Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Күздің ең үрейлі мерекесі: Жастарды адастырған

Күздің ең үрейлі мерекесі: Жастарды адастырған

Соңғы уақытта елімізде, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында хэллоуин мерекесі кеңінен тойланып жүр. Масқарасы сол, бұл мерекені балабақша жасындағы балалар мен мектеп оқушылары да асыға күтетін болған.

Аталған мейрамға қызығып, тойлаушылардың қатарыжыл сайын артып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде қазан айы басталысымен хэллоуинді тойлауға арналған жарнамалардан көз сүрінеді.Ең сорақысы кейбір ата-аналар мектепте оқитын балаларына осы мерекеге байланысты түрлі ойын-сауық жиындарын ұйымдастырып беріп жатады. Баласының ортасынан кем болмауын ойлайтын ата-аналар кіру құны әжептәуір қымбат болса да осындай арнайы ұйымдастырылған іс-шараларға арнайы алып барады. Жастарды елең еткізіп, жыл сайын асыға күтіп, одан қалды дүбірлетіп тойлататындай бұл күннің біз білмейтін қандай құдіреті бар? Бұл мереке біздің қоғамға қажет пе? Ендеше жастардың санасын улаған хэллоуин мерекесінің шығу тарихы мен мән-мағынасын саралап көрелік.

Хэллоуинның шығу тарихына көз жүгіртсек, бұл – ең алғаш АҚШ-та пайда болған пұтқа табынушылардың мерекесі. Мерекенің тарихына үңілсек, ол әлемдегі жын-перілердің ескі мейрамдарының бірі болып саналған. Көрер көзге түрпідей тиіп, оғаш көрінетін ойын-сауық ежелгі кельт мәдениетінің тылсым күштерді ұлықтауы болып саналады. Яғни, христиандық әулие-әмбиелерге тағзым ретіндегі жоралғы тоғысқан. Айта кетейік, Хэллоуиннің негізгі идея­сы тірілер мен өлілер әлемі арасындағы байланыс. Бұл түнде, аңыздарға сәйкес, өлгендердің рухтары Жерге оралады, адамдар зұлым рухтарды қорқыту үшін немесе ішкі қорқыныштарын жеңу үшін қорқынышты костюмдер киеді. Алғашында бұл кезекті қарапайым мереке ретінде тойланса, уақыт өте келе нағыз жын-ойнақтың өзіне айналған. Алғашында бұл күні адамдар түрлі киімдер киіп, беттерін бояп, көшелерде ұсақ-түйек бұзақылықтар жасай бастайды. Одан бөлек түрлі қорқынышты бейнеде бірін-бірін қорқытып, тәттілер сұрайтын болған. Адамдар бұл түні өлілердің рухы тіріледі, олар қаланы кезіп жүреді дегенге сенеді. Сол себепті де өздері әруаққа ұқсас киімдер киіп алады. Аталған мерекеде көбінесе асқабақты қорқынышты кейіпке ұқсатып ойып, ішіне жағылған шам қойып жататынын байқаймыз. Ал асқабақ ішіне шам жағу дәстүрін ирландық Джек атты ұста ойлап тапқан. Ол туралы аңызға сенсек, Джек шам жағылған асқабақтар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан құтылып кеткен. Әрі күнәлары себепті жәннатқа бара алмаса да, осы шамды ұстап, ақырзаманға дейін Джек мырза жер бетін кезіп жүреді-мыс.

Хэлллоуин қазақ жеріне қалай жетті? Хэллоуин тұрақты түрде тойланып, одан әрі дами түскен сайын, уақыт өте келе киімдерге сұраныс артып, коммерциялық тұрғыдан да пайда әкеле бастады. Кейіннен басқа мемлекеттерге де кеңінен қанат жайып, танымал бола бастады. Ал ең сорақысы соңғы жылдары біздің елімізде де дүркіретіп тойлайтындай дәрежеге жеткен. Бұл күні әсіресе алып шаһарларда ауқымды тойланып жүр. Жастар 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні корқынышты бейнелерде киініп, беттеріне түрлі образдар жасап, көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында жиналып бас қосады. Бұған қоса бұл күні тойлау­шылар өздерін өзгеше ұстайды, яғни құдды бір есінен адасқан адамдай түрлі ақылға қонымсыз қылықтар жасайды. Бұл жастардың санасын улап қана қоймай, оның психикасына да айтарлықтай кері әсерін тигізіп, қауіп төндіретіні анық.

Бұл мереке біздің қоғамда біраз талқыға түсіп, пікірталас тудырғаны рас. Қаншы жыл өтсе де әлі күнге дейін бұл тақырып талқыланып келеді. Бірі қолдаса, бірі үзілді кесілді мүлдем қарсы. Қолдаушылардың көпшілігі оңымен солын дұрыс танымайтын жастар жағы. Шындығында хэллоуинді тойлайтындардың көбісі бұл күннің мәні мен мағынасын түсіне бермейді. Тіпті кейбірін бұл мейрамның түп-төркіні қызықтырмайды да. Мемлекет тарапынан тыйым керек деген ұсыныстар болмады емес, болды. Дегенмен мемлекет тарапынан қандай да бір шешім немесе заң қабылданған жоқ. 2022 жылы қазақстандықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан біздің ел аумағында хэллоуинді тойлауға тыйым салуды сұрап, петиция жариялаған болатын. Алайда елімізде хэллоуинді тойлауға әлі де рұқсат етіледі. Мерекені тойлауға байланысты кейбір мемлекеттерде заң жүзінде тыйым салынған.

Елімізде көпшілік жастың хэллоуиннің түп­кі мән-мағынасын түсінбей тойлап жүргені қынжыл­тады. Негізінде бұл мереке қазақ мәдениеті мен мен­талитетіне жат дүние. Қай жағынан алып қара­сақ та, мұсылмандар үшін бұл күнді мереке ретінде тойлауға ешқандай негіз жоқ. Оның бас­ты себебі – хэллоуин мұсылмандардың емес, пұтқа табынушылардың әруақтарды шақыратын мерекесі. Мұсылмандар өлгендерге құрмет көр­сетеді, артынан жаман сөз айтпайды. Ал бұл мереке өлі аруақтарды шақырып, оларды қорлап, мазаққа айналдырады. Асыл дінімізде ақыл-есі дұрыс адамдардың өзін «жындыдай» ұстауы дұрыс емес. Ал хэллоуин болса жын-шайтандардың мере­кесі іспетті. Бұған қоса бұл күні қаншама асқа­бақ текке қолданылып, ысырапшылдыққа әкеледі.

Жастардың санасына сіңіп бара жатқан «зұлымдықтың жаршысы» болған күнді елемей өту ең алдымен, отбасына, ата-ананың балаға берер бағыты мен тәрбиесіне байланысты болып отыр. Сол себепті бүгінгі күні балаға дұрыс тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар көрсету маңызды. Хеллоуин деген жат мерекені жақындатып, абырой таппаймыз! Жын-ойнаққа жақын бұл мейрамға үлес қосып қадірімізді кетірмейік!


Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: sakhalife.ru
02 қараша 2024 ж. 129 0