Мемлекеттік қолдаулар аясы кеңеюде
Барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек пен іскерлік. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр жұртшылықпен жүздесуінде айтқан сөзі. Мұны Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да айтып, «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деді. Осы ретте жыл сайын елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып өтіп келеді. Біз атаулы күнге орай «Мансап» орталығының директоры Еркебұлан Дәуітбекұлымен сұхбаттастық.
– Еркебұлан Дәуітбекұлы, сұхбатымызды Еңбек күні мерекесінің мәні мен маңызынан бастасақ. Жалпы, Әділетті Қазақстан құруды еңбек адамының рөлі қандай?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін «Еңбек адамы дегеніміз кім?» деген сұрақтың жауабын нақтылау керек. Біздіңше, еңбек адамы – өзінің қарым-қабілетін, білімін, тәжірибесін бір салаға арнаған, сол саланың дамуына белсене атсалысқан және тың жаңалықтар енгізіп, үздіксіз ізденісті серік еткен маман. Ол мейлі құрылысшы, мейлі сауыншы немесе егінші, болмаса бақташы болса да, ең бастысы еңбек адамын – бір құндылық байланыстырады. Ол адал жұмыс және іскерлік. Мұны Мемлекет басшысы өз Жолдауында, халықпен кездесуінде әркез айтып келеді. Осыған байланысты еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетіліп жатқанын айтып өткім келеді. Тек ерінбей ізденіп, істің ретін тауып, масылдық көзқарастан арылуымыз керек. Арада қанша уақыт өтсе де «Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін?» деген қарапайым қағида өз мәнін жойған жоқ. Сондықтан әр азамат бірінші еңбектенуге, бір саланың маманы болып қалыптасуға ұмтылуы қажет. Бұл жұмыстар балабақша мен мектепте ғана емес, әр отбасында жүргізіліп, қалыптасуы керек.
– Дұрыс айтасыз, еңбек құндылығын арттыру мақсатында идеологиялық жұмыстарға да баса мән бергеніміз жөн. Сіздің ойыңызша бүгінгі жастар неге ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге құмар?
– Бәрі – тәрбиенің жемісі. Халқымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Жастардың оңай олжа табуға бейім болуы, еңбек еткісі келмейтіні үйдегі ата-анасының тәрбие мәселесінде жіберген олқылықтарының нәтижесі. Мысалы, кейбір азаматтар жұмыссыздыққа тіркеледі. Біз тіркеп, бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Бұл бағытта бос орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылуда және барлық жұмыстарымызды ашықтық пен жариялылыққа негіздеп қай мекеме орын босайды соны хабарлап, әлеуметтік желіге хабарландыру ретінде жариялап келеміз. Осы ретте кейбір азаматтар біз ұсынған жұмысқа барғысы келмейді. Олар кеңседе отырсам немесе мекемені ашып-жауып жүретін қарауыл болсам деп ойлайды. Ауданымызда тұрғын үй құрылыстары, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту үшін мердігер мекемелерге ұсыныстар берілді. Олар аудан азаматтарын жұмысқа алуға қарсы емес. Бірақ, біздің кейбір азаматтар мұндай жұмыстарға барғысы келмейді. Біз бұдан адамдардың адал еңбектен нәпақа табуға деген ынтасы аз, оңай жұмысқа бейім болып бара жатқанын аңғарамыз.
– Бірер ай бұрын «Мансап» орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Мекеме жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
– 2023 жылғы 2 маусымда Сырдария ауданы әкімдігінің «Сырдария ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін тарату жөніндегі №172 қаулы жарияланды. Соған сәйкес аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы таратылып, 2023 жылғы 1 шілдеде «Мансап» орталығы құрылып, 11 шілдеде Әділет басқармасына тіркелді. Мекемеміз ауданның жұмыссыз тұрғындарын жұмыссыз ретінде тіркеумен, жұмыс берушілермен және жұмыс іздеушілерді тұрақты жұмысқа жолдаумен, сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырумен айналысуда.
– Биыл сіздерге қанша адам хабарласып, кеңес алды? Ол жұмыстардың нәтижесі қалай?
