Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғат туралы ырымдар

Табиғат туралы ырымдар


- Жұлдызды қолмен көрсетсе, қолға сүйел шығады деген ырым бар.
- Күннің күркірегенін алғаш естіген адам бір темірді алып, ауырған жеріне тигізсе, ауру жазылады немесе арқасын қабырғаға үйкесе, ауру-сырқау жоламайды.
- Найзағай ойнап, жауын жауғаннан кейін жаңбыр суына жалаң аяқ жүрсе, адам ауырмайды немесе бұрынғы ауруынан айығады.
- Жаңа ай туғанда түскен келіншек баланы көп туады.
- Екі жас үйленген түні жұлдыз көп болса, олардың ұрпақтары да көп болады.
- Күн алғаш күркірегенде тілеген тілек қабыл болады.
- Жазғытұры күн алғаш күркірегенде: «Мал желіні сау болсын, сүт мол болсын!» - деп, шөмішпен ақ алып шығып, жабыққа жағады, босағаға төгеді.
- Біреудің үйі өртенсе, арты жақсылық болады деп ырымдайды.
- Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады.
- Ауыл жанындағы суда жүрген құсты атуға, үркітуге болмайды.
- Балапан шығарған құсты атпайды.
- Далада, жолда тұрған жалғыз ағашты кеспейді. Ол қыста белгі, жазда пана ретінде сақталған.
- Буаз, төл ерткен аңды атпайды.
- Жаңа өсіп келе жатқан көкті жұлмайды. «Көктей солғыр» деген қарғыс осындайдан шыққан.
- Күн күркіремей суға түспейді, дала жуасын жемейді.
- Отпен ойнамайды, отқа түкірмейді, отты аттамайды.
- Құдыққа түкірмейді,  маңайын ластамайды, жанына дәретке отырмайды.
- Күлді баспайды, үй жанына төкпейді.
- Жар басына, суға өте жақын жерге үй тікпейді.
- Күнге, айға қолын шошайтпайды.
- Құмырсқаның илеуін, құстың ұясын бұзбайды. Құмырсқаның илеуін басқан әйел бала көтермейді деген қағида бар.
- Жол үстінде көлік доғармайды, жол үстіне қонбайды, дәретке отырмайды.
- Ағашты, өсімдікті сәрсенбі күні отырғызады.
18 наурыз 2018 ж. 3 205 0