Бар жақсылық – балаларға
Бала біткенге қуаныш сыйлайтын жаңа жылдық шырша салтанатының орны қай кезде де ерекше. Кеше аудандық спорт кешенінде аудандағы бақытты балалық ордасы «Бақнұрбөбек» және «Аяла» балабақша тәрбиеленушілерінің жаңа жылдық кеші болып өтті.
Қуанса, бала қуансын... Үлкен залдағы зәулім шырша, түрлі мультфильм кейіпкерлері, сәнді бишілер мен әншілер, басты қонақ Аяз ата мен Ақшақар. Бұның бәрі кішкентай балғындардың қуанышы үшін жасалған дүниелер. Бүлдіршіндер де түрлі кейіпкерлерді бейнелейтін шырша киімдерін киіп, мәре-сәре.
Шырша салтанатын балабақша құрылтайшысы, «Бала жанының бағбаны» Ақтоты Асылбекқызы ашып берді. Балалар мен ата-аналарды жаңа жылмен құттықтап, кештің көңілді жалғас табуын тіледі.
– Құрметті балақайлар, баршамызға Жаңа жыл құт-береке, зор денсаулық, мол бақыт алып келсін. Бала – біздің болашағымыз. Кішкентайлардың жүзінен күлкі кетпесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді балабақша құрылтайшысы.
Көңілді кешке аудандық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Ерлан Әбдікеров қатысып, жүрекжарды лебізін арнады. Сондай-ақ балабақша ұжымына арнайы «Алғысын» тарту етті. Шырша салтанатына облыс орталығынан «BabyShow» аниматорлық тобы шақырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түрлі кейіпкер образына енген қыз-жігіттер балалармен бірге ойнап, би билеп, ән салды. Балалар ғана емес, ата-аналар да бір сәт сергіп, көңіл көтеріп қайтты.
– Балаларымыз осы «Бақнұрбөбек» балабақшасында тәрбиеленуде. Жұмысбасты ата-ана үшін балабақша таптырмас көмекші. Ал орталықтың сенімді әрі барлық жағдай жасалған болуы тіпті тамаша. Осы ретте ұдайы игі істің басы-қасынан табылып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып жүрген балабақша құрылтайшысы Ақтоты Асылбекқызына алғысымыз шексіз. Бүгін де қанша бала үшін жаңа жылдық шырша ұйымдастырып, демеушілік жасап, балаларды қуантып жатыр. Баламыз риза, өте жақсы әсер алды, – дейді балабақша тәрбиеленушісі Әбумансұр Ақылбекұлының ата-анасы.
Балаларға бақытты сәт сыйлаған шоу-шыршаға 250 бала қатысып, қуанышқа бөленді. Салтанат барысында осынша балаға тәтті капкейк таратылса, бағдарлама соңында барлығына тәтті толы жаңа жылдық сыйлық үлестірілді.
Айта кетейік, аудандағы бақытты балалар ордасына айналып, үлгілі істе ұдайы алдыңғы қатардан көрінетін балабақшаның іргетасы 2017 жылы қаланған. Жоғары категориялы мамандар мен білікті тәрбиешілер бірлесе еңбек етіп отырған төрт балабақшада 250 бала тәрбиеленіп, ел ертеңдерінің болашағы үшін 68 білікті маман қызмет етуде.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