Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды
Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған кентіндегі «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шарада «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, «Қамқорлық» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова болды.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, «Қамқорлық» қоры басшылығына алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала өлімін азайту, балалар мүгедектігінің алдын алу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Біз адам жанының арашасы болған дәрігерлерді жан-жақты қолдауға әрдайым мүдделіміз. Қазір ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде ана мен бала саулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл денсаулық сақтау саласына 140 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында осы «Қамқорлық» оңалту орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Озық үлгідегі жабдықтармен жарақталды. Орталықта жылына 2000-ға жуық баланы оңалтуға мүмкіндік бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс жасап, тиімділігін көрсетті. Сондықтан біз мұндай орталықтарды аудандарда да ашу туралы шешім қабылдадық. Алғашқысын Жаңақорған ауданында пайдалануға бермекпіз. Дәл осындай нысан жыл соңында Арал ауданында да ашылады», – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, «Қамқорлық» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова жаңақорғандықтарды орталықтың ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбибулла Ахимов бата берді. Мұнан бөлек, ардагерлер мен белсенді азаматтар, «Қамқорлық» оңалту орталығының қызметкерлері облыс әкімінің Алғысымен марапатталды.
Іс-шара соңында қонақтар орталық жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Сыр өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салу жоспарланған. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі