Үрейге берілмеудің жолы көп
Адам еркіне бағына бермейтін, нақты бір түсініксіз көрінетін қорқынышқа ғалымдар «фобия» деп анықтама берген. Әлемде 40 мыңға жуық фобия болса, оның 10 мыңы кеңінен таралған болып есептеледі. Денсаулыққа кері әсерін тигізетін қорқыныш түрлері адамның көңіл-күйіне тікелей әсер етеді.
Көпшілік арасында жалғыз қалудан, жақындарынан айырылудан қорқатын жандардың бойында абаннумофобия басым болады. Ал жуынудан, жуудан, тазалаудан қорқатындарды аблютофобия десе, құс болып ұшып кетуден сақтанатындарды авидсофобия деп атайды. Биіктен және қараңғыдан үрейленетін жандар қоғам өмірінде баршылық. Кейбір жағдайда дене қозғалысынан сескенетіндер көп. Ашуланудан қорқатындар ангрофобия ретінде қарастырылады. Гүлдерден, жұмсақ ойыншықтан, камераға түсуден, құстардан қорқу секілді фобияның қаншама түрі адам өмірін өзгеріске ұшыратуда.
Ойлы оқырман номофобия дегенді жиі естімеген болар. Мұндай жағдай барлық адамның басында болуы мүмкін. Яғни, смартфонсыз жүруден қорқатын жандар номофобияның шырмауына түседі. Тәуелділіктің салдарынан психологиялық тұрғыдан адамда ауытқу пайда болып, ұялы телефоннан бір сәтке алыстағысы келмейді.
Фобия жай ғана құбылыс емес. Оның денсаулықты нашарлататын бірнеше факторы бар. Фобиясы бар адамда тамыр соғысы жиілеп, демнің ұлғаюы байқалады. Бозарып немесе тез қызарып кеткен адамда мазасыздық туындайды. Шындығында адамда фобияға шалдығу бала күнінен пайда болады. Ауыр психикалық қатерден туындайтын аталған сезімталдық өмір бойына жалғасын табуы мүмкін.
– Үнемі адам күйзелісте немесе шаршаңқы көңіл-күйде жүреді. Психологиялық тұрғыдан қорқыныш сезімі ұялағанда адам өзін сабырға шақырғаны дұрыс. Сыртқы және ішкі ортаның әсерінен фобияға бой алдырған жандар өз-өзін ырқына көндіре алмайды. Қобалжып, қиындыққа тап болып жатады. Мұндайда маман ретінде көпшілікке қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Жастар денсаулығы орталығының психологы Назира Тәжібаева.
Әлеуметтік желі арқылы фобия тақырыбында сөз қозғағанымызда есімін атауды жөн санамаған оқырман кішкентай кезінен келе жатқан фобиясымен бөлісті. Ол қараңғылықтан және тар жерде қалып қоюдан үрейленеді. Ахлуофобия және клаустрофобия әсерінен шыға алмайтын кейіпкеріміз өз әсерімен бөлісті.
– Осыдан 2 жыл бұрын ағам өмірден өткеннен кейін бойымдағы фобия белгісі қайта белең алды. Жарық өшіп тұрған бөлмеге кіруге қорқамын. Содан кейін тар бөлмеде қалып қойған жағдайда артымнан біреу қарап тұрғандай сезімде боламын, – дейді басылымның тұрақты оқырманы.
Балалар арасында үй жануарларынан қорқу сезімі жиі кездеседі. Негізсіз қорқудың адам өміріне қауіптілігі жоғары десек, үрейге берілмеу амалын жасау қай кезде де маңыздылығын жоймайды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Фото: ernur.kz