– Біздің есептеулерімізге сүйенсек, «Мансап» орталығына 2492 адам хабарласқан. Олардың басым көпшілігі жұмысқа орналасу және заң аясында кеңес алу мәселелерін көтерген. Біз заңдылыққа сәйкес жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдап, әрбірінің мәселесін мұқият тыңдап, шешімдер қабылдап келеміз. Сол жұмыстардың негізінде есепті кезеңде 367 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Басқа қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Жұмыспен қамтудың кешенді бағдарламаларына сәйкес түрлі жобалар қолға алынған. Мәселен, «Жастар тәжірибесіне» 2023 жылы 250 адамды қамту жоспарланған болатын. Сол жоспарға сәйкес бүгінгі күнге 112 адам жолданды. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарымен 32 адамды қамту жоспарланса, бұл меже толық орындалды.
2023 жылы ақылы қоғамдық жұмыстарға 806 адамды қамту көзделіп, 809 адам жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да іске асуда. Бұл мақсатта 15 адамды қамту жоспарланып, 5 адам жолданып, олар түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы бойынша 3 адамды жұмыспен қамту көзделген. Әзірге 2 адам жолдама алған. Жұртшылықтың «Күміс жас» жобасына да қызығушылығы артып келеді. Жоба аясында 50 адамды қамту жоспарланып, 50 адам жоба бойынша жұмыспен қамтылған. Сәйкесінше, қысқа мерзімді курстарға 10 адамды оқыту жоспарланған.
– Көпшілік қайтарымсыз грант алу арқылы өз кәсібін бастап, түрлі бағытта еңбек етуге бейімделді. Бұл әсіресе халықтың осал топтарына үлкен көмек болды. Осы бойынша қандай ақпарат бар?
– Бұрын бұл гранттың сомасы аз еді. Қазір көбейді. Соған сәйкес халықтың да қызығушылығы артты.
Расында да 1 380 000 теңгеге бизнестің бір түрін бастап, кәсіпті дөңгелетуге болады.
Қайтарымсыз гранттарды тағайындау мақсатында комиссия құрылған. Комиссия отырысы құжат тапсырушыларға арнайы хабарланады. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша 144 адамды қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз ету жоспарланып, 72 адам грант иегері атанды. 11-22 қыркүйек аралығында 3 лек бойынша грант алуға үміткерлердің өтініштерін қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
– Грант алушылардың көпшілігі қандай жобалар ұсынуда? Оған талдау жүргізіле ме?
– Біздің аудан аграрлы аудан болғаннан кейін халықтың тұрмыс-тіршілігі егін және мал шаруашылығымен байланысты. Сондықтан тұрғындар көбіне мал шаруашылығын дамытуға, оның ішінде ірі қара малдарын бордақылауға сүт өнімдерін сатуға көп қызығушылық танытады. Мұнан бөлек кондитерлік өнім өндіру, шаштараз ашу, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету тақырыптарындағы жобалар бар. Әр жобаға міндетті түрде талдау жүргізіледі. Сонымен қатар мамандар грант иегері болып, оны мақсатты немесе мақсатсыз жұмсағандарға да мониторинг жүргізеді. Грант иегерінің мониторинг барысында грант қаражаттарын мақсатсыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсағаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес грант қаражатын қайтару бойынша шешім қабылданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.
– Сұхбатымыздың соңын әріптестеріңізді, еңбек адамдарын Еңбек күні мерекесімен құттықтауыңызбен аяқтасақ.
– Бұл мереке қазақстандықтардың еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуін қамтамасыз ететін еңбекке деген құрметін білдіреді. Еңбексүйгіштік пен жасампаздық межеленген жоспарларға сәтті жетудің кепілі болып табылатын кез-келген қоғамның дамуының негізі. Мемлекет басшысы ұлттың күші еңбексүйгіш адамдар екенін, ал кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамның басты құндылықтарына айналуы тиістігін айтып өтті. Әрқайсысымыздың ел дамуы жолындағы еңбегіміз еленіп, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін сұранысқа ие болып және лайықты бағаланып, мереке құт-береке мен қуаныш әкелсін. Еңбек күні құтты болсын!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