«Әдемі-айда» әдемі кеш
Барлық баланың ең асыға күтетін мерекесі – Жаңа жыл. Жақында аудандық мәдениет үйінде «Әдемі-ай» би орталығының жаңа жылдық кеші болып өтті. Бала біткенге қуаныш сыйлайтын жаңа жылдық шыршаны кішкентай бишілер жақсы көңіл-күймен қарсы алды.
Мерекелік іс-шарада ең алдымен кішкентай бишілер аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Шрек» ертегісін тамашалады. Содан соң «Әдемі-ай» бишілерінің кішкентай тобының жаңа жылдық шыршасы басталды. Шырша салтанатын би орталығының құрылтайшысы Әсет Ахметов ашып беріп, кештің көңілді өтуіне тілектестігін білдірді.
– Құрметті балалар, ата-аналар, Жаңа жыл мерекесі құтты болсын. Келіп жеткен жылан жылы құт-береке, зор денсаулық, мол бақыт ала келсін. Жаңа жылда аңсаған армандарыңыз орындалсын, – деді Әсет Бақытжанұлы.
Көңілді кеште мың бұралған «Әдемі-ай» бишілері түрік және заманауи билерді нақышына келтіре орындады. Жаңа жылдық мереке одан әрі бүлдіршіндердің әсем әні мен тақпақтарымен көңілді жалғасын тапты. Бишілердің сахналық киімі, кейіпкерлерді бейнелейтін шырша киімдері әдемі кешке көрік берді. Басты қонақ ол – Аяз ата мен Ақшақар болды. «Мұның бәрі әрине кішкентай бишілердің қуанышы үшін жасалған дүниелер» дейді би орталығының құрылтайшысы. Кештің кішкентай кейіпкерлеріне, би орталығының мүшелеріне, жалпы 40 оқушыға мерекелік сыйлық таратылды.
Айта кетейік, бағы мен бабы қатар шауып, өнер айдынында еркін жүзген «Әдемі-ай» би орталығы 2023 жылы құрылып, бүгінде түрлі деңгейдегі байқауларда үздік шығып, өз көрерменін қалыптастырып үлгерген. Қазіргі таңда би орталығының хореографтары – Әнел Оразханова мен Айсұлу Қалданқызы. Сондай-ақ, орталықта алыстан келіп қатысатын бишілерді тасымалдайтын қызметі бар.
Би өнерін жанына серік еткен «Әдем-ай» би орталығының бишілеріне шығармашылық табыс тілейміз!
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА