Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоңазытқыштың іші-сыртын тазартудың ең арзан әрі оңай тәсілдері

Тоңазытқыштың іші-сыртын тазартудың ең арзан әрі оңай тәсілдері


фото: home-gid.com

Тоңазытқыштағы зең мен одан шығатын жағымсыз иіс әрбір үй шаруасындағы қыз-келіншектерді мазалайтыны анық. Бүткіз азық-түлікті қойнында сақтайтын тоңазытқыштағы иіс ішіне қойған барлық тағамдардың, көкөністер мен жемістердің тез бұзылуы және дәмінің өзгеруіне әкеліп соғады. Сондай-ақ салқындатқыш құрылғысының дұрыс жұмыс істеуіне де кедергі келтіреді. Біз бүгін осы жағдайлардың алдын алып, қалтаға салмақ салмайтындай әдіс-тәсілдер туралы айтамыз.
Тоңазытқыштың ішін тазалау үшін...
Қазіргі кезде тұрмыстық салада көптеген химиялық тазалау құралдары («Мистер мускул», «Доместос» және т.б.) бар. Бірақ оларды аса сақтықпен қолдану қажет. Сондай-ақ, арзан әрі денсаулыққа зиянсыз тазарту құралдары бар:
  • кір сабынды езіп сумен жақсылап араластырып аламыз. Екі қайтара тоңазытқыштың ішін сүрткен соң кептіріп, желдетеміз.
  • ас содасы және сірке суы - мұның екеуі де көгерген жерді кетіруге таптырмас құралдар: 1литр жылы суға 2 ас қасы ас содасын салып, араластырып, тоңазытқышты түгелдей дерлік сүртіп шығыңыз. Әсіресе есік пен оның айналасына қойылған резеңкелер арасын мұқият тазалағаныңыз жөн. Осыдан кейін аз ғана сірке қышқылын сумен араластырып, тоңазытқышты шүберекпен сүртеміз. Ас содасы көгергенді кетірсе, сірке қышқылы жағымсыз иістен арылтады.
Тоңазытқышта сары дақтар пайда болса...
Сары дақтар – уақтылы тазаланбаған сұйықтық қалдықтары. Бұл үшін сізге нашатыр спирті мен тіс пастасы араласқан қоспа көмекке келеді. Қоспаны дақ пайда болған жерлерге жағып, ысқылап, артынан жылы суға малынған шүберекпен сүртіп тазалаған жөн. Есігін ашық қалдырып ішін кептіріңіз.

Тоңазытқыштың сыртын қалай тазалау қажет?
Уақыт өте келе тоңазытқыш сыртында саусақ пен тамшы іздері және күн көзінен түскен жарықтан пайда болған сарғыш дақтар пайда болады. Мұны кетіру үшін кез келген тұрмыстық тазалау құралдары арқылы іске асыруға болады. Алайда оның да өзіндік зиянды тұстары бар. Сондықтан да ең қарапайым және оңай тәсіл - тағы да ас содасы. Тек бұл жерде ас содасын суға малынған жөкеге (губка) салып, дақ тиген жерге жағасыз да, 5-10 минутқа қалдырып, сүртіп аласыз.
Егер тоңазытқышыңыздың ұзақ уақыт тиімді қызмет атқарғанын қаласаңыз, мына жайттарды ұмытпаңыз:
  • тоңазытқышты күннің сәулесі тікелей түсетін тұсқа қоймаңыз;
  • тоңазытқыштағы тағам, көкөніс және т.б ұзақ сақтамауға, жаңалап тұруға тырысыңыз;
  • әрбір тағамның беті жабулы болуын қадағалаңыз, бұл үшін арнайы ас пленкалары да бар;
  • төгілген, тамған сұйықтықтарды мейлінше уақытында тезірек тазалап, сүртіп тұрғаныңыз абзал;
  • айына 1-2 мәрте тоңазытқышты ас содасы мен сірке қышқылы арқылы тазалап тұрыңыз, құрғақ шүберекпен жылтырағанша сүртіңіз;
  • Беті ашық ас содасының қорабы немесе лимон тіліктері жағымсыз иісті болдырмайды;
Осы тәсілдерді қолдана отырып ас тағамдарыңыздың балғын қалпын және де тоңазытқышыңыздың тазалығын ұзақ уақыт сақтауға болады.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
ERNUR.KZ
05 маусым 2018 ж. 1 543 0