Жұлдыздай жарқыраған Жұлдызай әже
Есім қоюға ерекше мән берген халқымызда «Адамның есімі – оның жарты ғұмыры» деген тіркес бар. Жұлдызай Ермағанбетованың есіміне зер салсақ, «жұлдыз» және «ай» деген екі ұғымнан құралған. Екеуі де қастерлі, екеуі де құнды және мәні мен маңызы тереңде жатқан ұғымдар. Кейіпкеріміздің айтуынша, әкесінің інісі Сұлтанбек деген ағасы жұлдыздай жарқырап, айдай әсем болсын деген ниетте қойыпты. Сол игі ниет бүгінде орындалды, Жұлдызай Ералықызы өнердің де, білімнің де жұлдызына айналды.
«Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі ғана емес, негізін құруға бастамашыл болған ардақты анамен жолығу бізге оңайға түспеді. Кітаптың үшінші бөлімін осы кісінің өміртарихын зерттеп, зерделеуден бастауды жөн көрген едім. Бірақ Жұлдызай апамыз бірде қалада, енді бірде тойда, тағы бірде қонақта болды. Әйтеуір үшінші рет іздеп барғанымызда жолығудың сәті түсті. Онда да қаладан келе жатыр екен. Бізді күтіп алып, төрге оздырған үй егесі Анықбек Қаймолдаев ағамыз бен балдай тәтті немерелер отбасының тарихы, ата-балаларының елге сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, негізгі кейіпкеріміз келемін дегенше аз-кем сұхбаттастық. Сүтпісірім уақыт өткенде ақ жаулықты ананың жарқын дауысы естіліп, бізді құшақ жая қарсы алды. Айтуынша, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері жыл басынан бері бір-бірін қонаққа шақырып, дастарханнан дәм татқызып жатыр екен. Кезек Қаймолдаевтар отбасына келіпті. Соның қамымен базарлатып кеткен екен.
Жұлдызай апайды бірінші рет көрсем де бұрыннан таныс адамдай емен-жарқын әңгімелесіп кеттік. Бойынан білім-парасат, ақыл-ой, өнер-мәдениет ұғымдарының үлгісі анық байқалады. Әр сөзі нық. Сыпайы әрі салмақты. Қойылған сұраққа нақты әрі дәйекті жауап береді. Сөз саптауына қарап, ұстаздықтың шыңына шыққан мерейлі мұғалім һәм ардақты ардагер екенін ұғындық.
– Айналайын, талап оң болсын! Кітап жазу – оңай жұмыс емес. Абырой берсін, – деп бастады Жұлдызай апа әңгімесін.
Әрі қарай отбасы, шыққан тегі мен өмір жолы, еңбектегі жетістіктері туралы айтып берді. Бұл кісі Нағи Ілиясов ауылының тумасы екен. 1955 жылы 16 қазанда дүниеге келген. Ол кезде ауыл Карл Маркстың атымен аталатын. Әкесі Ералы Ермағанбетов елге жеңіспен оралған майдангер болыпты. Мектепте математика пәнінен сабақ берген, кейін шаруашылықта күрішші болып еңбек еткен, бригадир де болған. Ал анасы Марияш Есқалиева жастайынан еңбекке араласып, ауылдық советте жұмыс істеген. Соғыс жылдарындағы тылдағы тауқыметті еңсерген бейнеткеш жан болған. Ауылдық медпунктте де жұмыс істеп, қолтаңбасын қалдырған. Әкеден тәлім, анадан тәрбие алған отбасында 2 ұл, 4 қыз ержетіпті. Жұлдызай апа үйдің үшінші перзенті екен. Алдында бір ағасы мен бір апасы, сосын екі сіңілісі мен бір інісі бар.
– 1962-1972 жылдары Э.Тэльман атындағы орта мектебінде оқыдым. Кейін Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа құжат тапсырып, музыка бөліміне оқуға түстім. Оқу орнын музыка пәнінің мұғалімі деген мамандық бойынша тәмамдап, 1976 жылы еңбек жолымды өзім білім алған мектепте бастадым. Ол кезде мектеп директоры Түймебай Айтбаев ағай еді. Музыка пәні 1-7 сыныптарға берілетін. Мен қосымша еңбек сабағынан да дәріс бердім. І санатты мұғалім ретінде оқушыларыммен бірге жасақтаған еңбек пәні кабинетім бірнеше жыл қатарынан облыс бойынша ең үздік кабинет аталып, үлгі ретінде таратылды. Хор, би, домбырашылар ансамблін ұйымдастырып, өнерге құштар оқушыларды талай байқауларға қатыстырдым. Қазіргі «Ақ әжелер» ансамблінің бірқатар мүшесі сол кезде мектеп жанынан құрылған топта хор айтатын. Оның құрамында Атлас, Шолпан, Сәрсен, Сәнтай, Шырын және өзім болдым. Негізі баянда жақсы ойнаймын. Домбыра да тарта аламын. «Наурыз шапағаты» фестивалінде мектеп ұстаздары талай рет жеңімпаз атандық, – дейді Жұлдызай Ералықызы.
