Күз мезгілінде ағзаға қандай дәрумен қажет?
Көзді ашып-жұмғанша жаздың жайма шуақ күндері аяқталып, күз мезгіліне аяқ басқалы тұрмыз. Ал күзде ағзаның ауа райына, күннің күрт суып кетуіне, температураның өзгеруіне бейімделуі қиын. Сондықтан күз мезгілінде ағзаға қажетті пайдалы дәрумендер қабылдау аса маңызды. Дәл осы кезеңдерде көкөністі, жеміс-жидекті көп жемейміз, ал ауадағы түрлі вирустар ағзамызға кіруге тырысады. Вирустан сақтанып, деніміздің саулығын қалай нығайта аламыз? Осы сұрақ төңірегінде сіздерге ұсынғалы отырған бірнеше кеңесіміз бар.
Күз мезгілінде дұрыс әрі уақытылы тамақтану, ағзаға қажетті дәрумендер қабылдау аурудың алдын алып, адамның иммунитетін көтеруге септігін тигізеді. Біз атын жиі ести бермейтін Е дәрумені күз айларында таптырмас қуат көзі бола алады. Е дәрумені иммундық жүйеге ықпалы зор, қан тамырларының жағдайын жақсартады. Ғылым тілінде токоферол деп аталатын дәруменнің жетіспеуінен тырнақтардың тез сынғыштығы, шаштың жиі түсуі мен беттегі қара дақтар болады. Жылдам шаршау, ашуланшақтық та осы дәруменнің жетіспеуі салдарынан. Е дәруменінің қорын ағзада жинақтауға болмайды. Сондықтан, күн сайынғы нормасының орнын толтырып отыруға тырысқан жөн. Сонымен, Е дәруменін қайдан алуға болады? Дәнді дақылдар, грек жаңғағы мен миндаль, жасыл көкөністер мен шөптердің құрамында аз көлемде болсын Е дәруменінің белгілі бір мөлшері кездеседі. Ал қауын-қарбыз бен алма Е дәруменіне бай. Күнделікті тұрмыста қолданатын майлардың ішінде өсімдік майы, жүгері майы мен зәйтүн майының құрамында да Е дәрумені бар. Е дәруменінің бір күндік нормасын орындау үшін тағам құрамындағы майдан бөлек, аталған сұйық майды күніне 1 қасық қолданса жеткілікті.
Күзде ЖРВИ ауруларын жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан үнемі цитрус жемістерін жеу керек. Себебі, олар С дәруменіне бай болып келеді. «С» тобының витаминдері ағзаның ауруларға, әсіресе тұмау мен суыққа төзімділігін арттыруға көмектеседі. Апельсин, лимон, болгар бұрышы, қырыққабат, қарақат аскорбин қышқылының жетіспеушілігін толтырады.
Д витамині сүйек тінін нығайту және шаршауды төмендету үшін өте маңызды. Суық ауа райының басталуымен күн сәулесінің белсенділігі төмендейді және адам ағзасындағы бұл дәруменнің мөлшері де азая түседі. Д дәрумені қаймақ, кілегей, тауық жұмыртқасында бар, бұл тағамдар дәрумен жетіспеушілігінен арылуға көмектеседі.
Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, дастарқан үстінде көкөністер, жемістер және басқа да пайдалы тағам өнімдері толып тұрса да, ағзаның дәрумендерге деген қажеттілігін 100% қанағаттандыру мүмкін болмайды. Дене пайдалы дәрумендердің толық жиынтығын алуы үшін, денсаулықты жақсартуға қажетті нәрсенің бәрін қамтитын дәрумендік кешендерді қабылдау қажет. Сізге және өз отбасыңызға қандай дәрумендер кешенін қабылдау қажет екенін анықтау үшін міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Сондай-ақ кейбір дәрумендік қоспалардың бір-бірімен үйлеспеуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан бірнеше кешендерді бір уақытта қолдану арқылы ағзаға пайда әкелемін деп, керісінше, зиян тигізіп алмаңыз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: aqzhelken.kazgazeta.kz