Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдағы поэзия кеші

Ауылдағы поэзия кеші

Ақын, журналист, әдеби сыншы Әбіраш Жәмішевтің мерейтойы жыл сайын ауданымызда түрлі іс-шаралармен аталып өтіледі. Жақында Қалжан ахун ауылдық кітапханасында «Халқының дара ақыны – Әбіраш» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.

Жас өркенді әдебиет әлеміне қызықтырып, ақын шығармашылығына елітуді мақсат еткен іс-шараны кітапханашылар мен ауылдық клуб қызметкерлері бірлесе отырып ұйымдастырған. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Әлем-ВООК» жобасы аясында өткен кешке №126 мек­тептің 9-сынып оқушылары атсалысты.

Мәдени іс-шараға әдебиет пәнінің оқытушысы Ақылбек Мықбаев пен мәдениет үйінің қызметкері Гүлжайна Иманқұл қатысып, ой-пікірлерімен бөліс­ті. Оқушыларға әдебиет пен мәдениеттің, рухани құндылықтардың мәні мен маңызын айта отырып, жергілікті ақын-жазушыларды ұлықтау қажет екендігін айтты.

– Әдебиет – руханият айнасы. Биыл айма­ғымызда «Руханият жылы» жарияланғаны бәрімізге белгілі. «Адал адам» мәдени тұжырымдамасы аясында ауылдық кітапханада түрлі іс-шаралар ұйым­дастырылып келеді. Негізінен ауыл оқушы­ларының әдебиетке жақын екенін айтып өтуге болады. Түрлі іс-шараға қатысып, өз-өзін шыңдап жүрген тұрақты оқырмандар жеткілікті. Солардың ішінде Ақылбек есімді оқырманымды ерекше атап өте аламын, – дейді ауыл кітапханасының кітапханашысы Роза Тілеубергенова.

Өскелең ұрпаққа ақынның өмір жолы мен шығар­­машылығын насихаттай отырып, ақынның поэзия әлемімен таныстыруды мақсат еткен поэ­зия кеші сол арқылы оқушы бойына ұлтжан­дылық пен адамгершілікті қоса дәріптеуді мақсат етеді. Кітапханадағы кезекті іс-шарада бас қосқан оқушылар «Әбіраш әлемі – Сырдың бойы» атты кітап көрмесіне қанығып, ақын өлеңдерін жарыса оқып, шығармашылығынан сыр шертті.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қыркүйек 2024 ж. 257 0