Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

Күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

Қызылордалық 58 жастағы азамат өзінің 49 жастағы әйеліне бір бүйрегін берді. Олардың екеуінің де қаны бірінші топта, денсаулық жағдайы өзге де талаптарға сай келген.

Облыстық көпбейінді ауруханада екі күн бойы қатарынан бүйрек жеткіліксіздігі жағдайына байланысты күрделі екі ота жасалды. Олардың екеуі де әйел, бірі – 46 жаста болса, екіншісі – 49 жаста. Біріне туған бауыры, енді біріне күйеуі донор болған. Екеуі де созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан. Бірі жасанды бүйрек аппаратымен үш жылға жуық ем алып жүрген.

Отаға облыстық көпбейінді аурухананың директоры, PhD доктор, трансплатолог Жасұлан Баймаханов, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесінің басшысы Исла Мададов, аталған орталықтың операциялық блок меңгерушісі, уролог-трансплантолог Ернұр Белгібаев, уролог, екінші санатты хирург дәрігер Ельшад Набиев және өзге де білікті мамандар қатысты.

Бірнеше сағатқа созылған екі ота да сәтті өтті. Білікті мамандар тәжірибесін еліміздің өзге өңір дәрігерлерімен онлайн түрде «Бүйрек трансплантация» атты шеберлік сағатында бөлісті. Білікті мамандар қызылордалық дәрігерлер жасаған күрделі отаның сәтті өткенін лайықты бағалап, тың ізденіс жасалып жатқанын атап өтті. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов Алматыдан арнайы келген А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлеріне өте маңызды отаның сәтті өтуіне қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді. Басқарма атынан «Алғыс хат» табыс етті.

Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында алғаш рет бүйрек ауыстыру отасы жасалған еді. Оны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты.

21 наурыз 2024 ж. 82 0