Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыста 86 адвокат тегін заң көмегін көрсетеді

Облыста 86 адвокат тегін заң көмегін көрсетеді

Әділет департаменті – ұлттық заңнаманы қалыптастырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғап қана қоймай, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді мақсат етеді. Бүгінде әділет органдарымен мемлекеттік қызметтің 12 түрі көрсетіледі. Органның негізгі қызметінің бірі – нормативтік құқықтық актілерді тіркеу саласы. Биыл сала бойынша келісуге ұсынылған 240 нормативтік құқықтық акті жобасының 36 пайызына келісім беріліп, мемлекеттік тіркеуден өткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық әділет департаментінің басшысы Ирина Бәкішева айтты.

– Осы жылдың басты жаңалығы – әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді шығару, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою мәселелерін реттейтін ҚР заңнамасын сақтау саласында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі айқындалды. Мемлекеттік бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүргізіледі. Өзгерістер 2024 жылдың 8 маусымынан бастап қолданысқа енгізілді. Ал, жоспарлы тексерулер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын болады. Одан бөлек, департамент заңды тұлғаларды тіркеу бағыты бойынша коммерциялық емес ұйымдарды тіркейді. Биыл облыс бойынша 521 заңды тұлға тіркелді. Әділет департаментінің тағы бір міндеті – заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру. Бүгінде облыс бойынша 168 адвокат бар болса, әділет департаментімен 86 адвокат тегін заң көмегін көрсетеді. Департаменттің заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру саласындағы функциясы - нотариустардың жасаған нотариаттық іс-әрекеттерінің заңдылығына бақылауды жүзеге асыру. Сондай-ақ, облыста 72 жеке сот орындаушы жұмыс жасайды, оның ішінде 14-і аудандарда, 58-і Қызылорда қаласында орналасқан. Ал, мемлекеттік сот орындаушыларының саны – 10. Бүгінде сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шаралар қарастырылып келеді,- деді Ирина Жұмабайқызы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
27 желтоқсан 2024 ж. 73 0