Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ережеге бағынбаудың салдары ауыр

Ережеге бағынбаудың салдары ауыр

Бүгінде өңірімізде су айдынына адам кету жағ­дайы жиілеп барады. Төтеншеліктер қанша дабыл қағып, түсіндірме жұмысын жүргізсе де, бел­­гіленбеген орынға суға түсу азаяр емес. Өз кезегінде «Қалғандария» көлінің жаға­лауында облыстық төтенше жағдайлар депар­таментіне қарасты «Жедел-құтқару жасағы» қыз­меткерлерінің ұйымдастыруымен арнайы іс-шара өтті.

Аталған іс-шараға аудан әкімі аппараты­ның жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қайрат Қуандықов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Шарафадинов, жекелеген сала мамандары қатысты.

Іс-шара барысында аудан көле­мінде су айдынында қауіпсіздікті қам­тамасыз ету алдыңғы орынға қойылды. Сонымен қатар барлық елді мекеннен құрылған кезекші қызметкерлерге суда зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Өзара тәжірибе алмасу кезінде сүңгуірлік-құтқару бөлімінің басшысы Ролан Әбдіқалықов, құтқару бөлімшесінің басшысы Самғат Бүркітбаев, мейірбике құтқарушы Жанат Сатыбалдиева, құтқарушы Мадияр Досболов, Асылхан Бақытов көпшіліккке әдіс-амалды үйретті. Негі­зі­нен, суға кеткен адамды құтқару кезінде қатаң ережеге бағынған дұрыс. Құтқарушылар суға батқан адам­ды жағаға алып шығу, алғашқы медициналық көмек көрсету, сауат­ты түрде құтқаруға арналған бірқатар құралды пайдалану ережесін жинал­ған қауымға көрсетті.

– Тұрғындарға белгіленбеген орын­­да суға шомылуға бол­май­­ты­­нын ұдайы ескертіп отырамыз. Әрбір елді мекенде кезекші топ құрылған. Суға кеткен адамды құтқаруға барын салатын олардың тәжірибесін шыңдауға көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта қайғылы жағдай орын алмас үшін үгіт-насихат жұмысын үздіксіз жалғастыра береміз. Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы жоғары. Жиналған көпшілік құтқарушылардың айтқандарын назарға алып, бізбен бірлесе жұмыс жасайтынына сенім білдіреміз. Айта кетейік, ескертулерге ерік бермеген балалар мен ересектер айыппұл арқалайды, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Шарафадинов.

Аталған іс-шара аясында облыстық «Жедел құтқару жасағының» қыз­мет­керлері «Жалын» сауықтыру лагерін­дегі демалушы балаларға су айды­нындағы қауіпсіздік ережесіне көңіл бөлу керектігін айтты. Жалпы суға кеткен адамды 6 минут ішінде жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсету керек. Толықтай өкпесіндегі суды шығар­ғаннан кейін ес жиған бойда қалың көрпемен үстін жауып, жылы шай берген дұрыс. Осыдай ереженің бірнеше түріне көңіл бөлетін сала мамандары қайғылы жағдай орын алмауына күш салуда.


Балтабай ОРДАБЕКОВ

20 шілде 2024 ж. 124 0