Еңбек жолының басталуымен отбасылық өмірі де басталған. 1976 жылы Анықбек Қаймолдаевпен бас қосып, шаңырақ көтерген ол өмірлік жарының өзімен бір сыныпта оқығанын, студенттік кезде де бір оқу орнында білім алғанын айтады. Анықбек Қаймолдаев мектепте, кейін шаруашылықта еңбек еткен. Іскер азамат жауапкершілік жүгін арқалап, бригадир де болған. Қазір бейнетінің зейнетін көріп, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен. Қос тұлғаның әкелері Меңлібай Қаймолдаев пен Ералы Ермағанбетов жақын дос болыпты. Сәдуақас Әлиев деген азамат үшеуі әскерде де, майданда да бірге болған достар екен. «Әкесі достың баласы дос» деп бекер айтылмаса керек-ті. Достардың ұл-қыздары да сыйластықты, сезімді ту еткен.
– Әкеміз ұстаз болған кісі. Бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. Анам Зухра тыл ардагері еді. Поштада жұмыс істеді. Менің алдымда ержетіп, енді үйленеді деп тұрған ағам аяқасты қайтыс болған. Содан Жұлдызай отбасымыздың алғашқы келіні ретінде әкем мен анамның барлық мейір-шапағатын сезінді. Сағынып жеткен келініне үлкен кісілердің махаббаты ерекше болатын. Өзі де текті жердің қызы ғой. Бар бақытым, байлығым – төрт қызым, ұрпақтарым. Аллаға шүкір деймін, – деген Анықбек ағаның сөзін жандандырған Жұлдызай апа келген жерінің өте жақсы отбасы, өсіп-өнген әулет болғанын ерекше тебіреніспен айтып берді. Төрт қызды дүниеге әкеліп, жетілдірген ана 15-ке жуық немере сүйіп отырғанын да мақтанышпен жеткізді.
– Үлкен қызым Анар Алматыда тұрады. Кондитер өнімін өндіретін үлкен цехта жұмыс істейді. Алмагүл қаладағы №261 С.Лапин атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Қарлығам Қорқыт ата университетінде агрономия факультетінде оқытушылық қызмет атқарады. Үйдің кенжесі Қаракөз №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде еңбек жолын бастап, қазір «Зияткер» инновациялық мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде шәкірттерге білім беріп келеді. Бәрі жоғары білімді мамандар. Бауырыма басқан Нұрәділ деген немерем бар. Әр немеремнің орны бір төбе. Осы ұрпақтарымның қызығын көріп, ардагерлік кезеңге аман жетіп, «Ақ әжелер» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүргенімді бақыт санаймын, – дейді Жұлдызай апа.
Әрі ақын, әрі сазгер жан «Ақ әжелер» ансамблінің ән қоржынындағы бірнеше туындының әні мен сөзін жазған. Оның ішінде «Ақ әжелер» әнінің алатын орны ерекше. Мұнан бөлек «Бөпешім, бал-бөбегім» әні де тыңдарманның оң бағасына ие болған. Ж.Ермағанбетованың Қорқыттың күйлерін жинақтап, арнайы дискіге түсіруі де өнер саласына сіңірген еңбегінің бір бөлігі. Ал «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жеңімпаз атануы, асыл жар, ардақты ана, аяулы әже ретінде құрметке бөленуі жұлдыздай жарқыраған Жұлдызай апаның шуақты шаңырақтың шамшырағы екенін білдіреді. Сондықтан Н.Ілиясов ауылының халқы да, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері мен тыңдармандары да Жұлдызай Ермағанбетованың жұлдыздай жарқыраған Жұлдызай әже деп атайды. Лайым, сол жұлдыз мәңгі жарқырап, жайнап, абзал ананың өмірі бақыт пен шаттыққа толы болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