансплантациясын жасатқан. Олардың денсаулығы жақсы.

Заманауи хирургияда донорлық бауырды сәтті трансплантациялау – созылмалы, асқынған ауруы бар науқастарды қалпына келтіріп, олардың толықтай медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді.


@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
17 қаңтар 2025 ж. 54 0