Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрыс ақпарат бірлікті бұзады

Бұрыс ақпарат бірлікті бұзады

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында тағылымдамадан өткенімізде саясаттанушылар «Ақпарат кімнің қолында болса, билік те соның қолында» деп оқытқан еді. Былай қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ сол ақпараттың дұрыс, яки бұрыстығына кім кепіл?

Бүгінде кім не айтпай жатыр, кім не жазбай жатыр? Сөз бостандығы шырқау шегіне жетіп, жас та, жасамыс та кез келген тақырыпта еркін пікір білдіретін болды. Микрофон ашық, әлеуметтік желі қолжетімді екен деп дәстүрге жат мінез-құлық көрсетіп жүргендер де көп. Еркіндікті елірумен, ашықтықты арандатумен шатастырып алғанды қарапайым қазақ кешіргенімен, қатал заң талабы басынан сипай қоймасы анық. Өйткені әрбір сөздің, әр істің жүйесі бар. Халқымыздың «Жүйесіз сөз иесін табар» деген даналық сөзі сол себепті айтылады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін» деп ескертуінің де салмағы ерекше. Әрине, қоғамдық пікірдің парқы бағаланып, екшелетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен халық қалт айтпайды. Оның үстіне бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етілген пікірдің озығы да, тозығы да, бұрысы да, дұрысы да бар.

– Сөз еркіндігі – журналшылардың әрі жеке, әрі кәсіби жауапкершілігі. Бұқара алдындағы міндеті мен оқырман, көрермен сенімін ақтауы. Сондықтан жауапты БАҚ-тың салада да, бұрқ-сарқ қайнаған редакцияда да өзін-өзі реттейтін, диалог жүргізіп, кез келген күрделі тақырыпты талдап, талқылайтын иммунитеті болады. Олардың кәсіби артықшылығы – қоғаммен де санасып, саланың мүддесін де ойлап, сенімді жоғалтпауы, барды ұқсатуы, дәстүрге адалдығы мен шығармашылық дамуға ұмтылысы, – дейді Дархан Мыңбай.

Бұл пікірді салиқалы БАҚ-тың алтын заңы – өзін-өзі реттеу ісіне көп көңіл бөлу деп толықтыруға болады. Осы ретте ең бастысы, мұндай үрдіс елімізде демократиялық саяси мәдениет қалыптастыруға ықпал ететінін тереңірек түсінуіміз керек. Ал БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетігі – мемлекет заңдары және Әдеп кодексі. Одан бөлек жақында ғана қабылданған «Масс медиа туралы» заң.

Ақпараттың жалғандығын, фейк екенін анықтауға, мәселелердің алдын алуға бұрынғы дәстүрлі әдістер төтеп бере алмайды. Осыған байланысты халықаралық қауымдастықтар бірлескен жобаларды әзірлеуде серіктестер іздеуде. Мұндағы басты мақсат – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл мәселенің өзектілігі еліміз үшін ғана емес, әлем үшін ерекше мәнге ие. Себебі ақпараттық шабуыл, қатер кез келген уақытта, қарапайым тілмен айтқанда көктен де, жерден де келуі мүмкін. Кез келген қауіп-қатер ең әуелі ақпарат арқылы жетеді. Сөйтеді де адамдардың санасын сансыратады, ұғым-түсінігін басқа жаққа қарай бұрып дүрліктіреді. Адам сана-сезіміне ең бірінші ақпарат ықпал етеді. Сондықтан осы саланы нығайтуға қаржы аямаған жөн.

