Қызылордада медицина мекемелеріне 50 жаңа көлік табысталды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Медицина қызметкерлері күні қарсаңында емдеу мекемелеріне жаңа санитарлық автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстап, саланың өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетіле беретінін айтты. Салтанатты іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арнайы келіп қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп, «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген болатын. Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру кешенді түрде жүргізілуде. 2022 жылы халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарына 513 млн. теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, биыл барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік алынады. Алғашқы 50 автокөлікті бүгін табыстаймыз. Қалған 150 автокөлік жақын күндері ел игілігіне қызмет ететін болады. Осылайша, биыл елді мекендерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесін түбегейлі шешеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, жаңа көлік "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ның лизинг бағдарламасы арқылы сатып алынды.
Салтанатты іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов әріптестерін құттықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді.
Айта кетейік, биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында 36 млрд. 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде.
Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық Қан орталығы жақын күндері ел игілігіне табысталады. Ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд. 900 млн. теңге қаржы бөлінді.
Жергілікті бюджет есебінен 922 млн. теңгеге Жаңақорған ауданында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана салынуда. Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Таяуда Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында, жыл соңына дейін Арал ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады.
Аймақ медицинасын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығына 1 млрд. 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенді сыйға тартты. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде жылжымалы кешен облыстың шалғай елді мекендерін аралап, 1300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды. Әрі қарай да аймақ тұрғындарына медициналық көмек беруді жалғастырады.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру назардан тыс қалған емес. Биыл 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркия еліндегі жетекші медициналық ұйым – «Мемориал» клиникасында білім жетілдірді.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі