Қаржылық сауаттылық: Қарызсыз қоғам
«Қаржылық сауаттылық және қарызсыз қоғам» тақырыбы қазіргі кезде де және осы уақытқа дейін де талқыланып, айтылып жүрген маңызды мәселенің бірі деуге болады. Бүгінде аталған тақырып өзектілігін жойған емес және бұл жөнінде қанша айтсақ та, артық етпес. Бүгінгідей нарықтық заманда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды екенін айтпаса да белгілі. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Аталған функциялардың әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Түптеп келгенде азаматтардың қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты. «Қаржылық сауаттылық» қазіргі уақытта көп қолданыстағы, яғни трендке айналған сөздің бірі. Ал оны әркім әртүрлі түсінеді. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Оның қоғам үшін маңызы қандай?
«Қаржылық сауаттылық» немесе тығырықтан шығаратын жол
Статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың 3/1 отбасылық кіріс пен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Оңды-солды несие алып, қарызданып-қауғаланып, төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетіп артылады. Елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен. Жалпы қазіргі қоғамда қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Қаржыны сауатты басқару – шығындар кірістен аспайды, ал бос қаражаттың барлығы «жұмыс істейді», яғни пайда әкеліп отыруы тиіс. Қаржылық сауаттылық қарапайым тілмен айтқанда – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны дұрыс әрі орынды жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсіне отыра, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана білу – қаржылық сауаттылықтың негізі болып табылады. Мысалы, айлық табысы айтарлықтай жақсы, жоғары жалақы алатын азаматтар бар. Бірақ айдың соңына келгенде қалтасында соқыр тиын да қалмай, қалай немесе қайда кеткенін білмей отырады. Тапқан табысы біршама жақсы болса да не жинағы, не артық ақшасы болмайды. Бұның басты себебі – қаржылық сауаттылығының болмауы. Сол себепті бүгінгі нарықтық қоғамда тек табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, оны дұрыс жұмсап, керек жерде үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ал ол үшін кіріс шығыстан көп болуын дұрыс қамтамасыз ету қажет. Егер адам өзі жаратып, жұмсайтын ақшасынан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешімін табатын болады. Қалтада ақша жоқ болса оны жарата да, сәйкесінше қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Қаржыны тиімді басқара алу қабілеті қоғамдағы әрбір адамға қажетті. Ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Әр адам өзінің апталық, айлық немесе жылдық есебін жүргізіп, кіріс пен шығысты есептеп жазса, сол кезде белгілі бір уақыт аралығында қанша ақша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Бұл шынайы қажеттілікке жұмсалған қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап және оны реттеуге жақсы нәтиже береді.
Қаржылай сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары
Қаржы саласы мамандарының айтуынша, тапқан табыс пен жұмсалған ақшаның есебін жүргізіп отыру – қаржылай сауатты болудың алғашқы әдісі. Осы әдіс арқылы аз уақыттың ішінде-ақ қаражатты қалай, қайда жұмсап отырғаныңызды және қандай қателіктер жасап отырғаныңызды көруге болады. Табысты сауатты жүргізудің тағы бір әдісі – барлық шығынды бағыт бойынша жүргізу, яғни белгілі бір топтарға бөліп, жіктеу арқылы қаражатты оңтайлы жұмсауға болады. Шығындарды келесідей топтарға жіктеуге болады: күнделікті шығындар, яғни күнделікті қажет азық-түлік пен тауарларды сатып алу. Міндетті төлемдер: несиелер, коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс. Ойын-сауықтар: кино, қыдыру, әріптестермен жиын, тағы басқа. Ірі мөлшерде сауда жасау. Автокөлікке қатысты, сонымен бірге сақтандыру мен жанармайға қатысты шығындар. Аталған шығын түрлері тек мысал ғана. Әр адам өзінің қажеттілігіне қарай басқаша да топтастыра алады. Яғни егжей-тегжейін әркім өздігінше белгілейді. Шығындардың есебін жүргізудің 1-2 айынан кейін ыңғайлы жіктеу жүйесін қалыптастыруға болады. Есепке барлық шығындарды, тіпті елеусіз болып көрінетіндерді де қосу маңызды.
Кірістерді де жазып отыруды ұмытпаған абзал. Тек жалақыны ғана емес, сондай-ақ басқа табыс көздерінен түсіп отырған кірістерді, сонымен бірге салымдар бойынша пайыздарды және егер картаға кешбэк қосып төленіп отырса, соны да есепке алып отыру қажет. Бұған қоса шығыс пен кірісті зерттеп, оны талдауға болады. Нәтижесінде әр адам өзінің қаржылық жағдайының нақты бейнесін ала алады және шығындарды қалай оңтайландыру керектігін түсінеді. Талдаудан кейін неге дұрыс нәрсеге ақша жинай алмау немесе инвестициялауды бастай алмаудың себебі анық болады. Осыдан кейін ғана келесі қадамға, яғни бюджетті жоспарлауға көшуге болады.
«Қарызсыз қоғам» жобасы
Елімізде былтырғы жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық мәдениетін, яғни сауаттылығын арттыру. Ең бастысы несие алуын алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу. Көпшілігі несие кіріптарлығына қалай түсіп қалғандарын өздері де байқамай, нәтижесінде оны өтеуге мүмкіндіктері жоқ, соңында банкроттық туралы ойлай бастайды. Сол себепті осындай қиын жағдайға кезіккен жандарды тығырықтан шығудың жолын қарастырып, аталған жоба іске қосылды. Нәтижелі жұмыстың арқасында ауқымды жоба биыл да өз жалғасын тауып келеді. Жоба облыстың 8 мыңнан астам тұрғынын қамтуды жоспарлап отыр. «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлесіп қолға алған бастамасы былтыр нәтижелі болып, өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. 2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. Айта кетейік, жобада несие бойынша берешегі бар, борышкерлер тізімінде тұрғандарға және қарыздың төлеу мерзімін 90 күннен асырған азаматтарға заңдық тұрғыда көмек көрсету де көзделген. Өткен жылы пилоттық жобаға еліміз бойынша барлығы 8 өңір қатысқан болатын. Қатысушылар жұмыспен қамту орталықтарында, «AMANAT» партиясының қабылдау бөлімі және қалалар мен аудан әкімдіктері арқылы жобаның курстарына жазыла алады. Аталған жобаның тағы бір тиімділігі мемлекеттік жобалардың аясында кәсіп бастаймын деген тұрғындарға бизнестің жобасын жасауға да үйретеді. Жобаға қатысушылардың санаты да сан алуан. Айта кетейік, бұл жобаға кез келген тұрғын қатыса алады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мектеп оқушылары мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы әдістемелік және оқу құралын әзірлеу де жоспарда бар көрінеді.
Ең маңыздысы, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясын қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылады және еліміздің барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне қаржылық сауат курсы енгізіледі. Дәлірек айтқанда, 450 мың оқушы мен 100 мың студентті қаржылық сауат негіздеріне үйрету жоспарланған. Бұл оқу орындары үшін арнайы әдістеме мен оқу құралдары әзірленеді.
«Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігі – оқу курстарында тренерлер қатысушылардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың арасында несие алып, кәсіптерін дамытуды ойластырып жүргендеріне бизнесті қалай бастау керегін, қаржыны қайда бағыттау қажеттігін, сондай-ақ бизнес-жоспар құруды үйретеді.
Қаржы саласындағы алаяқтар
Қаржы саласындағы алаяқтардан сақтану – қазіргі заманның аса маңызды мәселелерінің бірі, әсіресе, интернет пен онлайн қызметтердің кең таралуы алаяқтық схемалардың көбеюіне жол ашты. Онлайн алаяқтықтың түрлері көп, соның ішінде фишинг, скам сайттар, жалған инвестициялар, криптовалюта схемалары және т.б. Қаржылық алаяқтықтың ең көп тараған түрлерінің бірі телефон арқылы жасалатын және интернет-алаяқтық болып табылады. Бұл ретте алаяқтардың азаматтармен байланысының ең көп тараған тәсілдері ұялы немесе қалалық телефонға қоңырау шалу, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарламалар болып табылады. 56% жағдайда мұндай құқық бұзушылықты танып-білуге болады, алайда респонденттердің қалған 44%-ы мұндай құқық бұзушылықты уақытылы анықтай алмаған. Алаяқтардың айла-амалдарына көбінесе аға буын өкілдері сенім артады. Белгілі болғандай, алаяқтарға ерлерге қарағанда әйелдер көбірек сеніп қалған.
Қаржылық сауатты арттыру мектептен басталуы тиіс
Қаржы мамандары халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осыған байланысты сарапшылар қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керегін айтады. Бұдан бөлек кішкентай балаларға ақша туралы ақпаратты ойын арқылы үйреткен тиімді. Себебі мұндай жағдайда олар ақпаратты тез қабылдайды. Осы ережелерді ескеру арқылы өскелең ұрпаққа қаражатқа деген дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыруға болады. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырды. Ел бойынша барлығы 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдері оқытылатын болады.
Сонымен қатар қазір оқушылар «Жаһандық құзыреттілік» пәні арқылы қаржы саласы туралы жаңа білім алуда. Өкінішке қарай ол ата-аналар қауымдастығының, сарапшылардың және мектеп оқушыларының жиі сынына ұшырап келеді.
Қаражатты қалай басқарған жөн?