– Бүгінде әлемге көз салсаңыз, қым-қуыт ақпараттық майдан жүріп жатыр. Ақпараттық терроризм тағы бар. Осындай қатерге қарсы тұра алатын әлеует, иммунитет қалыптастыру қажет. Мұндай әлеует бізде бар. Енді оны әрі қарай жоспарлы, жүйелі түрде күшейтуге көңіл бөлетін кез келді. Алда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар буынын даярлау міндеті тұр деп ойлаймыз. Демократиялық жолмен қанат жайып, өркениеті өрге озған мемлекеттердің салиқалы, салмақты басылымдары дәстүрлі нұсқасынан бөлек электрондық сайттарын ашқанын білеміз. Олардың көпшілігі ғылымның, цифрлық технологияның жетістіктерін, жасанды интеллекті қолдану аясын насихаттауға басымдық беруге көшіп жатыр. Мысалы, жер орбиталарының төменгі, жоғары бөліктерін пайдалану, ғарышты игеру жолдарын кеңінен талқылауы – осыған дәлел. Жуық арада жүзеге асатын осындай ізденістер барлық салаға жаңалық әкелетіні жөнінде мақалалар, аналитикалық зерттеулер жариялана бастады. Оның қоршаған ортаға, халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне оң әсер беретіні айтылып жатыр. Әрине, иландыру арқылы. БАҚ ықпал етудің осындай ұтымды жолын ғана пайдаланады. Оқырмандар үшін саясаттан, айтыс-тартыстан гөрі осындай адамзат өміріне анағұрлым жақын, пайдалы тақырыптардың көкейкесті екені біраз ойға жетелесе керек-ті, – дейді Дархан Мыңбай.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы әркез ашық азаматтық қоғам құру идеясын жүзеге асырудың маңыздылығын айтып келеді. Президент азаматтық қоғамның міндеті – мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен ел мүддесін бірлесіп қорғау екенін айтты. Расында, әрбір азаматтың санасында, ой-өресінде «ақпараттық қорған» қалыптасса, оның билікке, баспасөзге деген сенімі нығаяды. Отбасы, Отаны алдындағы азаматтық борышын сезінеді. Өйткені қазіргі заманның басты құралы, тиімді тетігі – ақпарат.

Бірер ай бұрын «Асыл – Мұра» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстың 45 ауылын аралап, діни сауаттылықты арттыру бағытында тұрғындармен кездестік. Арал мен Жаңақорған аудандары аралығын қамтыған жұмыс сапарында түрлі ой-пікір, ұсыныстар айтылды. Бір жиында жасы жиырманың о жақ, бұ жағындағы жас буын өкілі «Құранды басып нанды алуға болады екен, ал нанды басып Құранды алуға болмайды екен. Осының бұрысы мен дұрысы қайссы?» деп сұрақ қойды. Бұл сұрақты қоюына не түрткі болғанын сұрағанымызда әлеуметтік желіден бейнеүзінділер көргенін айтқан жас жігіт ақпараттың ақ-қарасын дін өкілінен сұрап, білгісі келгенін алға тартты. Ал дін өкілі: «Қазақ қашан Құранды басып нанды алған? Ата-бабаларымыз «Құранды басқанша аштан өлейін» деп арды, ұятты әркез биік қойған. Бұл ақпарат Құранның қадір-қасиетін түсіру үшін ойдан шығарылған негізсіз, дәйексіз ақпарат. Құранды басып нанды алуға болмайды. Оның үстіне қазір әр үйде биікте тұрған затты алу үшін үстіне шығатын қосымша тұрмыстық техникалар бар» деп жауап берді.

Иә көзі ашық, сауатты адам сапалы, пайдалы ақпарат іздейді. Тапқанын сараптай біледі, таңдағанын парықтайды, бағамдай алады Бүгін ақпарат жағынан қорғансыз болу – мемлекет үшін де, жеке адам үшін де қауіпті. Сондықтан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, геосаяси, рухани мәртебесін, мүддесін арттыруда, жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда отандық БАҚ-тың рөліне ерекше мән беру қажет. Бұл абыройлы миссия журналшылардан, зиялы қауым өкілдерінен үлкен жауапкершілікті талап етеді.

А.ИБРАГИМҰЛЫ

20 шілде 2024 ж. 108 0