Отбасылық бизнесті өркендеткен
Кәсіпкер Перизат Бисенова Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына қарасты «Бизнеске арналған үкімет» КММ көрсететін ақысыз қызметтерді алып, өз кәсібін бастаған. Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, қайтарымсыз грант алып, қазір кәріз құдығын дайындауда. Кәсіпкер шағын өндіріс орнын есік алдынан ашып, тапсырыс қабылдап жатыр.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, екі қолға бір жұмыс тауып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін Перизат ең алдымен «Бастау бизнес» курсын тәмамдады. Курс бітіргендігі жөніндегі сертификат алғаннан соң қайтарымсыз грант алу үшін бизнес жоспар әзірледі. Бизнес жоспарын «Кәріз құдығын дайындау» деп атап, арнайы комиссия алдында өз идеясын қорғаған соң, тиісті қаржыға қол жеткізді. Жеке кәсіпкер болып тіркеліп, бизнесін бастауға, табыс табуға Перизат көпбалалы ана санатының арқасында қол жеткізді. Сонымен қатар мұндай мүмкіндікті елімізде жұмыссыз жастар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар алуда. Сондай-ақ АСП алушы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға да берілетінін айту керек.
Перизат Бисенованың мамандығы – заңгер. Жоғарғы білімді Қызылорда экономика, экология және құқық университетінен алған. Аудандағы жылжымалы мүлікті тіркеу мекемесінде жұмыс істеп, кейін бірінен соң бірі дүниеге келген бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысты. Заман ағымына бейімделіп, кәсіпкерлікке ден қойған талапты жас көпбалалы ана атанды. Отбасындағы 5 баланың күтімімен отырған ана осы уақытқа дейін халыққа монша қызметін көрсетумен айналысқан. Ерлі-зайыптылар қызмет аясын кеңейту мақсатында қолда бар кәріз суын тартатын арнайы техникамен тұрғындар сұранысын өтеп келеді. Енді отбасылық бизнесті одан әрі дамыту үшін Перизат өткен жылдың мамыр айында комиссия алдында өз бизнес жоспарын қорғап, 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грантты ұтып алды.
– Аудан тұрғындарына жолдасым арнайы көлігімен – ассинизатор және манипулятор көлігімен қызмет көрсетеді. Қазір тұрғындардың көпшілігі ауласынан кәріз құдығын жасап алған. Құдыққа толатын кәріз суын тартып, төгумен айналысатын жолдасым тұрғындардың арасында бетоннан құйылған кәріз құдығына сұраныстың бар екеніне көзі жеткен соң, ойласып, осы кәсіппен айналысуға шешім қабылдадық. Ол үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясындағы конкурсқа қатыстым. Комиссия мүшелері жобаны мақұлдады. Тиісті қаржы есепшотқа түскен соң, ең қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық, – дейді жас кәсіпкер Перизат Аманбекқызы.
Тұрғындардың сұранысына сай жұмыс істеу үшін бұл қаражаттың көлемі әрине, аздық етері сөзсіз. Дегенмен мемлекет берген мүмкіншілікті қанағат тұтып, ауқымды бизнесті бастауға кірісіп кеткен кәсіпкер әзірге барды ұқсатып, өнімін тұтынушысына жеткізуде. Қара жұмыстың басы-қасынан табылатын Перизат жұмысқа қажетті құрылғы, арба, күректің бірнеше түрін, арнайы құдықтың қалыбын жасатқан. Оның тұтынушылары әзірге кент тұрғындары болғанымен, ауданға жақын орналасқан елді мекендерден тапсырыс беретіндер де арагідік кездеседі. Себебі қазір ауылдық жерде тұратындар тұрғын үйлерін кәріз жүйесіне қосуды қалайды. Ауыр техниканың көмегімен жасалатын кәріз құдығын орнатуға арнайы техника манипулятормен құдық түсетін орынға дейін жеткізіп, орнатып беру де кәсіпкердің қызметі.
– Жұмыс көктем-жаз мезгілінде қыза түседі. Күз айында да сұраныс бар. Барлық тапсырыстарды үлгеру үшін жұмысқа бір адамды қабылдадық. Көмекшімізбен бірге күні-түні бетон құйып, оның кебуін күтеміз. Бас-аяғы бір аптаның ішінде дайын болатын құдықты тапсырыс берушінің үйіне апарып орнатамыз. Әзірге есік алдында аулада жасалатын өнімнің саны онша көп емес. Себебі оның санын арттыру үшін жер көлемі мол болу керек. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына әлде де қатысып, бизнесімізді кеңейту жоспарымызда бар. Арнайы жарнаманы әлеуметтік желі арқылы жүргіземіз. Тапсырыс берушілердің дені Instagram парақшадағы жарнама арқылы келеді, – дейді кәсіп иесі.
Әйел адам үшін үй шаруасы мен бизнесті қатар алып жүру оңай шаруа емес. Көзге көрінбейтін үй шаруасымен қатар оқушы балаларының жағдайын жасап, сабағын қадағалап, жақсы тәрбие беру де ананың міндеті. Сондықтан кәсіпкер үшін қол қусырып отыру жат нәрсе, таң атқаннан бастап тіршілікке қызу кірісетін жас келіншек барлық шаруаны үлгеруге күш салады. Тұтынушылармен сөйлесу, тапсырыс қабылдау, оның арасында құйылып жатқан бетонның сапасын және дұрыс кебуін қадағалауға уақыт та табады. Алдағы уақытта бизнесті ұлғайту үшін қосымша қаржы көздерін табу, мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы шағын зауыт ашуға жоспар жасау да оның міндеті. Бұрыннан өндірісте тәжірибесі бар, қолынан келетін істі пескоблок пен газоблок шығаруға ден қою отбасылық бизнесті дамытудың бірден бір жолы.
– Балалар өсіп келеді. Олардың сұранысы да артады. Оқуы бар, басқа да қажеттілігі бар болғандықтан бизнесті кеңейту қажет. Қолда бар дүниені одан әрі ұлғайту үшін тынбай жұмыс істеу керек. Қазір жалқаудың заманы өтті. Бір жәрдемақы мен зейнетақыға қарап отырудың заманы емес. Мемлекет көп көмек беруде. Тек қорықпай, қолыңнан келетін іспен айналысуың қажет. Менің айтпағым, қолында ақшасы барлар ғана бизнеспен айналысады деген қате пікір. Барды қанағат тұтып, оны одан әрі ұлғайтуға болады. Тек бизнестің көзі неде екенін және сұранысы бар кәсіппен айналысу керек. Қазір ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан құрылыс материалдары да сұранысқа ие. Салынып жатқан жолдарға да қажетті құрылыс материалдарын шығаруға болады. Отбасылық бизнеспен табыс тауып отырмыз. Шүкір, балаларымыз да табыс адал еңбек пен төгілген маңдай тердің арқасында келетінін ұғынып келеді. Ата-анаға балаларының адал жолмен нан тапқанын көрудің өзі бақыт. Сол мақсатымызға жетсек деген арманымыз бар, – дейді жігерлі жан.
Перизат жұбайы Мейрамбекпен кәсіптің күрделі түрін бастап, бас-аяғы 5-6 айдың ішінде табыс тауып отырған жайы бар. Қиын болса да тұрғындарға қажетті дүниені ұсынып отырған тереңөзектік кәсіпкердің қолға алған ісін көпке үлгі етуді жөн көрдік.
Бибісара ЖАНӘЛІ