Қазір көбі маркетингтің құрбанына айналған. Себебі біздің қоғам тұтынушы санасына жақын. Жарнаманы көрсек, қалтадағы артық ақшамызды ойланбастан қажетсіз дүниеге жұмсап қоятын, керегі жоқ жерлерге жаратып жіберетін кезіміз жиі болады. Әрине, үнемі өз-өзіне «жоқ» деген шектеулер қою да дұрыс емес. Кез келген дүниені аларда оның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, болашақта қалай пайдаға асатынын анықтап алған жөн. Егер пайдасы аз нәрсе болса, әрине, ақшаңызды босқа жұмсамаған абзалырақ. Жалпы, ең алдымен, шығыстарды оптимизациялау керек, одан кейін кірістерді көбейтудің амалын іздейсіз. Ол үшін негізгі жұмыстағы табысты қалай арттыра алатындықты, қандай дағдыларды игеру арқылы жалақы өсетінін анықтап алған жөн. Үнемі ізденісте жүріп, біліктілікті шыңдап, мүмкіндіктерді барынша қолдану қажет. Негізгі табыс көзінің қомақты болғаны әрі жыл сайын өскені маңызды.
Несие мен бөліп төлеу мүмкіндіктерін қалай пайдаланған жөн?
Әрине, егер қажет бір зат алуыңыз керек, бірақ оның ақысын бірден төлегіңіз келмесе, пайыздық мөлшерлемесі жоқ бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалану тиімді. Ал егер қандай да бір зат алғыңыз келгенде бірден тұтыну несиесін ойласаңыз, бұл сіздің кіріске қарағанда шығысыңыздың көп екенін білдіреді. Мысалы, кірісіңіз 150 мың, ал шығысыңыз 200 мың. Несие алған соң ай сайын банкке 20 мың төлеуіңіз керек делік, сонда сіздің шығыс 170 мыңға дейін өседі. Бұл – қаржылық жағдайыңыздың нашарлағанының көрінісі. Сондықтан несие алуды ойласаңыз, қосымша табыс көздерін тауып, кірістерді арттырып немесе шығыстарыңызды азайтқаныңыз жөн. Себебі несие алғаннан кейін қолданатын жүйелі жоспарыңыз болмаса, өзіңізді өзіңіз тығырыққа тірейсіз. Бірақ тұтыну несиесі мен бизнеске берілетін несиені шатастырмаған жөн. Өйткені бизнес жағдайы басқаша. Толыққанды құрылған жоспары мен қаржылық есептері бар, барлық тәуекелі жан-жақты қарастырылған бизнеске несие алу – кәсіпкерлерге зор пайда әкелуі мүмкін. Ескеретін нәрсе – бизнеске алатын несиеңіз өзіңізде бар қаражаттан аспауы керек. Қандай да бір сәтсіз шақта қарызға бату не кепілдікке берген дүниеңізден айырылу – шешім емес.
Қаржылық сауаттылықтың экономикаға әсері: несие мен салық төленуге тиіс
Сарапшының пікірінше, халықтың қаржылық сауаттылығы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Өйткені қаржылық жағынан сауатты адам алған несиесін міндетті түрде қайтарады және салық төлеуден қашпайды. Азаматтардың бұл міндеттерден қашуы банктердегі несие пайызының жоғары болуына әкеліп соғады. Мәселен, «Біздегі банктердің несиелік пайызы неліктен жоғары, ал дамыған мемлекеттерде неге төмен?» деген сұрақ көп қойылады. Оның екі себебі бар. Біріншісі – біз дамушы ел болғандықтан, инфляцияның жоғары болуы. Ақша құнсызданып жатқан тұста банктер де несиені төмен пайызбен бере алмайды. Қазір инфляциялық таргеттеу саясатын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылға қарай инфляцияны 3-4%-дың шегіне жеткіземіз деп отыр. Ол кезде белгілі бір дәрежеде пайыздар да түсуі мүмкін. Базалық пайыздық мөлшерлеме 5%-ға дейін түссе, онда ипотекалық несиелер 7%-бен кез келген банкте қолжетімді болады. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмен болу себебінен де пайыздар жоғары деп айтуға болады. Банктерде жасалған статистика бойынша, әрбір үш адамның біреуі несиесін қайтармайды екен. Сондықтан олар қайтаратын екі адамның, яғни өзінің тәуекелдерін несиесін қайтаратын адамның мойнына іліп қояды. Пайыздың жоғары болуының бір себебі – осы. Алған несиені қайтармай қою да – қаржылық сауатсыздықтың белгісі. Ал қайтпай қалған несиелердің көптігі алдағы уақытта пайыздың артуына әкеледі. Қаржылық сауатты адам несие алар кезде өз мүмкіндіктеріне қарап, қарызын өтеуге тырысады. Сондықтан қаржылық сауатты болу да экономикаға оң әсерін тигізеді. Екіншісі – салық төлеу. Еуропа елдерінде «менің дауысым – менің салығым» деген ұғым бар. Олар Президентіне дауыс беруге және салық төлуге адал болады. Ал бізде салық төлеуден жалтаратындар саны көп, әсіресе кәсіпкерлердің арасында баршылық.
Түйін. Нарықтық қоғамда қаржы әлемі күн сайын өзгеріп отыр. Ақшаны ұтымды пайдаланып, сол әлемде жол табу үшін қаржылық сауаттылық деңгейін үнемі арттырып отыру қажет. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласы мен құқық аясындағы білімді көтеру керек.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: fingramota.kz