Қорқыныш пен фобияның айырмашылығы
Фобия – қорқыныш, бірақ кез келген қорқыныш фобия бола алмайды. Әр адамның бойында қорқыныш болады, ал фобия барлығында бола бермейді. Олар бір-бірінен қалай ажыратылады?
Фобия – негізсіз мән, логикаға сыймайтын қорқыныш. Фобияның неден туғаны белгісіз болса, онымен күресу қиын, өзінен өзі жойылмайды. Оның салдары адам психикасының терең қабатында жатады.
Қорқыныш – жай ғана адамның туа бітті пайда болатын қорғану сезімі болса, фобия – мәселе туғызарлық симптом. Мәселен адам көпшілік алдына шығып сөз сөйлеуде жүрексінеді дейік. Бұл қорқыныш па, фобия ма? Екеуі де болуы мүмкін. Қалай ажыратамыз?
Егер ол неге ыңғайсызданатынын саспай түсіндіріп берсе, көпшілік алдында күлкіге қалуым мүмкін немесе мен туралы ойлары өзгеруі ықтимал деген сияқты ақылға қонымды жауап айтса, бұл жай ғана қорқыныш.
Ал егер мүдірмей сөйлеп шыға алатынымды білемін, бірақ неге екенін білмеймін, қорқып тұрмын деген сияқты нұсқада жауап берсе, бұл – фобия.
Адамда фобия болса, ол жай ғана қорқып тұрған адамға қарағанда, аяқ-қолы дірілдеп, жүрегі дүрсілдеп, тіпті талып қалуға дейін жетуі мүмкін.
Жай үрейден, фобияның қарқыны күшті. Жай үрейлі адам не үшін қорықатынын байыппен түсіндіре алады, одан қандай жапа шегуі мүмкін екенін де нақты біледі. Фобиясы бар адам өзіне сенімсіз түрде әрі қорқынышы туралы айтудың өзіне қорқады. Әр сөзінен жаңылып: "Қорқатын түгі де жоқ екенін білемін, бірақ бәрібір қорқынышым сейілер емес" деген мәндегі жауаптар айтады.